Қоғам

Жас кезінде аю соққан

Облыс іргесіндегі Қасым Қайсенов кентінде «аю соғып алған апа бар» дегенді естігеннен, бір ай дегенде сол іздеген әжемізбен жолығудың сәті түсті. 83 жасқа келген әжеміз Мәруа Уалханқызы мықты кісі болып шықты. Он екі құрсақ көтерген, Батырана, «Алтын алқа» иегері, ақсақалы Масұғұт Құсмановпен отыз жылдан астам қой бағып, кезінде жүз бастан 110, кейде 125 қозы алған озат қойшы, еңбек ардагері екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» демекші, сексеннің сеңгіріне шықса да, өңін әлі бере қоймаған әжеміздің жады мен зердесі де адам қызығарлық.

Құрсағынан шыққан он екі баланың тағы біреуінің қырқын кеше ғана өткізіп келген апамызға алдымен көңіл айттық. Қара жамылып отырса да, әңгімесін әріден, бала күнінен бастап, тарқатып айтып берді. Қарияның рухының мықтылығына басымызды идік. Енді сөз кезегін әжемізге берейік.

–Балалар күледі, «бәрі әлгі бір аюдың кесірі» деп. Ол жас күнімде болған оқиға ғой, – деп бастап кетті естелігін Мәруа әже. – Әкеміз майданнан оралмады. Анам үш қызбен жан сақтап қала берді. Соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс. Шешем соқамен жер жыртты, колхоздың шөбін күзетті. Мен де анама көмектесіп, мана шеккен атқа міндім, масақ тердім, қасынан бір елі қалмайтынмын. Мына Тарғын ауылында (Ұлан ауданы) туып-өскем, төрт сыныпты бітіріп, хат танитын деңгейге жеттім. Кейін бір әпкем Васильевкаға тұрмысқа шығып, біз сол жаққа көшіп бардық. Мал ұстадық, үйде еркек кіндікті жоқ.Жеті-сегіз жасымнан аттың құлағында ойнайтынмын, еркекшора болып өстім. Бұл жерде де анам шөп шапты, соның күзетшісі болды. Он алтыға келген кезім. Содан бірде қасымда Майдаяқ деген итім бар, шөп таситындар шөпті ұрлап кетпесін деп санап жүрем. Күз кезі болатын. Шытырман қарағайдың ішінен біреудің  шыңғырған дауысы жетті құлағыма. Зәрем ұшты. Тәтеме айтып келдім. Ол кісі бізден төмен екі-үш шақырым жерде отырған Қасен ақсақалдан сұраған екен, «е-е, еліктің баласы шығар» депті. Ертеңінде сол жерден өтіп бара жатқанда тағы әлгі дауыс шықты. Итім кетті шапқылап. Еліктің баласы деген соң мен де кеттім, ұстайын деп. Келсем, екі қолын көтеріп, ойбайлап аю отыр, шыңғырып. Шошып кеттім, оқып жүргенде кітаптан көргенім бар, енді қайттым деп састым. Итім абалап тұрғаны болмаса, жақындамайды. Мен көзімнің қиығымен жан-жағымды шалып, қолыма ілінер бірдеңе іздедім. Көзім жерде жатқан жуан қарағайға түсті. Итпен арбасып тұрған кезін пайдаланып, қарағайды ала салып, аюдың қақбасынан пердім де жібердім, сол-ақ екен, ит те бас салды. Ит бас салғаннан кейін мен де қорғанып қалмай, апыр-топыр айқас басталып кетті. Сөйтіп, арпалысып жүргенде тәтеме «аю, аю» деп айқай салдым. Екі қолын арқасына салып, саспай жетті тәтем. «Майдаяқ екеуің алысып жатырсыңдар ма?» деп қояды. «Қайдағы алысқан, міне, аю, аю, енді қайттік?» деп жанұшыра айқайлаймын. Соданөлтірдік… Өле қойған жоқ енді, бірақ шала-жансар. Еркек жоқ, ылдиға қарай тәтем екеуіміз сүйреп, үйге әкелдік. Ер-азамат жоқ болса, жануарды айыр ағашты мініп, бауыздайды екен. Шешем «бісмілләсін»айтып, өзі  бауыздады, етін бірдеңе қылып бұздық. Ертеңінде қан-жынын төккен күресінде кісі қаптап кетті, маңайдағы ауылдардан жиналды. Біреуі миы керек, емдік қасиеті бар дейді, екіншісі шыбығы керек деп (аю еркек болатын) күресінді кезіп жүрді. Жұрт «бесікке ілсе, көз тимейді» деген соң, өзіміз башпайлары мен өтін алып, терезенің алдына кептіріп қойған едік. Апақ-сапақта оларды да біреу ұрлап кетіпті. Терісін бір кісіге өткіздік. Содан ел «аю алған қыз» деп дүркіреп, шуылдасты.

