Жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіреді

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске қосылды. Соған орай біз «Шет тілінен аударылған оқулықтар білім сапасын көтере ме? Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?» деген сауалдардың жауабын білу үшін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ, орыс филологиясы және журналистика факультетінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаевамен сұхбаттасып қайттық.
– Айжан Маратқызы бұл жобаның маңызы ткралы айтып беріңізші.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру ұғымының өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін» атап өтті. Бүгінде халқымызды өркениеттің өріне бастайтын өзіндік бағытты айқындап берген бағдарламалық мақалада көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылуда. Солардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін бермек. Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасына орай «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, жауапты жобаны іске асыруға бел шешіп кірісіп кетті. Олар күні бүгінге дейін еліміздегі ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, алғашқы 18 кітапты аударып үлгерді. Біз бұл жаңа оқулықтардың көмегімен гуманитарлық білімнің мазмұны мен сапасын жаңа деңгейге шығарамыз.
– Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
– Ең алдымен, мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекеге қабілеттілік сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Жалпы, біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болды. Сол себептен, әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сондықтан уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.
– Қоғамда «Шет тілінен аударылатын оқулықтар қазақ ұғымына сай болуы» деген пікірлер жиі айтылып жүр. Бұған не дейсіз?
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес оқулықтардың атауы да, ішкі мазмұны да қазақшаланатын болады. Бірақ кейбір кітаптар мен авторлық еңбектерді біздің тілімізге аударғанда, біраз тер төгуге тура келеді. Өйткені әрбір оқулықтың атауы қазақы ұғымға сай болуы керек. Осы орайда, әлем халықтарының интеграциясы күшейген қазіргі уақытта дүние жүзіндегі беделді оқу орындарының руханият саласындағы таңдаулы еңбектері мен кітаптарын қазақша сөйлету – игілікті қадам екенін айта кеткен орынды.
– Аталмыш жоба аясында қолданысқа енгізілетін оқулықтардың қайсысын С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенттері оқитын болады?
– Әрбір студент тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша толыққанды білім алуы тиіс. Өйткені бізге техника саласының мамандарын ғана емес, гуманитарлық ғылыммен айналысатын тұлғаларды да даярлау қажет. Жалпы, біздің кафедрада білім алып жатқан келешек филологтар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қолданысқа енгізілетін «Тіл біліміне кіріспе» деп аталатын оқулықты оқымақ. Онда тілдік өзгеріс, тілді меңгеру, жазба тілдің негіздері туралы кеңінен жазылған. Бұдан бөлек Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» кітабын оқып, түрлі ұлт және мәдениет өкілдерінің өзара тіл табысуы жөнінде егжей-тегжейлі баяндалған еңбегімен танысады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Ажар Сағатбекова