Қоғам

Жарты тонна қымыз жарым күнде сатылып кетті

Жарты тонна қымыз жарым күнде сатылып кетті

Өскемендегі «Freshmarket» сауда орталығының жанында Катонқарағай ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Аталмыш ауданның 13 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері ауылшаруашылық өнімдерін ұсынған жәрмеңкені облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин аралап көрді.
Бұл күні қой мен сиыр еті – 1000, жылқы еті – 1100, көкөністер – 60, балдың келісі – 900 теңгеден саудаланды. Жәрмеңкеде Новохайрузовка ауылынан әкелінген балық өнімдері лезде сатылып кетті. Базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен сатылған өнімдерді жұртшылық кезекке тұрып таласып алды.
Катонқарағай аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереевтің айтуынша, жәрмеңкеге 4,8 тонна ет, 500 литр қымыз, 1,8 тонна бал, сондай-ақ, сүт пен нан-тоқаш өнімдері сияқты халықтың негізгі тұтынатын азық-түліктері әкелініпті.
– Бүгінгі өнімдердің бағасы базармен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Меніңше, бұл шара ауылдағы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – дейді Рақымғали Байгереев.
Бұл күні Үлкен Нарын ауылынан келген Александр Костеровтың сауда сөресінің алдында ұзын сонар кезек болды. Өйткені, мұнда бал 700 теңгеден саудаланды.
– Біздің ауыл – омарта шаруашылығын ұстауға тиімді аймақ. Сондықтан, бал өндіру үшін алдымен ара ұяларын жақсылап жасауға мән берген жөн. Себебі, бұл еңбек өнімділігінің артуына тікелей ықпал етеді, – дейді Александр Костеров.
Ақсу ауылдық округіндегі «Ақсу ДЭЕН» бірлескен кәсіпорнында өндірілетін пантокрин өнімі арзан бағада саудаланды. Сол себептен, шипалық қасиеті жоғары дәріні алу үшін жұртшылық таласып тұрып, кезекке тұрды. Рақымғали Байгереевтың айтуынша, ауданда он бір марал шаруа қожалығы бар екен.
– 1996-1997 жылдары аудандағы «Ақсу» шаруа қожалығында осы пантокрин жасау зауыты салынды. Қазіргі күні мұнда әртүрлі шөптер мен пантыдан жасалған 46 түрлі өнім шығарылып, үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бүгінде фармацевтикалық цехта халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған 35 түрлі өнім шығарылады, – дейді Рақымғали Байгереев.
Бұл күні әсіресе, ет және көкөніс өнімдері мол әкелініпті. Бағасы да қалтаға салмақ түсірмейтінін айтады өскемендіктер.
– Шынында да, бал мен қымыз өнімдері сапалы, бағасы да арзан. Үнемі алып тұрамын. Байқаймын, мұндағы тағамдар орта есеппен алғанда базардағыдан әлдеқайда төмен. Сол үшін жәрмеңкені ұйымдастырушыларға рақмет, – дейді Жібек маталар комбинаты ықшам ауданының тұрғыны Күлзипа Құмарбекова.
Айтпақшы, катонқарағайлық өнерпаздардың концерті де көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, «Нұр Алтай» дуэті мен Раджан Ерболов, Мақпал Мұқамжар, Немерехан Дәулетхан, Ербол Құсайынов сынды әншілерге ерекше құрмет көрсетілді. Сөйтіп, өскемендіктер мен қала қонақтары арзан азық-түлік ұсынып, ән мен күйге бөлеген катонқарағайлықтарға ерекше ризашылықтарын білдірді.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button