Қоғам

Жас мамандар баспаналы болды

Жас мамандар баспаналы болды
Көктемнің алғашқы шуақты күні облыс орталығында 31 жас отбасы баспаналы болды. Жас мамандарға 19 шағын ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жалдамалы баспаналардың кілті тапсырылды.
Көптен күткен пәтер кілтін алғандардың бірі Ерсін Ақпанов – соттар әкімшілігінің маманы. «Мен жас мамандарға осындай қамқорлық жасалып жатқаны үшін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», деді қуаныш иесі. Ал облыстық ана мен бала орталығының педиатр дәрігері Анастасия Волкованың жанұясы кішкентай сәбиімен бірнеше жыл пәтерден-пәтерге көшіп жүріпті.
Өткен жылы облыс орталығында жалпы аумағы 182 шаршы метр 16 тұрғын үй пайдалануға берілсе, олардың бесеуі жас отбасылар үшін салынған.
– Екі жатақхана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде тұрғызылды. Бүгін жас мамандарға солардың біріндегі пәтерлердің кілті табыс етілді, – деген қала әкімінің орынбасары Арман Исқақов қоныстанушыларды құттықтап, жас отбасылардың шаңырақтарына шаттық тіледі.
«СтройЭлитРиэлти» ЖШС тұрғын үйді екі жылда салып бітіріпті. Компанияның жетекшісі Азамат Нұрсолтанов та өз кезегінде жас отбасыларын баспаналарымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
-Біз үшін ең бастысы – жастарымыздың жарқын жүзі. Қазақ айтады ғой, «қос қанаттарыңыз тең болсын» деп. Халықтың тұрмысы жақсара берсін, іргеміз берік болып, жас отау иелерінің қуаныштары ұзағынан болсын, – деді бас мердігер.
Тұрғын үй жатақхана деп аталғанымен, кәдімгі көпқабатты үйлерден еш айырмашылығы жоқ. Бір және екі бөлмелі пәтерлер жас мамандарға бес жылға жалға беріледі, жекешелендіруге жатпайды. Жалдау ақысы да қымбат емес, айына 3-3,5 мың теңгеден аспайды екен. Осы уақыт ішінде оларға жекеменшік баспаналарына қаражат жинап алуға мүмкіндік туады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button