Қоғам

Жас сәулетшілер Өскеменді көркейтуге атсалысады

Жас сәулетшілер Өскеменді көркейтуге атсалысады


Өскеменде жас сәулетшілер арасында өткен байқау өз мәресіне жетті. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған бәсекеге Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттері қатысып, 50-ден астам жоба ұсынды.

Байқау жастарды ынталандырып, олардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Мұны марапаттау рәсіміне қатысқан қала әкімі Жақсылық Омар мәлім етті.

– Байқау барысында Өскеменді көркейтуге атсалысқысы келетін жас өрендердің көп екенін көріп, көңіліміз марқайып қалды. Негізі біз әрдайым елімізді өркендету жолында еңбек етемін деген талапты жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз, – деді шаһар басшысы.

Байқаудың қорытындысы бойынша үздік жоба авторларына қаржылай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың жалпы жүлде қоры бес миллион теңгені құрайды.

– Студенттердің жұмысына жетекшілік еткен ұстаздардың да еңбегі бағаланып, сый-құрметке бөленді, – дейді ұйымдастырушылар.

Қазылар алқасының шешімімен «Шағын сәулеттік формадағы үздік шешім» аталымы бойынша бірінші орынды Татьяна Кушнарева жеңіп алды. Екінші орынды Анастасия Ермакова иеленсе, үшінші орынға Аида Утепова табан тіреді. Ал Еркежан Мукеева, Екатерина Голованова, Анастасия Ермакова сынды жас сәулетшілер «Тұрғын үй және қоғамдық мақсаттағы ғимараттың ең үздік шешімі» аталымы бойынша марапатталды. Сондай-ақ қала әкімінің арнайы сыйлығына Аида Утепова лайық деп танылғанын атап өткен орынды. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

– Біз байқауға қатысу үшін тыңғылықты дайындалдық. Нәтижесінде жүлделі орындардың бірін еншілеп қайттық. Қуанышымызда шек жоқ. Біздің еңбегімізді бағалап, осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді Анастасия Ермакова.

Марапаттау рәсімінің соңында Жақсылық Омар бұл байқаудың жыл сайын ұйымдастырылып тұратынын мәлім етті. Мұндағы басты мақсат – талапты жастарға қолдау көрсетіп, олардың өз мамандықтарына деген қызығушылығын арттыру.

– Ағымдағы жыл соңына дейін байқауға қатысқан жастар тарапынан ұсынылған екі жобаны жүзеге асыратын боламыз. Ал қалған жобалар қалалық сәулет және құрылыс бөліміне тапсырылады, – дейді қала әкімі.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button