Жас сарбаздар ант қабылдады

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 27943 әскери бөлімінің саптық алаңында 199 жас сарбаздың салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеп, әр бағыттағы жауынгерлік, саптық дайындықтардан өткізу әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Асыл Ерғалиевке жүктелді. Әскери бөлім әкімшілігінің офицерлер мен сержанттар құрамы сарбаздарды тәрбиелеп, әскери қызметтің қыр-сырларын үйретуде өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқара білді.
Әскери ант қабылдау – әрбір жауынгердің есінде мәңгі қалар қуанышты сәт екені белгілі. Әскери ант қабылдау рәсімі бөлімнің саптық алаңында жас сарбаздардың салтанатты сапқа тұрғызылып, мемлекеттік Әнұранның орындалуымен, құрметті қонақтар мен әр өңірден жиналған ата-аналардың қатысуымен өтті. Қару алып, Отан қорғар сарбаздар Қазақстан Республикасының халқы мен оның заңды түрде сайланған Президентіне, қолдарына қару алып, әскери бөлімнің жауынгерлік туы астында салтанатты түрде әскери ант берді.
Салтанатты шарада «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ облыстық филиалының төрағасы, Қарулы Күштердің Құрметті ардагері Төкен Біләлов пен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының жауынгерлік даярлық бойынша орынбасары, полковник Арман Сариев және ата-аналар атынан жас сарбаз Қанат Жасақбаевтың апасы Роза Қапанова құттықтау сөз сөйледі.
– Біздерді қысқа мерзімде осы әскери өмірге бейімдеуде қызмет еткен офицерлер мен сержанттарға алғыс білдіреміз, сонымен қатар, «Біз жас сарбаздар елімізді қорғауға, жерімізді сақтауға және үлгілі азамат, нағыз жауынгер болуға салтанатты түрде ант етеміз! – деді сарбаздар атынан сөз сөйлеген, Атырау қаласынан шақырылған қатардағы Атабек Чимбулатов.
– Бүгін – Сіздердің өмірлеріңіздегі тарихи күн. Әскери ант қабылдай отырып, Сіздер Тәуелсіз Қазақстанымыздың Отан қорғаушылары болдыңыздар. Халық құрметін, махаббатын, осы сенімді ақтау әрбір әскери қызметшінің құрметті де қасиетті борышы. Көпұлтты Қазақстанның жүз мыңдаған ұл-қыздары Ұлы Отан соғысы жылдарында біздерге үлгі болар қайталанбас, мәңгі өшпес ерліктер көрсетті. Қазіргі таңда біз сол батырларымыз Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және тағы да басқалардың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Олар да осылай Отанға адал болуға ант қабылдап, өз әскери жауынгерлік міндеттерін табандылықпен орындады. Осы ата-бабаларымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктері Сіздер мен біздер үшін нағыз үлгі болмақ, құрметті жауынгерлер, – деді 27943 әскери бөлім командирі, Өскемен гарнизонының бастығы, подполковник Мұрат Арапбаев.
Іс-шарада 27943 әскери бөлімі жас сарбаздар жиынының жеке құрамы қысқа мерзімде өздері меңгерген қоян-қолтық ұрыс жаттығуларынан қарусыз және қарумен, сонымен қатар, бөлімнің штаб батальоны барлау ротасы жеке құрамының жауынгерлік әрекет, оқу-тактикалық жаттығуларынан көріністерді жиналғандар назарына ұсынды.
Нұржан Малғаждаров,
27943 әскери бөлімнің идеологиялық жұмыстар жөніндегі аға офицері