Қоғам

Жас шаңғышылардың жағдайы қалай?

Жас шаңғышылардың жағдайы қалай?


Облыста қысқы спорт түрлеріне бөлінген қаржы өз нәтижесін берер емес. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Ескі Согра ауданында орналасқан шаңғы базасындағы жұмыстармен танысу барысында осындай пікір айтты.

Облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар спорт мектебінің базасындағы кешенге қажетті инфрақұрылым орнатып, спорттық жарақтар сатып алу үшін бюджеттен 42 млн. теңге бөлінген болатын. Өңір басшысы сол қаржының қалай игерілгенін өз көзімен көру үшін аталмыш базаға арнайы бас сұқты. Бұл ақшаға мектеп оқушыларын «Нұртау» шаңғы базасындағы жаттығу жұмыстарына таситын автобус пен спорттық жарақтар сатып алынуы қажет еді. Сондай-ақ, фристайл және тау шаңғысы жолдары төселіп, қар тұтқыш шарбақтар мен шаңғышыларды өрге тіркеп таситын бугельдер орнатылуы тиіс болған. Аймақ басшысының ескертусіз жетіп келгеніне абдырап қалды ма, мектеп директоры Дүйсенғазы Айтбаев қаржының қалай игерілгені жөніндегі сауалдарға жауап бере алмай састы. Ал жас спортшылар киім ауыстырып, жарақтарын сақтауға арналған ғимараттың іші мұздай. Әр бөлменің құлпын ашқызып тұрып аралаған облыс басшысына директор қанша жарақ сатып алынғаны туралы толық ақпарат та бере алмай, бас бапкерге сілтеумен болды. Басқасын қойғанда, ғимаратқа шаңғысыз адамның жаяулап жетуінің өзі мұң. Іргеге таудай боп үрленген қарды аршуға да мұрсат болмағандай. Соған қарамастан жексенбілік демалысты пайдаланып, шаңғыларын арқалай жеткен оқушылар тек фристайл жолымен жүйткіп жүр. Өйткені, тау шаңғысының жолы әлі төселіп бітпеген.

Облыс басшысы кемшіліктің барлығы мекеме басшыларының спортқа деген немқұрайлы көзқарасынан туындайтынын қадап айтты.

– Сұраған 42 млн. теңгені бөлгіздік. Тіпті, «Нұртау» базасының басшылығынан солардың базасында ақысыз жаттығулар ұйымдастыруға рұқсат алып бердік. Бұл істі де аяқсыз қалдырғансыздар. Сатып алынуы тиіс жарақтың саны мен сапасы қаншалықты екені жөнінде нақты ақпарат жоқ. Киім ауыстыратын бөлмелер өте тар әрі суық. Есесіне бапкерлердің әрқайсысы өзіне құжыра бөліп алған. Мектеп директоры қарамағындағы құралдардың кімнің балансында екенін де білмейді. Қойған сауалдың бәрін бас бапкерге сілтейді. Ендеше, сол бапкерге орынтағын босатып берсін, – деген аймақ басшысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановқа кемшілікті жоюды тапсырды.

– Спортқа бюджеттен қаржы толассыз бөлініп жатыр. Соның ішінде жас буынды қысқы спорт түрлеріне баулуға бөлінген қаржыдан нәтиже шығар емес. Мысалы, балалар хоккейін дамыту үшін қыруар қаржы бөлдік. Біздің жергілікті «Торпедоның» ізбасарларына бөлінген қаржы мәскеулік «ЦСКА» командасының балалар командасына бөлінетін қаржымен қарайлас. Ал сонша қаржыны шығындап жеткен жетістігіміз – ел біріншілігінің соңғы орны. Ресейге барып, қаржы шығындағаннан іс алға баспайтынын көрдік. Бұдан былай өз ішіміздегі жарыстардың санын көбейту керек. Себебі, спортшы шынайы жарыста ғана шыңдалады. Басқарманың жаңа басшысына осы мәселе бойынша да үлкен міндеттер жүктеліп отыр, – деді облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ.

Есім Ботақара

Осы айдарда

Back to top button