«Масок қатын, соқ, соқ!»

Осылай өжеттігімен есімі елге танымал болған әрі сұлу да сымбатты Мәруа қызға көңілі кеткен жігіттер де көп болыпты. Алайда ішінде сөз салуға жүрегі дауалайтындары некен-саяқ. Сол кезде колхозда бригадир болып істейтін Масұғұт та бір тойда көріп, ғашық болып қалады.

–Бірақ анам жігітке ыңғай танытпады. Біреудің жалғыз баласы екен, мені өзімен алып кетеді деп қорыққан болу керек.Ол кезде қызда ерік бар ма?!Іштей қалап тұрсам да, үнсіз қала бердім. Масұғұт та болмай жүріп, жеті-сегіз рет келіп, сөз салды. Ақыры, шешем рұқсатын беріп, ел «аю алған қалыңдықты қашан көреміз?» деп шуласты. Сөйтіп, он жеті жасымда тұрмысқа шықтым. 1955 жылы тұңғышым Серік келді дүниеге. Он жыл болды қайтыс болғанына…Жуықта Еркінімнен айырылып қалдық. Үһ, дүние-ай! (апамыз ауыр күрсінді). Он екі құрсақ көтердім, ақсақалым өзі жалғыз болғандықтан, көпбалалы болғысы келді, – деп жалғастырды әңгімесін әжеміз.

Қарияның айтысына қарағанда, колхоздан совхозға келген кезде Масұғұт бригадирліктен шығып, қой бағуға кіреді. Ол кезде үш баланың анасы атанған Мәруа жолдасынан бір күн де қалмай, бірге қой бағады. «Никитинка» совхозына қарасты Майтүбек фермасында отыз жылдан астам уақыт малдың соңында жүреді. Ақсақалы екеуі жүз бас қойдан 110, кейде 125 төл алып, озат қойшы атанады. Масұғұт Құсманов «Қызыл Ту» орденімен, «Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» медалімен марапатталады.

–Ақсақалым жуас адам еді, өзімнің өжеттігіммен  жүрдім. Шалым жұмысты жақсы істеді, партия мүшесі, үнемі сый-сияпат көрсетіліп, сыйлық алып жүрді. Мейрамбек атты ұлым қазір мына Алғабаста тұрады, сол балам қырқынан шыға жайлауға түстік. Қойшылық тұрмыстың барлық ауыртпашылығын бірге көрдік. Екі жылда бір құрсақ көтердім. Барлығын сол фермада, апалардың ортасында босанатынмын. Тек жетінші баламда ғана толғағым қатты болып, ауруханаға түстім. Ақсақалым «әйтеуір, бір босанар» деген болар, қойын купкаға алаңсыз айдап кете барыпты. Мен қатты қиналдым. Алда-жалда бірдеңе болып кетсем, көре алмай қалам-ау деп тұңғышым Серікті шақырттым. Ол Никитинкада оқиды, он жаста. Ұлым жол-жөнекей көлік ұстап, «нәнәм ауырып қалыпты» деп жылаған екен. Содан жүргізуші үйге келіп, мені ауруханаға апарып салды. Алғаш рет аурухананың табалдырығын сонда аттадым, – деп есіне алады Мәруа әже.

Әжеміз Алтын деген қызына жүкті болып жүргенде қыз қууға қатысып, бірінші орынды жүлделепті. Ойын шарты бойынша жарты жолға дейін қыз жігітті қамшының астына алып барады, сосын көмбеге бірінші кім жетсе, сол– жеңімпаз. Ішінде үш айлық бөпесі бар Мәруа атқа секіріп мініп, доданың қызығына түсіп кетеді. Айнала жиналған жұрт шуылдасып, жанкүйер болып тұр. Ішінде қарасы да, басшысы да бар. Сонда ғой совхоздың директоры Козловтың «Масок қатын, соқ, соқ!» деп жанұшыра айғайлап жүргені.Масұғұтты директор Масок дейді екен.

