Руханият

Жас ақындар Алтайдың ақтаңгеріне жыр арнады

Алтайға арқаланып, өмірін өлеңмен өріп, өзгеше ғұмыр кешкен Ақтан Нұрбаев. «Жауам деп келіп, жауа алмай кеткен бұлттар-ай…» деп жырлапты. Шынымен де, Берелде туған ақынның халқына берері мол болған екен. Жас ақындардың әдеби бәйгесінде осыған көзіміз жетті.

Айта кету ләзім, Ақтан Нұрбаев 1926 жылы 27 мамырда Катонқарағай ауданы, Берел ауылында дүниеге келген. Облыстық, аудандық газеттерге 30-40 жыл бойы үзбей өлең жариялап, жергілікті ақындармен айтыс өткізген. 1960-шы жылдары Ақтан ақынның өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жариялана бастады. Көзі тірісінде өзі кітап шығаруды құнттамаған ақынның балалары кейінірек «Сырымды айтам», «Айтып өткен ақында арман бар ма…» жинақтарын шығарды. Табиғи талант иесінің жырлары – оқырман жүрегінен орын алардай әдемі, әсерлі де шыншыл дүниелер. Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналған жас ақындар мүшәйрасы Жастар жылына орай «Восток Агрохолдинг» ЖШС-нің демеушілігімен ұйымдастырылды.

– Әкеміз өлеңмен өмір сүрген жан еді. Ол кісінің шығармашылығын насихаттауға атсалысып жатқан жас ақындарға алғысым шексіз. Бұл байқауды жыл сайын өткізіп, дәстүрлі әдеби бәйге етуге дайынбыз, – деді Ақтан ақынның кенже ұлы Ержан Нұрбаев.

Байқау шартына сәйкес, 29 жасқа дейінгі жас ақындар қазылар алқасы қарауына бұрын жарияланбаған екі өлеңін ұсынуы қажет болған: біреуі ақын Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналса, екіншісі Шығыс Қазақстанның табиғаты, оның әдемі және қасиетті орындары мен нысандары туралы болуы керек. Байқауға өлеңдерді қабылдау 2019 жылдың 25 қазанында аяқталған болатын.

Сайыс қорытындысы шықты. Жүлдегерлер марапатталды.

Белгілі ақындардан құралған қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға республикалық жыр сайыстарының бірнеше мәрте жүлдегері, танымал жас ақын, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың магистранты, Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің ұстазы Дәулетберді Жекей ие болды.

Бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Оразай Жеңісұлы 2-орын иеленсе, танымал жас ақындар – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Естай Жаңабай және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Қуаныш Еркінұлы 3-орынды иеленді.

Арнаулы сыйлықтар аягөздік жас ақын Жандос Тұрсын мен өскемендік Мұхтар Сержанға берілді.

– Бұл – ең әуелі, өңірде аты шыққан ақынның шығармашылығын елге кеңінен танытудағы алғашқы қадам. Ақтанға арналған әдеби бәйгені неге республикалық деңгейге көтермеске?! Барлығы өз қолымызда. Екіншіден, бүгінгі байқау – жастарға қолдау, жас ақындарға серпіліс беру. Жастар жылы бір жылмен шектелмеуі тиіс, өйткені жастар – болашағымыз. Ендеше, алдағы жыл да, одан кейінгі жылдар да жастардікі, – деді жазушы Әлібек Қаңтарбаев.

Айтөре Ақжігіт

Осы айдарда

Back to top button