Білім

Жас өнертапқыштар Өскеменге жиналды

Жас өнертапқыштар Өскеменге жиналды


Өскеменде «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» атты республикалық инновациялық жобалар байқауы өтті. Оған қатысушылар әскери және ғарыштық техникаларды жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласын дамытуға байланысты тың идеяларды ұсынды.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 160-тан астам жас өнертапқыш қатысып, арнайы жобаларын қорғады.

– Мұндай байқау өткен жылы Қарағанды қаласында өтті. Оған қатысушылар әртүрлі аталым бойынша сынға түсті. Былтырғы байқаудың қорытындысына сәйкес шығысқазақстандық балалар үздік нәтиже көрсетті. Соған орай біз биыл байқауды Өскеменде ұйымдастырдық. Басты мақсат – балалардың шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, – дейді Білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Сондай-ақ бұл күні Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған еліміздің өзге өңірлерінен келген білім саласының мамандары қатысып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылады. Бұдан соң ұстаздар қауымы ресейлік әріптестерімен бірге балаларға кәсіптік бағыт-бағдар беру, қосымша білім беру саласын жетілдіру, педагогтердің мәртебесі мен кәсіби шеберліктерін арттыру сияқты басқа да мәселелерді ортаға салып, өзара пікір алмасты.

Басқосу барысында Ресейдегі техникалық шығармашылықты дамыту орталығы директорының орынбасары Сергей Волченко баяндама жасап, инженер мамандарды даярлауда қандай пәндердің оқытылуына баса назар аудару керектігін атап өтті.

– Қазақстандық әріптестерімізбен жиі бас қосып, білім саласындағы мәселелерді талқылап тұрамыз. Бұл өз кезегінде, екі ел арасындағы мәдени, тарихи байланыстарды дамытуға септігін тигізеді, – дейді Сергей Волченко.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжакова өңірдегі білім беру саласының жетістіктеріне тоқталды.

– «Менің мектебім» акциясы аясында аймақтағы 277 білім ошағы Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарты бойынша қайта жабдықталды. Онда оқушылар веб-дизайн, роботтехникасы, мехатроника, бағдарламалау негіздері және 3D модельдеу бойынша тереңдетілген білім алуда. Бұл өз кезегінде, балалардың креативті ойлау қабілетін жетілдіреді. Компьютерлік техниканы меңгерген жастар келешекте үлкен сұранысқа ие болады. Болашақта бүкіл әлем осы салаға бет бұрады. Сол себепі біз де көштен қалмаудың қамына кірістік, – деді Айгүл Байжакова.

Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өңірде «Білікті маман» жобасы қолға алынғанын атап өтті.

– «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, мектеп бітіруші түлектердің басқа елге кетуін азайтуға айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта биыл облыстық бюджеттен арнайы гранттар бөлінді. Нәтижесінде шетелге, оның ішінде Ресейге кететін түлектер саны азайды. Бұдан бөлек, аймақтағы мектеп бітіруші түлектердің 40 пайызы өңірдегі колледждерде білім алып жатқанын айта кеткен орынды. Бұл біздің мемлекеттің жастарға қолайлы жағдай жасап отырғанының бір белгісі деп атауға болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Жиын соңында Раиса Шер облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіповаға қосымша білім беру саласының 100 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған төсбелгіні табыстады. Бұдан соң 11 адам Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, 18 адам дәл осындай Алғыс хатпен, 34 адам республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен марапатталды.

Айта кетейік, бұл күні үйлестіру кеңесінің отырысына қатысушылар Өскемендегі бірнеше мектепті аралап, балалардың ғылыми жұмыстарына оң бағаларын берді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button