Қоғам

Жармалықтар «Дидарға» жаппай жазылып жатыр

Жармалықтар «Дидарға» жаппай жазылып жатыр

Қазіргі уақытта жер-жерлерде мерзімді басылымдарға жазылу науқаны қызу жүргізілуде. Соған орай облыстық «Дидар» газетінің қызметкерлері Жарма ауданында болып, ондағы мектеп, аурухана ұжымдарымен, теміржол мекемесінің жұмысшыларымен жүздесіп қайтты.
Оқырмандармен өткен кездесулерге басылымның бас редакторының орынбасары Азамат Қасым, шолушы Серік Құсанбаев пен тілші Дәурен Аллабергенұлы қатысты.

Жармалықтар «Дидарға» жаппай жазылып жатыр

Алғашқы кездесу аудан орталығы Қалбатау ауылындағы Георгиевка орта мектебінде өтіп, оған аталмыш шаңырақтың және Абай мектеп-гимназиясының ұстаздар қауымы және әртүрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев «Дидардың» бүгінгі таңда мемлекеттік саясатты жүргізіп келе жатқан, оқырманды жедел ақпаратпен қатар, тарихи-мәдени танымдық дүниелермен қуантып жүрген қалың оқырманы сексен жылдан астам тарихы бар шежірелі басылым екендігін жеткізіп, ауданда келер жылға газетке жазылу ойдағыдай жүріп жатқандығын атап өтті.
«Дидар» газеті бас редакторының орынбасары Азамат Қасым биылғы газетке жазылу науқанында жармалықтардың алдыңғы қатарда келе жатқан белсенділігіне тоқталып, басылым бетінде жарияланып жатқан мақалалар, жаңадан ашылған айдарлар жайында, ұстаздар қауымына арналған «Педагогикалық ой» журналы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Кездесу еркін пікір алмасу, сұрақ қою форматында жалғасып, ұстаздар қауымы көптеген сауалдарына жауап ала алды.
Мәселен, осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мәдина Жұмағалиқызы газетте жазған мақалалары жиі шығатындығын айтып, шығармашылық ұжымға табыс тіледі әрі көпшілік тұщынып оқитын тарихи-танымдық және ұстаз беделін көтеретін материалдарға газетте орын көбірек берілсе деген тілегін жеткізді. Аудандағы қоғамдық келісім орталығының директоры Татьяна Петкова болса, екі облыстық газеттің «қалың» нөмірлерін жармалықтар қызығушылықпен оқитындықтарын жасырмады. Ал аудан орталығындағы Абай мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Елдар Төлебаев әлеуметтік желілерде, ғаламторда жиі жарияланатын өз-өзіне қол жұмсау, өртеп жіберу, биіктен секіріп кету және басқа да бейәдеп материалдардың қоғамға келтірер зиянын, жас буынның санасын улайтын салдарын түсіндіретін, аулақ болуға насихаттайтын сараптамалық материалдар шықса деген ойын білдірді.

Жармалықтар «Дидарға» жаппай жазылып жатыр

Аудандық орталық ауруханада дәрігерлер қауымымен өткен келесі кездесуде ақ халатты абзал жандар «Дидар» газетіне жыл сайын ұжым болып жазылатындықтарын айтты. Мұнда жалпы саны екі жүзге тарта адам жұмыс істейді екен. Аурухананың бас медбикесі Гүлмира Шәріпованың айтуынша, аурухана жыл сайын жас мамандармен толығып келеді, дәрігерлік штат түгел. Осындағы жас маманның бірі Әлмира Амантайқызы Семей мемлекеттік медицина университетін 2014 жылы дәрігер-статист болып бітіріп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен еңбек жолын бастаған. Биыл күзде аудандық әкімдік үй мәселесін шешіп беріпті. Ол өзімен бірге үш жас маманның келгенін айтады.

Жармалықтар «Дидарға» жаппай жазылып жатыр

Мұнан кейінгі оқырмандармен екі кездесу ауданның екінші үлкен елді мекені, бұрынғы аудан орталығы Шар қаласында өтті. П.Карелин атындағы орта мектепте ұйымдастырылған кездесуге Шар қаласындағы төрт мектептің, технологиялық колледждің, балабақшаның ұжымдары, кітапханашылар, жоғары сынып оқушылары қатысты.
Кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Аманжол Киікбаев ашып, аудан тұрғындарының облыстық газетке жазылу барысы жайында ақпарат берсе, Шар қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілепалдинов шаһардың тыныс-тіршілігі туралы айтты. Кездесу барысында газет қызметкерлеріне қойылған сауалдар көп болды. Шардың қала дәрежесінде болуынан дәрігерлер мен мұғалімдер ауылды жерлерге тиесілі пайыздық үстемеақыны ала алмайды екен. Оқушылар ҰБТ-ны үлкен қала мектептерімен бірдей тапсыратыны да айтылды.
Кездесу өткен мектеп директоры Айгүл Рахметова басылым Шар қаласының әлеуметтік проблемаларына көбірек назар аударса, ауданда меншікті тілшілеріңіз болса деген тілегін білдірсе, осындағы Абай мектебінің директоры Айтқабыл Әбілмәжінов мемлекеттік саясатты жүргізетін газетке ұжым болып жазылатындықтарын, мұнда жарияланатын дүниелер көңілдерінен шығатынын жеткізді. Көбдіков атындағы мектептің директоры Берік Омаров өз сөзінде газеттегі тарихи-танымдық мақалалардың оқушылар үшін маңызды екендігіне тоқталды.
Шар қаласындағы екінші кездесу «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің ұжымымен өткізілді. Кездесуде Шар қалалық округінің әкімі Төлеген Садықов мерзімді баспасөзге жазылудың маңыздылығына тоқталса, аталмыш ұжымның кадр бөлімінің басшысы Тұрысбек Қанапиянов «Дидарды» жыл сайын тұрақты түрде оқитындықтарын атап өтті. Сонымен бірге ол газет қызметкерлеріне әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны ЖШС-ке де тиіп отырғанын, соның салдарынан тепловоздарды жөндеуге тапсырыстардың азайып кеткендігін, жаңа жылдан бастап ұжымда қысқартулар орын алуы мүмкін екендігін айтып, жұмысшылардың соған алаңдаулы екендігін, қалайда аты кезінде одаққа дейін танылған депоны сақтап қалу керектігін жеткізді. Ал кәсіпорын басшылығының атынан қатысқан өкілдер бұл мәселені оңды шешуге күш салып жатқандарын, қысқартуды болдырмауға тырысатындықтарын айтты.

Суретті түсірген С.Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button