Қоғам

Жартылай финалға шыққан жұптар анықталды

Жартылай финалға шыққан жұптар анықталды

Әне-міне дегенше, Өскемендегі құрлық мықтыларының басын қосқан волейбол додасыда ортасынан тұсынан ауып кетті. Өткен демалыс күндері жарыстың топтық кезеңі мәресіне жетсе, кеше ширек финал ойындары өтіп, жартылай финалдық жұптар да анықталып қойды.

Жалпы, биылғы біріншілікте, плей-офф ойындарын айтпағанда, топтық кезеңнің өзінде жанкүйерлер күтпеген бірнеше нәтиже тіркелді. Соның ішінде бірінші кезекте «Алтайдың» Тайланд чемпионы «Суприм» командасынан жеңілісін айтуға болады. Алғашқы ойынында тайбэйлік «Тайвань Пауэр» командасын бес партияда әзер ұтқан өскемендік команда бұдан кейінгі матчты да тай-брейкке дейін жеткізді. Бір өзгешелігі, бірінші кездесуде алтайлықтар 3:2 есебімен жеңіске жетсе, бұл жолы жеңілісін мойындауға мәжбүр болды. Есеп 2:3.

Айта кетейік, алғашқы екі кезеңнен кейін жерлестеріміз 0:2 есебімен ұтылып жатқан-ды. Осыдан соң Ярослав Антонов шәкірттері ес жиғандай болды, Спорт сарайына жиналған жанкүйерлері алдында намысқа тырысып, таразы басын теңестіріп кетті. Дәл осы сәтте енді қыздарымыз есе жібере қоймас деп ойлағанымыз рас. Алайда, қателесіппіз. Соңғы, бесінші кезеңде алтайлықтар қатарынан бірнеше қателікке бой алдырып, қарсыласты есепте ұзатып алды. Бұл басымдығын тайландтықтар ойын соңына дейін сақтап қала алды (партиялардағы есеп 25:21, 25:19, 17:25, 21:25, 15:9).

Иә, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, бұл кеште сәттілік алтайлықтарға серік бола алмады.
Есесіне, келесі ойында қаһарына мінген «Алтай» қарсыласын қамыстай жапырып өтті. Бұл жолғы қарсыласы ирандық «Сармайе Банк» болатын. Парсы елінің орамалды қыздары бастапқыда алаң иелерімен терезесі тең ойын көрсетуге тырысқанымен, ақыр соңында жеңілгендерін мойындады. Өскемендік команда үш кезеңде 25:16, 25:18, 25:19 есебімен басым түсіп, үш ұпайға қол жеткізді. Осылайша, А тобында алты ұпай жинап, ширек финалға екінші орыннан шықты.

Жартылай финалға шыққан жұптар анықталды

Ал бірінші орынға тайландтық «Суприм» ие болды. Бұл команда алдымен алаң иелерін қапы қалдырса, артынша тайбэйлік «Тайвань Пауэрден» де басым түсті. 3:1.

Айта кетейік, Тай елінің чемпионы Өскемендегі біріншілікте әзірге жеңілістің кермек дәмін татпаған екі команданың бірі болып табылады. Натапхон Срисамутнак бапкер жаттықтыратын ұжым ширек финалда да жеңіске қол жеткізді. Тартысқа толы матчта филиппиндік «Филиппин Супер Лиганы» төрт партияда (25:20, 25:12, 18:25, 27:25) ұтқан тайландтық команда енді жартылай финалда қытайлық «Тяньцзинь Бохай Банк» командасына қарсы тұрмақ.
Қытай елінің мықтысы өз кезегінде плей-офтың бірінші кезеңінде тегерандық «Сармайе Банктен» айласын асырды. Есеп -:- (-:-, -:-; -:-). Дені жас ойыншылардан құралған қытайлық команда бұл жарыста тәп-тәуір өнер көрсетуде. В тобында алты ұпайға иелік етіп, ширек финалға екінші орыннан шыққан тянцзиньдіктер команда бапкері Ванг Бао Канның пікірінше, бас жүлде үшін күрес жүргізетін болады.

Ал осы В тобындағы бірінші орынға жапониялық «Хисамицу Сеяку Спрингс» командасы ие болды. Күншығыс елінің қыздары топтық кезеңдегі үш ойынын да жеңіспен аяқтап, қоржындарына тоғыз ұпай салды. Үш кездесуде қарсыластарына бір-ақ партияда есе жіберген Шинго Сакаи шәкірттері жеңісті жолын плей-офф кезеңінде де жалғастырды. Ширек финалда тайбэйлік «Тайвань Пауэр» волейболшыларымен кездескен жапондықтар матчты 3:1 есебімен өз пайдасына аяқтап, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді.

Жартылай финалға шыққан жұптар анықталды
Жартылай финалға шыққан жұптар анықталды

Жалпы, волейбол мамандары биылғы Азия біріншілігінің басты фавориті ретінде осы «Хисамицу» командасын атап отыр. Жапондықтарға қарсылық көрсетсе, өскемендік «Алтай» ғана көрсете алады, дейді олар.

Бір қызығы, аты аталған алыптардың жолы келесі кезеңде-ақ түйісіп қалуы мүмкін. Себебі, жеребе бойынша жартылай финалда «Хисамицу Сеяку Спрингске» «Алтай» мен «Вьетин Банк» арасындағы матчтың жеңімпазы қарсылас атануы керек.

Қазақстан мен Вьетнам чемпиондарының кездесуі кеше кешке, газет беттеліп жатқанда болды. Ол ойындардың нәтижесін газеттің келесі санынан оқисыздар.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button