Қоғам

Жарты миллионнан астам құттықтау жолданды

Жарты миллионнан астам құттықтау жолданды

«Ақ тілекпен – Елбасыға» акциясы аясында www.KZ1.kz сайтында Мемлекет басшысына 500 мыңнан астам құттықтау хат жолданды. Елбасын Тұңғыш Президент күнімен отандастары ғана емес, шетелдік азаматтар да құттықтап, мықты денсаулық, баянды бақыт және ұзақ ғұмыр тіледі.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, шын жүректен деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін. Елімізді гүлдендіретін жаңа идеяларыңыз көп болсын, мемлекетімізді әрі қарай да басқарып, жетістіктерге жеткізе беріңіз!» деп жазыпты Шығыс Қазақстан тұрғыны Наталья Зимина.
Тағы бір жерлесіміз, балабақша тәрбиелеушісі Роза Қабдыләшімқызы сайтта Елбасына рақмет айтып, қысқа да нұсқа лебізін қалдырыпты.
Акцияға шығысқазақстандық оқушылар да белсенді қатысқанын айта кеткен жөн. Олардың ішінде Абай ауданынан құттықтау жолдаған Арайлым есімді бойжеткен де бар. Ол өз хатында «Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық пен мол бақыт тілеймін!» деп жазыпты.
Ал облысымыздың жас спортшылары Елбасының құрметіне бейнеролик түсіріп, Нұрсұлтан Әбішұлына ақжарма тілектерін жолдады.
Шығыс Қазақстандағы ІТ-мамандар қауымдастығының өкілдері аймақ тұрғындарынан дәл осындай белсенділікті күтпегенін айтуда.
– Акцияның басталғаны туралы ақпарат жариялана салысымен, сайтқа шығысқазақстандықтардың құттықтаулары лек-легімен түсе бастады. Ең қызығы, бұл іс-шараға біздің облыстың тұрғындары ғана емес, еліміздің өзге аймақтарының жұртшылығы белсенді араласты. Тіптен, шет мемлекеттерден де келіп түскен құттықтаулар да бар, – дейді қауымдастық төрағасы Денис Соколов.
– Мен Зырян ауданының тумасымын. Өз басым туып-өскен еліммен, дана Президентіммен ерекше мақтанамын! – деп лебізін білдіріпті қазір Мәскеуде тұрып жатқан Лия Решетник есімді азаматша.
Атап өтер жайт, бүгінде сайтта 500 мыңнан астам құттықтау жарияланған және олардың саны сағат сайын артып келеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button