Экономика

Жарты ғасырлық мырыш

Жарты ғасырлық мырыш

«Қазцинк» ЖШС компаниясының Риддер металлургиялық кешенінде мерейтойлық мырыш құймасы құйылып шығарылды. 1966 жылдың 27-наурызында алғаш рет іске қосылған Лениногор мырыш зауыты жарты ғасырдың ішінде бес миллион тоннадан астам мырыш өндірді. Бейнелеп айтсақ, 86 мың теміржол вагонына лық толтырыла тиелген Лениногор мырыш зауытының бұл бағалы металы 50 жылдан бері бүкіл әлемдегі ғарыш, әуе, су кемелерінің, басқа да құнды дүниелердің басты бөлшегіне айналып, адамзаттың қажеттілігін өтеп жатыр.

Мерейтойлық құйма алынды

Риддер металлургиялық кешенінің ұжымы, риддерліктер мырыш зауытының мерейтойына тайлы-таяғы қалмай жиналды. Зауыттың балқыту цехына кәсіпорынның ардагерлері де түгелдей келіп, мерейтойлық құйма алынған тарихи сәтке куә болды. Олардың ішінде осыдан 50 жыл бұрын жалынды пештің жанында тұрып, өз қолымен ең бірінші рет мырыш құймасын балқытып шығарған металлург Борис Студеникин де бар.
Айналмалы құйма шығарушы машинаны іске қосу, мерейтойлық құйманы алу құрметі құрыш қолды осы металлургке -Борис Студеникинге берілді. Өз жұмысына кірісіп кеткен дөңгелек машина шұңғыл қалыптың ішін жалтыраған металға толтырып алып, сырғып жүре берді. Ып-ыстық күйінде қалыпқа түскен мырыш құймасы айналма машина бойымен жылжи жарты ғасырлық жолды әрі қарай жалғастырып бара жатты.
-Бұл көз алдарыңызда алынған мырыш құймасы, мерейтойлық құйма әлемдегі қай тұтынушының қолына барары бізге белгісіз. Бірақ біз оның жарқын болашағымыздың, баянды өміріміздің бір кірпіші болып қаланарын анық білеміз. Жарты ғасырда бес миллион тоннадан астам мырыш металын шығаруға риддерлік металлургтерден бастап, геолог та, кенші, тракторшы, машинист те, барлық адамдар үлес қосып, еңбегін сіңірді. Бүгінгі мерейтойлық құйма алу сәті сол еңбеккерлерді, ардагерлерді ардақтап, өткенді бағалап, болашақты бағдарлауға арналмақ, -деді салтанатты шарада Риддер металлургиялық кешенінің директоры Андрей Зайцев.
КСРО-ның құрметті металлургі, «Құрмет» орденінің иегері, талай жыл Лениногор мырыш зауытын басқарған зейнеткер Михаил Ермолаевтың да туған ұжымына, өздерінің ізін басқан жастарға, жерлестеріне айтар лебізі, ақ тілегі көп болды. Бірі аппаратшы, бірі балқытушы болып осы зауытта еңбек көрігін қыздырған қариялардың бәріне де құрмет көрсетіліп, мырыш құймасы бейнеленген кәдесый үлестірілді.

Жарты ғасырлық мырыш

Бүгінгі күні Риддер металлургиялық кешенінде жылына 112 мың тонна тауарлы мырыш өндіріліп, алыс шетелге, әлемдік нарыққа жөнелтіліп жатыр. Дүниежүзіндегі химиялық құрамы, тауарлық маркісі таза, сынамасы аса жоғары, ең сапалы мырыш осында өндіріліп жатыр. Тауар құрамындағы мырыш маркісінің көрсеткіші 99. 995 пайыз. Қысқасы, Кенді Алтайдың мырышы Лондон биржасында бар қырынан жарқырай беретініне күмән жоқ.
«Қазцинк» компаниясының Риддер металлургиялық кешенінде өндіріліп жатқан мырыш қазіргі жаңа технологиялар жетістігі кезеңіндегіні айтпағанның өзінде сонау Кеңестер Одағының заманында-ақ төрткүл дүниеге танылды. Теңіз кемелерінің шанағын жасайтын бес құрамды мырыш құймасын КСРО кезінде Лениногор мырыш зауытынан басқа одақта ешкім шығарған жоқ.

