Қоғам

Жас сардарлар сапқа тұрды

Жас сардарлар сапқа тұрды


Өңірімізде болашақта әскери адам болғысы келетін балғындар жетерлік. Осыдан екі жыл бұрын облысымыздың аудандарының барлығында «Шығыс ұландары» сыныптары ашылған болатын. Бүгінде осынау сыныптарда 900-дей бала оқып жүр. Таяуда осы «Шығыс ұландарының» 5-6-сыныптарының 150 оқушысы мен дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Өскеменде өткен облыстық «Сардар» кешенді олимпиадасына қатысты.

Иә, енді ғана жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін сіңіріп, патриоттыққа тәрбиелеу өте қажет екені сөзсіз. Өйткені, бүгінгі жас буын – ертеңгі жарқын болашағымыз. Мемлекеттің тірегі де солар. Ендеше әскери қызметке қызығушылық танытатын дарынды оқушыларды анықтау, қолдау және дамыту өте маңызды. Өскеменде өткізілген кешенді олимпиаданың алға қойған негізгі мақсаты да осы. Олимпиада теориялық және тәжірибелік турлардан тұрды. Қатысушылар алдымен математика, физика, Қазақстан тарихы, қазақ және орыс тілдері мен алғашқы әскери дайындықтан тест тапсырса, тәжірибелік турда олар О. Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында алғашқы әскери дайындық пен денешынықтырудан шеберліктерін көрсетті. Олимпиадаға қатысушылардың білімі мен білігін құрамына күштік құрылымдар мен әскери бөлімшелердің өкілдері енген қазылар алқасы бағалады.

Балалардың физикалық, психологиялық дайындықтары өте жоғары екен. «Шығыс ұландары» сыныптарында болашақ сардарлармен жұмыс істейтіндігі көзге көрініп тұр. Өте риза болдым. Шынында да, бізді алмастыратын ұрпақ өсіп келе жатқанына көзім анық жетті, – дейді полиция подполковнигі Мейрамгүл Ким.

Екі күнге созылған олимпиаданың нәтижесінде 11 қатысушы І дәрежелі дипломмен, 14 оқушы – ІІ дәрежелі, 26 оқушы – ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Олимпиада аясында жас ұландарға арнайы мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Олар «Юбилейный» кинотеатрында «Алтыншы бекет» патриоттық фильмін тамашалап, психологиялық тренингке қатысты. Сондай-ақ Өскемендегі Ұлттық гвардияның 5518 әскери бөліміне саяхат жасады.

– Мен үшін олимпиада өте пайдалы болды. Әсіресе автоматты бөлшектеп, жинаған және сапта жүрген өте ұнады. Болашақта әскери адам болғым келеді, – дейді катонқарағайлық Мадияр Нұрмағамбетов.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button