Жарысқа жас пен кәрі бірдей қатысты

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Семейде шаңғы роллерінен біріншілік өтті. Спорт мересінің ашылу салтанатына қала әкімі Ермак Сәлімов қатысты.
Елуге тарта спортшы бақ сынаған жарыста өзгелермен бірге шаңғы биатлонынан Әлем чемпионы Галина Вишневская, Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің туын алып шыққан Ердос Ахмадиев те бақ сынады.
Айта кетейік, биыл Ердос ел біріншілігінде екінші орынды жеңіп алған. Енді ол алдағы Әлем кубогы кезеңіне қатыспақ.
– Қазақ хандығының 550 жылдығы ел көлемінде аталып өтуде. Осындай тарихымызды ұлықтау мақсатында өтіп жатқан шаралардан шет қалмауды жөн көрдім, – дейді Ердос Ахмадиев.
Жарыс барысында шаңғышылар Әуезов даңғылымен бес шақырымнан аса қашықтықты жүгіріп өтті. Қатысушылар араларында кәсіби биатлоншылар, ардагерлер мен жас өрендер де болды. Жарыс шаңғы спортының жазғы түрінен ұйымдастырылғандықтан, сайысқа қатысушылар шаңғы роллерімен бақ сынасты. Шаңғымен айналысудың адам денсаулығы үшін пайдалы екенін айтқан қала басшысы:
– Арамызда қарттыққа қадам басса да, салауатты өмір салтын ұстанатын көптеген ақсақалдарды көріп отырмын. Бұл – қуантарлық жағдай. Себебі, спорт ардагерлерінің ортамызда болуы – өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге. Қазіргі заманда денешынықтырумен шұғылдану өте пайдалы әрі экономикалық тұрғыдан тиімді. Спортты серік еткен адамның денсаулығы мықты болатынын жақсы білесіздер. Сондықтан да барлық қала тұрғындарын салауатты өмір салтын белсенді ұстануға шақырамын, – деп түйді.
Раушан Нұғманбекова