«Гидрополимет» -жасыл металлургия кешенін құрмақ

1966 жылдан бері өндірісі ғылыми-техникалық прогресс талабына сай жиі-жиі жетілдіріліп, қайта жаңғыртылып, қазіргі индустрияландыру кезеңінде ел экономикасына күш беруші басты кәсіпорындардың бірегейі саналып отырған Риддер металлургиялық кешенінде бүгінде ірі инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ол- «Гидрополимет» жобасы. «Қазцинк» ЖШС-нің осыдан бірнеше жыл бұрын жүзеге асырған «Жаңа металлургия» жобасы тәрізді компанияның бұл жобасының да өндірісті өркендетудегі, экологияны жақсартып, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызы мен мәні ерекше. Жаңа жоба құрамында мырыш концентраттары өте аз кездесетін полиметалл кенін ауада сілтілеу тәсілі бойынша түбегейлі өңдей отырып, сапасы жоғары мырыш металын алуға арналған.
«Гидрополимет» жобасын компания 2011 жылы қолға алды. Оған дейін компания мамандары әлемдік тәжірибені жинақтап, зерттеді. Отандық металлургиядағы гидрометаллургиялық технологиялардың өзіндік кем-кетік тұстары көп, әрі тиімділігі мен экологиялық жағынан барлық талаптарға жауап бере алмайтын. Осыған байланысты «Қазцинк» ЖШС шетелдік Engineering Dobersek жобалау компаниясымен бірлесе отырып, кәсіпорынның жеке технологиялық жобасын жасауға кірісті. 2011 жылы жобалаудың алғашқы кезеңі сәтті аяқталып, екі жылдан соң Риддер металлургиялық кешенінің гидрометаллургиялық цехында тәжірибелік-өнеркәсіптік құрылғы салына бастады. 2014 жылдан бері металлургиялық кешеннің зерттеу орталығы шетелдік әріптестерімен бірге жаңа технологияның тиімділігін сынақтан өткізіп, негізгі технологиялық үдерістерді жүйелеп, нақтылап, үлкен нәтижеге қол жеткізді. Осы сынақтан өткізу шараларының өзіне ғана 200 000 доллар қаражат кетіпті. Енді «Гидрополимет» құрылғысына өндірістің толық сатысын енгізу жоспарланып отыр.
Табиғат байлығы мәңгі емес, таусылатыны түсінікті. Бүгінде Шығыстағы полиметалл кендері шикізатының көлемі ғана емес құрамы да сарқылып, кедейленіп, ондағы әртүрлі металл концентарттарының мөлшері азайып барады. Ендігі мәселе, сол қазылып жатқан кеннің мардымсыз құрамының өзін табыс көзіне айналдырып, қажетті құнды металды ажыратып алып, өндірісті әрі қарай жүргізе беруде болып тұр. Малеев, Ново Широхинский, Николаев, тағы басқа да кеніштердегі кен шикізаты құрамында мырыш концентраттарының көлемі өте аз, небары 20 пайыз мөлшерінде ғана болып келеді. «Қазцинк» компаниясы сатып алған Қарағанды облысындағы Жәйрем кен байыту комбинатында да осындай шикізат қоры көп кездеседі. Мұндай құрамы кедей кендерді, яғни, металлургия тілімен айтқанда, әртүрлі ілеспе концентраттар топтасқан «ұжымдық» шикізаттарды қолданылып жатқан қазіргі технологиямен өңдеу мүмкін емес. Болашақта ол қазба орындары мен кеніштердің шикізаттары тиімді технологиямен, ауада сілтілеу тәсілімен өңделмек.
Осы мақсатқа жеткізетін жобаның тәжірибелік өнеркәсіптік құрылғысы, нұсқасы қазір Риддер металлургиялық кешенінде жұмыс істеп жатыр. Зауыттың мерейтойына жиналған қауым, журналистер жоқтан бар жасағанмен бірдей етіп, құрамында мырыш концентраттары өте аз кездесетін кенді әбден өңдеп бағалы металға айналдыратын, қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін жасыл экономиканың жарқын мысалы боларлық тың өндірістің басы-қасында жүрген, осы «Гидрополимет» жобасын жүзеге асырып жатқан мамандармен, металлургтермен кездесті.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік цехтың зерттеу орталығының басшысы Михайл Гертышников бізге қалдықсыз технологиямен жұмыс істейтін жаңа өндірістің энергияны қазіргі технологияға қарағанда он есе аз жұмсайтынын алдымен атап айтты. Өндіріс барысында шикізаттан тек мырыш қана емес, мыс, кадмий, қорғасын, өзге де компоненттер ажыратылып алынып, одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі.
Ауада сілтілеу тәсілі дымқыл технология-гидрометаллургиялық үдеріс болғандықтан қоршаған ортаға бұрқырап қазіргідей газ бен шаң шығарылмайды. Бұл осы күнгі пирометаллургиялық тәсілмен сілтілеу кезінде бөлінетін күкірт ангидриді деп аталатын қауіпті газдың ауаға шығарылу көлемін әлдеқайда азайтып, Риддер металлургиялық зауытынан шығарылатын шығарындылардың жалпы көлемін 20 пайызға түсіруге мүмкіндік бермек. «Гидрополимет» жобасына облыстағы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғалымдары, түсті металлургия ғылыми зерттеу институты да қатысып отыр.
Жаңа жобаны жүзеге асыруға тәжірибелі мамандар ғана емес, жас мамандар да атсалысып, өндірісті жүргізудің жолы мен жөнін оқып, үйренуде.
-1999 жылы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ды бітіріп келіп, осы зауытқа жұмысқа орналастым. Содан бері металлургияның, мырыш өндірісінің қыр-сырына қанығып, кәсіби шеберлігімді шыңдап келемін. Қазір гидрометаллургия цехының технологымын. Жаңа технологияны енгізуге күш салып жатқан біздің компанияның, зауыттың ұжымы осындай маңызды қадамдарымен ел экономикасының келешегін нығайтуға тікелей үлес қосып жатқанына қуаныштымын, -дейді Риддер металлургиялық кешенінің гидрометаллургиялық цехының технологы Ануар Елубаев.
Зауыт инженерлері шикізатты ысырап қылмай, түбегейлі өңдеп, қалдық қалдырмайтын, энергияны аз жұмсай отырып, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін «Гидрополимет» жобасы Риддер металлургия кешенін «Жасыл металлургия кешеніне» айналдырады деген сенімде.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button