Жас ақындар мемлекеттік тілді жырға қосты
Екі кезеңнен тұрған жазба ақындардың жыр сайысы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» аясында ұйымдастырылды.
– Биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған мүшәйраның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, халық арасынан талапты, талантты жастарды іздеп табу, олардың өлеңдерін насихаттауға, жарыққа шығуына қолдау көрсету. Жыр додасының алғашқы кезеңіне облысымыздың түкпір-түкпірінен 30 жасқа дейінгі отыздан астам үміткер өз өлеңдерін жолдапты. Қазылар алқасы іріктеп алған он ақын бүгін өз өнерлерін ортаға салады. Олардың барлығына сәттілік тілеймін, – деді сайыскерлерді құттықтаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов.
Сайыстың ережесіне сай ақындар бір-бір өлеңнен оқу керек болды. Олардың арасында ұйқастары қиюласпай, өлеңдері талапқа сай келмеген ақындар да болды. Дегенмен, қазылар алқасы мүшелерінің пікіріне сүйенсек, болашақтарынан үлкен үміт күттіретін ақындар да бар екен. Мысалы, өскемендік Тәттімбет Асханұлы.
Кетер емес құлдық сезім санаңнан,
Кең құлашын жайсадағы сан арман. «Кемеңгерлер» пайда болды кесірлі,
Тілге деген махаббаты жоғалған, – деп налыса, ШҚМУ-дың студенті Бағжан Елсінбекқызы «Ана уыздан жаралған ана тілің – Аманат қауырсын қанатыңнан» деп толғанды.
Жеңімпаздарды анықтау кезінде шығарманың мазмұны мен көркемдігі, ой жүйелігі мен тереңдігі, тақырыпты қамтуы, сөз қолданысы, ұйқасы, тіл байлығы, көтерген тақырыптың өзектілігі мен сахна мәдениеті баса ескерілді.
Қазылар алқасының төрағасы Айтмұхамбет Қасымов ойы бұлыңғыр, шашыраңқы өлеңдердің кездескенін де атап өтті. Ақындардың көпшілігіне тән тағы бір кемшілік – мәтіндегі грамматикалық қателер. Кейде бір әріптің өзі өлеңнің мағынасын, айтар ойын мүлде өзгертіп жіберетіні белгілі. Шығармашылық жолдары енді ғана басталған жастар осы жағына сақ болса деген лебізін жеткізді журналист, жазушы ағамыз.
«Талай-талай жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, жыр додасына қатысқан алғашқы отыздың ішінен бірден көзге түсіп, дара шапқан бір ақын болды. Ол – Дәулетберді Жекей. Моңғолияның Баян өлгей өлкесінен келіп, ШҚМУ-ға оқуға түскен қандасымыз оқуына төлейтін қаржысы болмағандықтан еліне қайтуға мәжбүр болыпты. Алайда жарыстың екінші айналымында өзінің өлеңдерін халыққа жеткізуді өтініпті. Оның бұл өтінішін досы Манай Ғылымқал орындады. Ол Дәулетберді Жекейдің өлеңдерін нақышына келтіріп, тіпті, шағын сахналық көрініске бергісіз етіп жеткізді. Қазылар алқасы жырақта жүрген ақынды Алғыс хатпен марапаттады.
– Мүшәйраға Күршім, Тарбағатай, Катонқарағай, Бесқарағай, Үржар, Жарма аудандары, Өскемен мен Семей қалаларының өкілдері қатысты. Бүгінгі шара тым болмағанда бір-екі адамға жағымды әсер етіп, оның тілге деген көзқарасына ой тастаса, мақсатымыздың орындалғаны дер едім. Әрбір туынды үлкен оймен, толғаныспен жазылғанын жақсы түсінеміз. Ой салар, селт еткізер дүниелер бар екен, соған қуандық. Сол жолдардың авторлары келешекте поэзияның мұхитына құятын дарияларға айналатынына біз сенеміз, – деді жеңімпаздарды жариялаған Айтмұхамбет Қасымов.
Қызықты да тартысты өткен мүшәйраның бас жүлдесін «Әр тамшысы қанымның бір-бір әріп!» деп тебіренген, «Тіл құдірет» өлеңінің авторы, ШҚМУ-дың 3-курс студенті Қастербек Сайлауғазыұлы қанжығасына байлады. Бірінші орынға туындыларын жігерлене оқыған семейлік Қуаныш Нұржанов лайық деп танылды. Жүлделі екінші орын семейлік Манарбек Сатыбалдинге бұйырды. Үшінші орынды ШҚМУ-дың тағы бір студенті Бағжан Елсінбекқызы еншіледі. Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Сайысқа қатысқан басқа үміткерлердің барлығы да Алғыс хат және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Кеш соңында ниет білдірген жастар балауса жырларын оқып, ән мен жырдан шашу шашты.
Айна Ескенқызы