Жарманың жыр тарландары
Тәуелсіздік алғалы бері телеарналар мен баспасөз беттерінен небір сырға толы естеліктерді көріп, оқып, талай ғұламаның өнегелі де қилы өмір жолын танып, біліп келеміз.
Тәубе! Әсіресе Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жарияланғалы бұрынғы игілікті шаралар кеңінен етек алып, бұрын айтылмай келген талай тағылымды дүние жарыққа шығып жатыр. Кейінгі жас буынға ел тарихын, ата даңқын, ел қорғаны болған баһадүр батырларымыз бен киелі жерлерімізді танып, білуге кеңінен жол ашылды. Бүгінде ел халқы Отанына еңбегі сіңген тұлғаларын, ғұлама ғалымдары мен ел қорғаған батырларын еске алып, құрмет көрсетіп, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді дәстүрге айналдырды. Айталық, бір ғана Жарма ауданында Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына орай кесене орнатылып, ғылыми конференция өтті. Қалбатау ауылында қазақтың ұлы ақыны Абайдың әжесі Зере апамызға, белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевқа, ақын, жазушы Тұрсынхан Әбдірахмановаға, сондай-ақ қазақтың қасиетті қара домбырасына ескерткіш орнатылса, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов атында сәулетті саябақ ашылды… Жалпы, тізе берсек, атқарылған істер баршылық. Енді осы игілікті істердің жалғасы ретінде еліне еңбегі сіңген, өлең-жырдың майталманы атанған жармалық үш ақынды еске алып, мерейтойларын атап өтсе деген тілегіміз бар. Олардың бірі – әйгілі жыр дүлділі, бірнеше дастанның авторы Сапарғали Әлімбетов. Ақынның туғанына биыл 130 жыл толды. Қазақстанның халық ақыны атанып, «Қызыл Жұлдыз» орденін кеудесіне таққан Сапаекең талай айтысқа түсіп, аудан, облыс намысын қорғаған. Оның қаламынан туған «Молдабай балуан», «Мейір батыр», «Ер Бота», «Ер Білісай», «Қойкелді батыр» дастандары көптің сүйіп оқитын шығармалары екені даусыз. Ақынның шығармасы жайында белгілі қаламгер І.Жансүгіров, әдебиетші ғалымдар Е.Ысмайылов, Қ.Мұхаметханов, Қ.Алтынбаев, т.б. пікірлер айтып, жоғары баға берген, естеліктер қалдырған. Кейінгі кезде көп еңбек сіңірген, зерттеген жас ғалым Мұрат Иман-Жапар. Ақын бір өлеңінде Жармаға деген ыстық ықыласын былай білдірді:
«Ол елім, туған жерім – Жармам менің,
Жарма деп айтпағаным бар ма менің.
Жүрегімнің ең ыстық махаббатын,
Жұлып-ап, елім, саған арнар едім».
Екінші ақынымыз Сүбебек Нұрбаевтың туғанына биыл 120 жыл. Ол Жарма өңіріндегі белгілі халық ақындары Нұрғали, Сапарғали, Төлеулермен деңгейлес. Ақындықпен қоса күйшілік және емшілік қасиеттерге ие Сүбебек 1930 жылдардағы дүрбелең заманда Қытай еліне өтіп, содан атажұртына 1962 жылы оралған. Ақын айтыс өнерінен өзге лирикалық өлеңдер мен дастандар жазған. Өмірінде талай қиындық көрсе де, өлеңнен қол үзбеген жерлесіміздің 1987 жылы «Қорқыттың күйі» атты жинағы шықты. Кітапқа Қорқыт туралы толғаудан өзге 90-нан астам өлеңі кірген. 2013 жылы «Батырлар жорығы» атты 300 беттік кітабы жарық көрді. Кітап туралы профессор Е.Ысмайылов, ғалым Ә.Нарынбетов, ғылыми қызметкер Н.Төреқұлов мынадай пікір білдірді: «Дастанда қызықты сюжет, оқиғалар мен кестелі сөз түйдектері кездеседі. Ұйқас-ырғақтары келісіп тұр. Бұдан Сүбебек ақынның айтқыштық қабілеті, жырлампаздығы байқалады». Біз де осы пікірді қуаттаймыз.
Үшінші ақынымыз – Қапанбұлақ ауылының тумасы, көзі тірі жүрсе, биыл 70 жасқа толатын тума талант Ғалым Әшірбаев. Бар-жоғы 26 жасында өмірден озған жыр дүлдүлі:
«Пәнидің жырын жырлаумен,
Қызығын оның көп көрмей.
Басымнан өтер бұл дәурен,
Пыр етіп ұшқан кептердей», – деп бұл пәнидің жалғандығын өлеңіне қосып, жырлап кеткен-ді.
Бірде «Жасын» альманағына, ондағы атақты жазушы Дулат Исабековке «Дүлдүл шақ» деген қолжазба жинағын әкелгенде – жас талантты бірден таныған жазушы: «Кейде келген автордың дауыс ырғағынан, сөз саптауынан қандай автор келгенін байқауға болады. Кейбірі тіпті аз сөйлесе де, оның бойында бұлқынып жатқан талантын, биік парасатын аңғарасың. Ғалым – осы аз сөздің, тиянақты істің жігіті екенін байқадым», -депті.
Ғалым 1970 жылы сол кездегі ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, Алматыда телеарнада қызмет етеді. Сол жылдары аға буын ақын-жазушылар С.Мәуленов, Ә.Шәріпов, Р.Бердібаев, Қ.Мырзалиевтермен қарым-қатынаста болып, тәлім-тәрбие алған. Амал не, берерін толық бере алмай өмірден ерте кетті. Міне, биыл мерейтойлары аталатын жармалық үш ақын туралы қысқаша мәлімет осындай.
Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист