Жас шектеуі өзгерді
Адамның жас ерекшеліктеріне қарай жіктелуі – табиғат заңдылығы. Өйткені адамның физикалық мүмкіндігі мен әлеуеті шектеулі. Бұл – біздің өмір сүру салтымызда баяғыдан бар үрдіс. Бүлдіршіннен басталып, отау иесі – он үш, бозбала, орда бұзар – отыз, қамал алар – қырық, ердің жасы – елу деген сияқты жалғаса береді.
Біздің тілге тиек етпегіміз жастардың жас шектеуіне қатысты болып отыр. Жаңа Қазақстанның жастарға мүмкіндік беру жағын қолға алыпты. Осыған дейін жастардың мүмкіндігін 29 жаспен шектеген еді. Ендігі жерде жастарға мүмкіндік беріп, оны 35 жасқа дейін созып отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жәмилә Нұрманбетова айтты. Нақтырақ айтқанда, бұл норма «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған. Палата депутаттары осы құжатты екінші оқылымда мақұлдады.
– Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді. Бұл жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй тапсыру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер енгізді, – деді Жәмилә Нұрманбетова.
Заң жобасы мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге, қоғамдық қатынастарды кешенді реттеудің тиімді құқықтық негізін қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жастардың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Бұл заңның жастар үшін тиімді тұсы көп көрінеді. Жас шектеуіне байланысты осыған дейін әлеуметтік бағдарламалардан, үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерден тыс қалып келген 35 жасқа дейінгі азаматтар мен азаматшалар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік болып отыр. Жаңа Қазақстанның жастарға көңіл бөлуі елдің болашағын айқындай түскенінің белгісі деп білген жөн. Өйткені елдің ертеңі – жастардың қолында.
Алтай Ғали-Асқар