Қоғам

Жарылыстың салдары: Атомкөл

Жарылыстың салдарыі: Атомкөл

 1965 жылдың 15 қаңтары. Бұл – еліміздің тарихындағы қаралы күндердің бірі. Таңғы сағат 6-да Семей шаһарынан оңтүстік-батысқа қарай жүз шақырым жерде шаруашылық мақсатта деген желеумен жойқын термоядролық жарылыс болды. Кеңес өкіметі «әлемдегі тұңғыш өндірістік жарылыс «Бейбіт атом» бағдарламасы аясында Қазақстанның шөлейт даласында жасанды көл жасау үшін жүргізілді» деп жер-жаһанға мақтана жария етті.  

Қаланы қараңғылық басқан еді

Жарылғаш зат Семей сынақ полигонының «Балапан» алаңына, 200 метр тереңдікке ұңғыма арқылы салынды. Ядролық жарылыстың күші Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан тоғыз есе қуатты болды. Салмағы бір тонналық кесек тастардың өзі сегіз километр жерге дейін ұшқан. Ал бес километрдей көкке көтерілген шаңды бұлт бірнеше күн сейілмей тұрыпты. Күн түсіп тұрған жап-жарық Семей қаласын әп-сәтте көзге түртсе көрінбейтін қараңғылық басып, шаң-тозаң ешнәрсені көрсетпей тастаған. Әрине, тозаң радиациялы сәуле шығаратын нағыз пәленің көзі ғой. Түнде радиация әсерінен аспанның қып-қызыл болып жарқырағанын айтады куәгерлер. Халықаралық экологиялық тазалықты бақылаушы «Гринпис» ұйымы бұл жарылысты адамзатқа қарсы жасалған ең сорақы қылмыс деп бағалады.

Жарылыс орнында, яғни Шаған өзені бойында диаметрі 500 метрлік, тереңдігі 100 метр болатын үлкен қазаншұңқыр пайда болды. Ыстық температураның әсерінен оның түбіндегі гранит еріп, әйнектей жылтырап жатты. Жазғұтырым еріген қардың есебінен және жазда әдетте құрғап кететін Шаған өзенінен тартылған арна арқылы ол жерге 20 миллион текше метр су жиналды. Кейінірек бұл ойық ел арасында Атомкөл деп аталып кетті.

Кейінгі жылдары жария болған құпия құжаттарға сенсек, «Шаған» («1004-ші сынақ») кодтық атауы бар жерасты сынағынан кейін тұрғындарының жалпы саны екі мың адам болатын 11 елді мекеннің аумағы радиоактивті ластануға ұшыраған.

Үш жүз жігіттің отызы ғана тірі қалды

«Бейбіт атом» жобасы еш нәтиже бермеді. Ядролық жарылыстың жойқын күшін игі мақсатта пайдалану, жасанды көлдер жасау, өзендердің сағасын бұру сынды идеялардан түк шықпады. Керісінше, табиғатқа орны толмас зиян тиді.

Кеңестік ғалымдар Қазақстан аумағында мұндай қырыққа жуық шұңқыр жасауды мақсат етті. «Қуаң орталық Азия аймағында осындай су резевуарларын көптеп салу қажет. Үлкен шұңқырларда көктемгі еріген қар суы жинақталады, ал қойманың әйнектелген түбі судың жерге сіңіп кетуіне жол бермейді. Нәтижесінде, оны малды суару үшін пайдалануға болады» деп жазды оқымыстылар.

Шаған өзенінен шұңқырға арна қазу қиын іс болды. Көктем шыға құрылысшылар келгенде бұл жердегі радиация деңгейі өте жоғары еді. Десек те, тез арада өзеннен арна тартып, шұңқырды суға толтыру керек болатын. Бұл жерде жұмыс істеген бульдозерлердің кабинасы қорғасын пластиналармен қапталған еді. Алайда, ол жұмысшыларды көзге көрінбейтін ажалды сәуледен қорғай алмады. Арна құрылысына қатысушылардың басым бөлігі көп ұзамай қаза тауып жатты.

Тірі қалған жұмысшылардың бірі – Владимир Жиров өзестелігінде былай дейді: «Ол кезде мен 23 жаста болатынмын. Қыстың ызғарында комсомолдық тапсырманы орындауға жіберді. Сол маңдағы уақытша буткаларда тұрдық, қырық градус аяз әбден қысатын. Сонда мұрнымнан қан кетіп, тамағым қарлығып, қатты ауырдым. Үш жүз жігіттің отызы ғана тірі қалды».

