Жарты ғасыр жастарға білім беріп келеді

Таскескен ауылындағы Қанағат Чарахметов басшылық ететін Үржар колледжі бұрынғы бес аудандағы (Мақаншы, Аягөз, Таскескен, Шұбартау, Үржар) жалғыз ауылшаруашылық оқу орны болып саналады. 1960 жылы 19 қыркүйек айында №127 Аягөз ауылшаруашылық- механикалық училищесі болып құрылған оқу орнының атауы 2012 жылы «Үржар колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Бүгінде бұл мекемесінің ұжымы жастардың кәсіптік білім алуын қамтамасыз етіп, оларды рухани бай, парасатты, білікті, ауыл шаруашылығына қажетті мамандар етіп тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп келеді.

Колледж директоры Қанағат Маратұлының айтуынша, жарты ғасыр ішінде Үржар колледжі еліміздің халық шаруашылығына қажетті мыңдаған жұмысшы маманды даярлаған. Қазіргі уақытта Үржар колледжінде «Фермер шаруашылығы», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Ветеринария», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша 183 студент негізгі орта және алғашқы бастауыш кәсіптік білімнің қыр-сырын меңгеруде. Бүгінде болашақ мамандарға сапалы білім, тиянақты тәрбие беруде ұстаздар қауымы талмай еңбек етуде. Жылдан-жылға инженерлік-педагогикалық құрамның әлеуеті жоғарылауда. Қазір мұнда қызмет ететін оқытушылар мен оқу-өндіріс шеберлерінің 70 пайызы жоғары және бірінші санатты мамандар.
-Ең бір ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз – үстіміздегі жылдың сәуір айында Семей қаласында өткен «WorldSkills Shygys-2018» аймақтық чемпионатында «Ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторларының слесарь жөндеушісі» аталымы бойынша «Фермер шаруашылығы» мамандығының II курс студенті Нұрасыл Советқалиев I орын алды. Жетекшісі – колледжде қырық жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі, білікті оқу-өндіріс шебері Р.Телемисов. Қазіргі уақытта шәкірт те, ұстаз да чемпионаттың желтоқсан айындағы Астана қаласында өтетін республикалық кезеңіне дайындық үстінде, – дейді Қ.Чарахметов.

2018-2019 оқу жылындағы мемлекеттік тапсырыс 100 пайыз орындалған. Олар – тракторшылар, дәнекерлеушілер, «В,С» категориялы жүргізушілер, аспаздар мен ветеринарлар. Барлық оқытушылар ақпараттық технологияларды, яғни интерактивті тақталарды, тест алу құралдарын және интернет желісінде жұмыс істеуді толық меңгерген. Электронды білім берудің мүмкіндіктерін пайдалану бойынша да артта қалған жоқ. Бұл- заман талабы және еліміздің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің қажетті шарты. Өткен оқу жылынан бастап колледждің оқытушылары мен оқу-өндіріс шеберлері сабақтарын онлайн-режимде өтізіп, іс-тәжірибелерін облыс көлемінде таратып жатқан көрінеді.
Колледж директоры бізге дуальді оқыту жүйесі жайлы да әңгімелеп берді. Оның айтуынша, дуальді оқыту жүйесі бұл білім мекемесіне 2013 жылдан бастап енгізіліпті. Соның арқасында колледжді бітірген түлектер оқуды өндірістік тәжірибемен ұштастыра отырып, болашақ жұмыс орнын алдын ала белгілейді. Мекеме әлеуметтік серіктестерімен жан-жақты байланыс орнатқан. Нәтижесінде колледж студенттері мен ауыл шаруашылығы бірлестіктері өндірістік тәжірибеден өту үшін үшжақты келісімшартқа отырады.
Болашақта осы келісімшартар негізінде студенттер өздері қалаған ауыл шаруашылығы бірлестіктеріне жұмыс істеуге барады.
2017-2018 оқу жылы бойынша колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 92 пайызды құрап отыр. 2017-2018 оқу жылының қорытындысы бойынша колледж бітіруші түлектер кәсіптік деңгейін бағалау және біліктілікті беру емтиханында 100 пайыз білім сапасын көрсетіпті.
Колледж басшылығы болашақта аудан экономикасына қажетті, әсіресе Алакөл аймағының инфрақұрылымын дамыту жөніндегі облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отыр. Олар: қонақүй қызметкерлері, бармендер, кондитер, қызмет көрсету менеджерлері, т.б. Ауыл шаруашылығының маңызды саласы – мал шаруашылығын дамыту бағытында да болашақта атқарылатын жұмыстар жеткілікті. Соңғы үш жылда колледж «Ветеринарлық санитар», «Жануарларды ветеринарлық өңдеуші оператор» мамандарын оқытуда. Таскескен ауылында жол жөндеп жатқан «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС демеушілігімен колледж балансында тұрған ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Алдағы уақытта осы ғимаратты ветеринарлық-клиникалық корпус етіп, ірі және ұсақ малға клиникалық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырған көрінеді.
Үржар колледжі аймақтағы бірден-бір кәсіптік-техникалық оқу орны болғандықтан, мұнда басқа ауылдардан келген балалар тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі. Дегенмен студент санының көбеюіне байланысты қосымша жатақхана салу мәселесі туындап отыр.
– 2013 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе бар. Бұл туралы газетте де жазылып, теледидардан да айтылды. Ол-оқу орнының бас корпусын жөндеу жұмыстарының аяқталмауы. 2013 жылы колледждің бас корпусын жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер «Континет строй» ЖШС-нің келісімшарттық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамай, жұмысты шала әстеп кетті. Бес жылға созылған сергелдең студенттердің ыңғайлы және қауіпсіз білім алу құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Осы уақыт аралығында оқу орнын бас корпуста қашан білім алар екенбіз деген арманмен бірнеше буын түлектер бітіріп шықты. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан бас корпустың күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінсе, мәселенің түйіні шешілер еді деген арманымыз бар, – деп түйіндеді әңгімесін колледж директоры Қанағат Чарахметов.
Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.