Жармалықтар сүтті сиыр өсіруді қолға алып отыр
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ аграрлық саланың алдына қойып отырған басты міндеті – сүт өндірісін еселеп ұлғайту. Бұл міндетті Жарма ауданында орындау үшін қажетті фактордың барлығы бар. Қазірдің өзінде жекелеген ауыл тұрғындары сүтті бағыттағы мал басын өсіру жұмысын қолға алып үлгерді.
Жарма ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген шаруа тындырылып жатыр. Айталық, осы бағдарламаның «Кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы тұрғындарды еңбекпен қамту» атты екінші бағыты бойынша қадау-қадау шаралар атқарылып, өз нәтижесін беруде.
Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде, оның ішінде екінші бағыты бойынша сүт қабылдау пункттерін несиелендіруге және сүтті сиыр алу арқылы мал басын арттыруға 81 миллион теңге жұмсалған. Қазіргі уақытта бағдарламаның 27 қатысушысы 66,2 миллион теңгенің несиесін алып отыр. Олардың ішінде сүт қабылдау пункттерін ашуға алты адам 16,4 миллион теңге, сүтті сиырды көбейтуге 21 адам 49,8 миллион теңге алыпты.
– Жобаларды қаржыландыру барысында екі сүт таситын машина және бір сүтті салқындатқыш сатылып алынды. Бір сүт қабылдау пункті қараша айының басында 7,4 миллион теңгеге қаржыландырылды. Қазір осы ретте бір сүт тасу көлігі мен сүтсалқындатқыш сатып алуға құжаттар әзірленуде. Сонымен қатар, сүтті мол беретін асыл тұқымды 132 бас сиыр сатылып алынған, – дейді Жарма аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Айдос Жанақов.
Тағы сегіз өтінім «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамында қаралып жатыр. Оның сомасы 20 миллион теңгені құрайды.
Мәселен, Қалбатау ауылының тұрғыны Наурызбек Сайхан осы жылдың тамыз айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы алты миллион теңге несие алған.
– Аталмыш қаражатқа 30 бас симменталь тұқымды сауын сиыр сатып алдым. Ірі қараны аудандағы Кеңтарлау, Шымылдық ауылдарындағы асыл тұқымды мал асырап отырған шаруашылықтардан жеткіздім, – дейді кәсіпкер.
Әзірше, Наурызбектің сиырлары сауылмайды. Өз ісін мықтап қолға алған азамат оларды қыстан күйлі шығарып, келер көктемде саууды бастамақ. Дәл сол кезде ауылда сүт қабылдау пункті де ашылуы тиіс. Яғни, дайын өнімді қайда өткізем деген мәселе туындамайды. Себебі, Қалбатау ауылының тұрғыны Айнұр Құрман 7,4 миллион теңге несие алып, сүт қабылдау пунктін, сүт таситын автокөлік алмақ ниетте екен.
Наурызбек 2006 жылы Қытай елінен атажұртқа көшіп келген. Аспан асты елінде ол жеке кәсіппен шұғылданған екен. Елге оралған соң бірден өз күшімен еңселі үй тұрғызыпты. Баспанаға қажет жиһаз, мүлік, өзге де керек-жарақтың көбін Наурызбек өзі жасайтын көрінеді. Қолында қазір шешесі бар, зайыбы Күләш Мұхаметқали екеуі екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсіруде. Балаларының үшеуі де – студент. Қыздары Семейде оқиды, болашақ химия пәнінің мұғалімі, ал ұлы Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да геодезия мамандығы бойынша жоғары білім алуда.
Кәсіпкер аталмыш несиені «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында алып отыр. Бұл қаражат оған бес жыл мерзімге жеті пайыздық мөлшерлемемен ұсынылған. Алғашқы бір жарым жылда ол қарызының тек пайыздық үстемесін ғана төлейді. Несиеге қол жеткізу үшін кепілге үш үйін қойыпты. Барлық құжаттарды рәсімдеуге бір ай шамасында уақыты кеткен.
Наурызбектің өз есебі бойынша, әр бас сиырдан алынатын сүтті 60-70 теңгеден өткізбек. Мұнымен қоса, оның өзінде 10 бас сауынды сиыры бар. Қазірде малды қыстан аман-есен шығаруға жетерлік жемшөп әзірлеп алған. Атап айтар болсақ, 40 тіркеме шөп пен бес тонна жем дайындапты. Енді кәсіпкер аудан әкімдігінен өзіне 20 гектардай жер сұрап отыр.
Осы Қалбатау ауылының іргесіндегі, алты жарым шақырым жердегі Бүрліағаш қыстағында тұратын азаматша Ләззат Көрпебаева да мемлекеттік бағдарлама бойынша үш миллион теңге несие алып, ол ақшаға 15 бас сиырды жеткізіпті. Симменталь тұқымды сүтті малды Кеңтарлау ауылынан тамыз айында әкелген. Бұған дейін үйде жұмыссыз отырған Ләззат енді өз ісін ашып, сүт бизнесімен мықтап айналыспақ ойда.
Ол да сүт сауу ісін көктемде мал төлдеген соң бастайды. Ал өнімді Қалбатаудағы ашылатын сүт қабылдау пунктіне тапсыруды жоспарлап отыр.
Қазір кәсіпкер қора-қопсысын қысқа әзірлеп, оны кеңейтіп жатыр.
– Екі балам бар, солар жұмысқа көп көмектерін тигізеді. Жолдасым Юрий де – іске епті азамат. Бір жылдан соң сүт сауатын шағын аппарат алуды жоспарлап отырмыз, – дейді Ләззат.
Ол аудан әкімдігінен жер сұрап, өтініш жазған. Қазір жергілікті атқарушы билік органдары осы мәселемен шұғылданып, телім қарастыруда. Кем дегенде бес гектар жер тауып беруге уәде беріп отыр аудандық әкімдік.
Малға қажет 30 тіркеме шөп әзірленген, енді жем дайындау қамында жүр кәсіпкер азаматша. Ләззатқа осы іске ағасы Сайранбек Жылқышинов пен оның зайыбы Айгүл де көмектесуде. Бұл олар үшін нағыз отбасылық бизнес деп айтуға да болады.
Осылайша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқасында ауыл азаматтары өз істерін ашуға керек қаражатқа қол жеткізіп, шаруаға белсене кірісіп отыр. Бұл өз кезегінде сүт өнімінің көлемін арттырып, тұрғындардың қажеттілігін толық өтеуге де мүмкіндік бермек.
Ержан Әбіш