Дегенмен, партия басшылығына тапсырманың сәтті орындалғаны туралы ақиқаттан алыс баянаттар жолданып жатты. 1966 жылы «Известия» газеті «жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдан жасалған көлде қуана шомылуда» деп жалған хабарлама таратты. Сол кездегі атом саласына жауапты КСРО машина жасау министрі Ефим Славский болса, «адамзат ақыл-ойының ұлы туындысын» жалпақ жұртшылыққа көрсету үшін деректі фильм түсіруді де тапсырған.

Жасанды көлден алып мал суаты шыққан жоқ, оның суы әлі күнге дейін ішуге жарамсыз. Бұл маңайдағы радиацияның деңгейі төмендемей қойды, ол қалыпты жағдайдан бірнеше есе жоғары еді. «Бейбіт атом» деп әспеттелген жобаның пайдасынан гөрі келтірген шығыны басым болды.

Құбыжық балықтар пайда болды

Бірақ, осы сәтсіз жобадан кейін де кеңес ғалымдары тоқтаған жоқ, олар жасанды көлді радиацияның әсерін зерттеу аумағына айналдырды. Көлге бірнеше жыл бойы балықтың 36 түрі, өзге де жәндіктер жіберілді, су өсімдіктері мен балдырлардың тұқымы шашылды. Алайда, олардың 90 пайызы ортаның қолайсыз жағдайларына байланысты қырылды, ал тірі қалғандары мутацияға ұшырап, құбыжық кейіпке енді. Мәселен, сазандардың ұзындығы екі метрден асып, жыртқыш балыққа айналса, қарапайым өзен шаяны да ерекше іріленіп, теңіздерде тіршілік ететін омарларға ұқсап кетті. 1974 жылы тәжірибелі станция ғылыми мақсатқа сай келмеуі себепті таратылды.

Ал, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды, сонымен осы ақылға қонымсыз жобалардың барлығы тоқтатылды. Осы ретте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбек сіңіргеніне бүгінде ешкім шүбә келтірмес.

Елбасы «G-global: ХХІ ғасыр әлемі» кітабында өзінің Атом көлінде болған әсерін былай деп жазады: «Семей ядролық полигонында термоядролық жарылыстың салдарынан пайда болған «атом көлі» жағасында тұрғаным есіме түседі. Қап-қара су айдыны мен төңкеріліп түскен жердің жансыз шомбал кесектері қиял-ғажайып көріністен аумайды. Сол арада мен дүниеміздің қаншалықты осал екенін мейлінше анық сезіндім. ХХ ғасырда бүкіл әлем осындай «төңкерілген» қазаншұңқырға айналуы мүмкін еді… Біздің халқымыз ядролық жанталаса қаруланудың барлық салдарын өз басынан өткерді. Сондықтан біздің дүниені ядролық өзін-өзі жою қаупінен құтқару жолында тынбастан əрекет етуге бүкіл адамзатты шақыратындай моральдық қақымыз бар».

Бүгінгі күні көл жанында орналасқан ауылдар жоқ. Ал, су жағасына үйрек-қаздар мүлдем қонбайды екен. Тіпті кешке ұшып келген мүлдем әлсіреген құстар да түнемейтін көрінеді. Мұнда мезгіл-мезгіл жолшыбай өтіп бара жатқан немесе «жабайы» туристер ғана келеді. Кейбірінің «ерекше» балық аулауға тырысатынын, тіпті ащы судан ішіп алып, көлге шомылатынын қайтерсіз…

Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының ғалымдары атом көлінің қауіпті екенін айтып, дабыл қаққалы қашан. Осыған қарамастан көл жағасына келіп демалатындар бар. Мамандардың айтуынша, су қоймасында уақыт өткізу өте қатерлі. Өйткені адам ағзасына топырақ құрамындағы радионуклидтер еніп, радиациялық сәуле зиян келтіруі мүмкін. «Өкінішке қарай, адамдар түсінбейді немесе бұл жағдайға аса мән бермейді. Көлде радиациялық фонның көрсеткіші әлі де жоғары» дейді олар.

Әзірлеген – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button