Мәуелі бәйтерек

Ақсақалы 58 жасында жаман аурудан қайтыс болғанда, Мәруа апамыз 52 жаста екен. Қолында енесі мен өз шешесі, бала-шаға қалады. Бұрынғыдай ірі қара мал, жылқы ұстайды. Бір күн де үкіметке алақан жаймай, бар баласын жеткізеді. Он саусағынан өнер тамған ісмер. Суырдың терісін илеп, содан ұлдарына, ақсақалына күртеше, бас киім тігіп беріпті кезінде. Күртешенің өңірін құндыздың елтірісімен әдіптеп, сыртын ескі пальтоның драп материалымен қаптап, кәдімгідей іс қылып алады. Тоқыған тоқымалары қандай! Жемпір, шәлі, қолғап пен шұлықтардың түр-түрі. Әлі күнге немере-шөберелерінің жылы тоқымалары өз мойнында. Саусақтарының көбесі сөгілгенше қолынан инесі мен бізі түспейді. Әжеміздің өлең шығаратын өнері де бар. Жазғандарын ешқандай көзілдіріксіз оқып берді. Апамыздың қолынан шыққан дүниелерін немерелері мектепке апарса, оларды сол жердегі көрмеге алып қалыпты.

–Апа, келіндеріңіз қандай?

–Келіндерім тамаша! Бірінен-бірі өтеді. Осы уақытқа дейін біреуімен бет жыртысып көргенім жоқ. Өзім олармен қалжыңдасып, күлдіріп отырамын. Мені күтудей-ақ күтеді. Былпылдатып, моншаға да түсіреді. Ана жолы бір келінім: «Апа, сізді қалай жуындырайын? Басқа келіндеріңіз қалай істейді?» –деп сұрады. «Айтпаймын, сені көрейін бүгін»  деп әзілдедім.Обалы қанша, ойымнан шықты, – деп күледі әжеміз.

–Бүгінгі жастарға қандай ақыл айтар едіңіз?

–Махаббатты болыңдар! Ең бастысы – сүйіспеншілік!Немерелерім үйленгенде де бірінші батамды «Махаббатты болыңдар!» деп беремін.Өзім махаббатты болғандықтан, он екі құрсақ көтердім. Немерелерім телефон шалса да, алдымен сол екеуінің ара-қатынасын сұраймын. Егер махаббат майданында бәрі жақсы болса, онда отбасы бақытты болатынына өзімнің көзім жеткесін айтам ғой, қарағым.

–Үлкен екі әженің бір отбасында сыйысуы сирек кездеседі екен ғой. Біздің екі апамыз да бізбен тұрды. Әкемнің анасы Хауа апам қайтыс болғанша тіп-тік жүрді, бойшаң болатын. Қапшықты иығына көтере салатын, көзі көрмесе де, көмірдің ірі кесектерін қолымен сипалап, шелекке жинап қоятын. Шешемізге жаны ашығаны ғой. Ал нағашы әжеміз–Нұрқатия апа ерке болды, аппақ киім киіп алып отыратын. Хауа апамыз ол кісіні өмір бойы «құдағи» деп сыйлап өтті.Піскен сүттің бетіндегі қаймағын алып, суытып, «құдағи жесін» деп нағашы әжемізге береді екен. Сонда бізге де бермейтін, – деп сөзге араласты ұлы Бейбіт.

Мәруа әже мен Масұғұт ақсақалдың балалары –өмірдің әр саласында жемісті қызмет істеп, өсіп-өнген азаматтар. Үлкен ұлдары Берік пен Жомарт ертеректе Алматы жаққа көшіп кетіпті. Анасына тартып, іс тігетін Алтын есімді қызы Өскеменде тұрады. Әбдіғали жұбайымен мектепте істейді. Мейрамбек, Нұрбек, Бейбіт, қызы Жеңісгүл, кенжесі Алтынбек –барлығы да осы Ұлан ауданында тұрып жатыр. Мәуелі бәйтеректей тамырын кең жайған,ынтымағы жарасқан әулетте жиырмадан астам немере, отыздан астам шөбере бар. Алла көп көрмесін. Немере-шөберелері «әжеміздің сарқытын ішеміз» деп таласады екен. Нағыз бақыт деген осы емес пе?!

Кетерімізде бойжеткен кезінде аюды алып ұрған Мәруа әжеміздің қолынан дәм татып, Батыр ананың батасын алдық.

Айнаш Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button