Жарық пен жылуды үнемдейтін ықшамаудан жасалады
Облыс орталығында электр қуатын, жылуды үнемдейтін, аулалары түгелдей жарықтандырылған, автоматтандырылған жылу есептеу пункттері қойылған ықшамаудан жасалғалы жатыр.
Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Юрий Халитовтың айтуынша, биыл қаланың Тәуелсіздік көшесі бойындағы 24, 24/1, 26, 26/1, 28 көпқабатты тұрғын үйлер «Энергия үнемдейтін ықшамаудан» етіліп жасалмақ. Терможаңғырту бағдарламасы аясында бұл үйлердің ауласы жарық үнемдейтін шамдармен жарықтандырылып, әдеттегі терможаңғырту жұмыстарымен бірге, кешенді жөндеу – жылылау шаралары жүргізіліп, үйлерге коммуналдық қызмет түрлерін есептеу құралдары, жылуды реттейтін автоматтандырылған жылу пункттері қойылмақ. Бағаналардағы аула шамдарының өзін күн батареяларымен жарықтандыру жоспарланып отыр.
«Энергия үнемдейтін ықшамауданның» аулалары бюджет қаржысы есебінен көріктендіріліп, жаңартылып, түрлендірілмек. Бұл шараға университетті тәмамдайтын болашақ құрылыс – сәулет мамандары қатыстырылып, олар тәжірибе жинай отырып, дипломдық жұмыстарын да қорғап шықпақ көрінеді.
Жанаргүл Мұқатай