Жас дәрігерлерге көтермеақы төледі

Тұңғыш Президент күні қарсаңында облыстық Ана мен бала орталығының бір топ жас дәрігеріне «Казцинк» ЖШС-нің 150 мың теңге сертификаттары табыс етілді.
Емдеу мекемесінің 21 жас маманы, олардың ішінде неонатолог, рентгенолог, реаниматолог, гинеколог, педиатр, жалпы практика дәрігерлері бар компанияның қаржылай қолдауына ие болды.
–Біз ана мен балаға қамқорлық – бұл бүкіл қоғамның, оның ішінде бизнестің де міндеті деген қағиданы қолдаймыз, – деп атап өтті «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Қаражатымызды медицина қызметкерлерінің Қазақстан мен шетелдің ең үздік клиникаларында білімдерін жетілдіруге жұмсауға тырысамыз, құрал-жабдық сатып алуға қаржылай қолдау танытамыз. Бұл жолы компания жас дәрігерлерді тартуға қатысады. Жас мамандар өздерінің аға буын әріптестерінің білімі мен тәжірибесінен үйренеді деп сенемін, өйткені Ана мен бала орталығы – өңіріміздегі алдыңғы қатарлы, шығысқазақстандықтардың барлығы үшін маңызды медициналық мекемелердің бірі.
Сертификаттарды тапсыру салтанатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың денсаулық сақтау саласының дамуына, ондағы адам капиталы мен қаржыландыруға ерекше көңіл бөліп отырғанына тоқталды. Президенттің халыққа жолдаған соңғы Жолдауында төмен жалақы алатын медицина қызметкерлерінің еңбекақысын 25 пайызға дейін көтеру, осы мақсатқа республикалық бюджеттен бес миллиард теңге қаржы бөлінетіні айтылды. Басқарма басшысы Ана мен бала орталығы жыл аяғына дейін төртінші деңгейлі медициналық көмек көрсететіндей дәрежеде жарақтандырылатынын айтты. Енді шығысқазақстандық ана мен нәрестелерге жоғары технологиялы медициналық көмек алу үшін басқа жаққа барудың қажеті жоқ.
– Аймақта сонымен қатар дәрігерлерді әлеуметтік қолдауға да баса назар аударылады. Облыс әкімі дәрігер мамандардың тапшылығын шешу жөнінде тапсырма берді. Алдағы уақытта жас мамандарға қызметтік баспана беріледі, – деді Марат Шоранов. – Бұл істен бизнес те –“Казцинк” кәсіпорны да тыс қалмақ емес. Компания денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуметтік өмірлеріне белсене араласады. Біз жаңа ғана компанияның бірнеше ұсыныстары туралы ақылдастық, олар табысты жүзеге асады деп сенемін. Серіктес әрі демеушілік танытып жүрген «Казцинк» кәсіпорнының басшылығына қолдау көрсетіп жүргендері үшін алғысымызды білдіреміз.
Айта кетерлігі, компания облыстың медициналық мекемелеріне 21 жылдан бері көмек қолын созып келеді. Қалалардың ауруханалары мен емханалары, аудандық амбулаториялар мен кенттердегі фельдшерлік пункттер терапевтік және операциялық емдеулерге, диагностика мен оңалтуға арналған құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Үстіміздегі жылы компания ана мен бала орталығы үшін керемет офтальмологиялық аппарат алуға демеушілік танытты. Құрал нәрестелердің жанарындағы ақауларды алғашқы стадиясында анықтауға мүмкіндік береді. Осыған дейін мұндай аппарат тек
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болған. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің ғимараттарын жөндеуге де қаржы бөлінген. Мысалы, “Казцинк” ЖШС-нің қаржылай қолдауының арқасында Зырян аудандық ауруханасының шатыры, Риддер қалалық ауруханасының ғимараты жөнделді.
Компания жұмысқа жас мамандарды тартуға да айтарлықтай үлес қосуда. Бұл орайда жас дәрігерлерге көтермеақы беруге көмектеседі. Алғашқылар болып қаржылай қолдауға Серебрянка қалалық ауруханасының мамандары ие болса, осы жолы Ана мен бала орталығының дәрігерлерін қамтамасыз етті.
Көтермеақы алғандардың бірі – Семей мемлекеттік медициналық университеті қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің биылғы түлегі Жанерке Архалық. Жас маман орталықпен үш жылға келісімшартқа отырыпты. Жанеркенің міндеті – дәрігерлердің Damumed бағдарламасымен жұмыс істеуіне көмектесу. Damumed – медициналық ұйымдардың аймақтық корпоративті бұлттарын жасау. Айтысына қарағанда, өңірдегі дәрігерлердің жұмысында қағазсыз технологияны енгізу қолға алынған. Осы тұрғыда әріптестеріне аталмыш бағдарламамен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп, үйретеді.
-Жұмысқа тұрғаныма төрт айдан асты. Мен үшін бүгінгі қаржылай қолдау – үлкен көмек. Әзірге депозитке салып қоятын шығармын. Жалақым 80-90 мың теңгенің үстінде, – дейді Жанерке. Жас маман досымен пәтер жалдап тұрады екен. Бұған дейін облыстық Ана мен бала орталығының бас дәрігері Ермек Омарбеков жас мамандарға пәтер жалдау шығыны төленетінін айтқан болатын.
Салтанатты жиналыс кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Шоранов бір топ дәрігерді денсаулық сақтау саласына қосқан үлестері үшін басқарманың Алғыс хатымен марапаттады.
Айна Ескенқызы