БілімТОП

«Жас IT маманы» жобасы іске қосылды

Ынтымақ ТОЛҚЫН

Өскеменнің іргесіндегі алты мыңнан астам тұрғыны бар Шығыс ауылыда жаңа «IT сынып» ашылды. Технологияның тілін тауып, еліміздегі IT саласының тасын өрге домалатам деген әрбір жас бұл жерде тегін білім алмақ.

Соңғы жылдары елімізде IT мектептер мен сыныптар ашылып, жас буынның озық технологиямен ерте танысып, тілін табуға мүмкіндіктер жасалуда.

Сондай бастамалардың бірі – Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана ұсынған «Жас IT маманы» жобасы. Бір жылға жоспарланған курс оқушыларға бағдарламалау тілі, 3D модельдеу, 3D принтермен жұмыс және робототехника сынды озық салаларды үйретпек. Дәріс алушылар жас ерекшелігіне сәйкес топтарға бөлініп, қазақ және орыс тілдерінде білім алады.

Кітапхана басшысының айтуынша, бұл идея білім саласына қалай қол ұшын созса болады деген ойдан туған. Сонымен қатар IT саласындағы маман тапшылығы ескеріле отырып, жеткіншектерді осы салаға қызықтыруды жөн көрген.

– Қазір цифрлық даму кезеңі. Мектеп оқушылары бос уақыттарын тиімді пайдаланып, білім мен ғылымға ұмтылсын деп сыныпты ашуға күш салдық. Сыныпқа керекті жабдықтармен «Казцинк» ЖШС қамтамасыз етті. Оларға да алғысымыз шексіз, – деді қалалық кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.

Аталмыш жобаны «Казцинк» ЖШС қаржыландырған. Қазір сыныпта робототехникаға арналған құрастырмалы бөлшектер мен 3D принтер және бағдарламалауға арналған компьютерлер қойылған. IT сыныптың ашылған орны да маңызды. 6 мыңнан астам тұрғыны бар шағын ауданда 800-ге жуық оқушы жергілікті мектепте білім алады. Қаладан алшақтығы талапты жастардың қолын байламас үшін ұтымды жоба осында іске асқан.

– Цифрлық технологиялар жұмыс берушілер арасында ғана емес жастардың да қызығушылығын туғызып отыр. Сондықтан біз бұл жобаны қуана қолдадық. Осы уақытқа дейін сыныпта бірнеше сабақ өткен екен. Қысқа мерзімде оқушылардың жеткен жетістігін көріп таңданып отырмын. Бастан аяқ бір робот құрастырып, оған телефон арқылы бағдарлама орнатып үлгеріпті. Бұл – жастардың алғырлығы мен осы салаға деген қызығушылығының айқын дәлелі, – дейді «Казцинктің» әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Жаңадан ашылған IT сыныпта осыған дейін 8 сабақ өткен. Оқытушылар қаладан арнайы келіп сабақ беріп жүр. Тәлімгердің айтуынша, аз уақыт ішінде ауыл жастары белгілі нәтиже көрсетіп үлгерген.

– Робототехникаға қатты қызығамын. Өз қолыммен робот құрау арманым еді. Қазір оған мүмкіндігіміз бар. Сынып ашылғалы 8 сабағына қатысып, 8 рет робот құрастырдым. Алдағы уақытта барлық мүмкіндігімді пайдаланып, жетістікке жетсем деймін, – деді оқушы Айдын Азаматұлы.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2025 жылға қарай 100 мыңдай IT маман дайындалмақ. Ал жеткіншектердің арманын орындауға жол ашқан аталмыш жоба білікті маман дайындауға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Айта кетелік, бұл «Казцинктің» кітапханамен бірлесе атқарған алғашқы жобасы емес. Осыған дейін де компанияның қолдауымен бірнеше өтімді жобалар іске асқан.

 

Осы айдарда

Back to top button