Қоғам

Жарқындықтар жарық пен суға зәру

Жарқындықтар  жарық пен суға зәру


Жарқын ауылы Семейдегі әуежайдың маңында орналасса да, әлі күнге дейін әлеуметтік жағдайы жасалмаған. Қаланың шеті болып саналатын бұл ауылдың проблемасы шаш етектен.

– Су құбырын жөндеу керек, ескіріп, тозған. Қаламен қоғамдық көлік арқылы байланыс жоқ. Жолды жөндеу керек,- деді ауыл тұрғыны Р.Алтай. Ал ауыл тұрғындарымен кездесуге келген қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков Жарқынның болашағы жарқын болады деп сендірді.

Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен Семейдің әуежайы жөнделіп жатыр. Ал Жарқын қала мен әуежай арасында болғандықтан, бұл жерде көлік-логистикалық орталық салынады. Сол сияқты 2022-2026 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының екінші кезеңіне Жарқын ауылын жаңарту да кіріп отыр. Жарқын ауылының тұрғындарының айтуынша, оларда ауыз су мәселесі үлкен түйткілге айналған. Ауылда 2006 жылы Орталық су құбыры салынғанмен, ауызсу жетпей тұр. Су соратын мұнараға ескі құбыр орнатып қойған. Су желілері мүлде ескі.

-2020 жылы Жарқын ауылына су тартамыз, жарықпен қамтимыз,- деді қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков, – ал 2019 жылдан бастап осының жобалық-сметалық құжатын дайындаймыз. Жеке тұрғын үй бағдарламасы бойынша 2900 жер телімі беріледі. Бұның ішінде Жарқын ауылы да бар. Ауызсу мәселесіне келсек, бұл проблеманы «Семейводоканал» КМК басшылығына айтып, күрделі мәселені тікелей назарда ұстаймын, алаң болмаңыздар. 2018 жылдың қараша айында Семейдің бас жоспарының жаңа үлгісі Үкімет тарапынан бекітіледі. Жарқын ауылы осы бағдарламада бар.

Николай Ушаковтың айтуынша, Жарқын ауылына қаладан автобустар қатынауы қазір мүмкін емес болып тұр. Себебі, ауыл Семейдің құрамына емес, Приречное округіне қарайды. Десе де сол ауылдық округ арқылы бірнеше айда бұл проблема да шешімін таппақ.

-Жарқында электр желісі орнатылады, көшелеріңіз самаладай жарқырайтын болады, – деді әкім орынбасары, – қаланың ішінде жаңадан жарық диодты электр шамдары орнатылатындықтан, сол 7000 шамның біраз бөлігін Жарқын ауылының көшелеріне орнатуға болады.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button