СпортТОП

Жармалық саңлақтардың жетістіктері көпке үлгі

Соңғы жылдары Жарма ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда түрлі деңгейдегі жарыстар мен өзге де спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, сол арқылы халық арасында салауатты өмір салты насихатталып келеді. Жергілікті тұрғындар, әсіресе аудан орталығы Қалбатау ауылында орналасқан Болат Тұрлыханов атындағы әмбебап спорт кешенімен мақтанады. Таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істейтін аталмыш нысанның жармалықтар үшін шын мәнінде орны бөлек.

Кезінде дәл осы жерде спорттағы алғашқы қадамдарын жасаған көптеген саңлақ қазір берісі облыс, арысы республика мен әлемге танылып, жерлестерінің абыройын асқақтатып жүр. Соның бірі деп Зарина Примакты айтуға болады. Қол күресінің хас шебері Зарина осыдан біраз бұрын кезекті бір жарысынан жеңіспен оралды. Дәлірек айтсақ, жерлесіміз пара-армрестлингтен өткен Әлем біріншілігінде топ жарып, чемпиондық атақтарының санын төртеуге дейін жеткізді. Аталмыш дода қазан айында Түркияның Анталиясында өткен болатын. 56 елдің спортшылары қатысқан байрақты бәсекеде Зарина Примак 65 келіден жоғары салмақта өнер көрсетіп, тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді.

Қол күресі демекші, Жарма ауданынан Зарина Примактың жолын қуған тағы бір спортшы шығып келе жатыр екен. Оның есімі – Альбина Бақтиярова. Бапкерлер осыдан біраз бұрын Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында тамаша нәтижеге қол жеткізген Альбинаның болашағынан зор үміт күтуде. Айта кетейік, Өзбекстандағы додада жерлесіміз барлық қарсыласын сенімді жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Спортшының өзі болса, «мұндай зор жетістікке бапкерім Дамир Қамзиннің көмегінсіз жете алмас едім», – деп ағынан жарылуда.

Жоғарыда Жарма ауданында жыл он екі ай түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп тұратынsy жазған едік. Сондай жарыстардың бірі – таяуда өткен «Колледж барысы-2022» турнирі болды. Шар қаласында жалауын желбіреткен додаға кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады.

Жалпы, бұл бәсекеде алыс-жақыннан келген 16 колледждің студенттері бақ сынағанын айту керек. Жарыс екі салмақ дәрежесінде өтті. Нәтижесінде салмағы 70 келіден аспайтын балуандар сайысында бірінші орынды Семей спорт колледжінің студенті Е.Рахымжанов иеленсе, Агробизнес және экономика колледжінде білім алып жатқан Б.Әмірбеков екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті Қалматаев атындағы Медициналық колледжінің студенті Б.Мейрамбеков пен Геология және барлау колледжінде оқитын Қ.Серікқалиев түйіндеді.

Сол сияқты 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі сайыс та тартысқа толы болды. Бұл бәсекеде бірінші орынға Спорт колледжінің студенті Д.Жұмағұлов көтерілсе, екінші орынға Шәкәрім атындағы жоғарғы колледждің студенті А.Қасенғазы ие болды. Ал үшінші орынды Семей электртехникалық колледжінің студенті А.Берікболұлы мен Жарма технологиялық колледжінде білім алып жатқан Д.Ведищев өзара бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер чемпиондық белдіктермен, облыстық білім басқармасының дипломдарымен, медальдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Турнир аясындағы белдесулерді тамашалауға бір топ мәртебелі мейман келгенін айтқан жөн. Олардың қатарында балуан, ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы М.Қарақанов, дзюдодан Әлем чемпионы Н.Сейітханов, еркін күрестен жастар арасындағы Әлем чемпионатының жүлдегері Е.Сарқытбаев пен өзге де құрметті қонақтар болды.

Ауданның тағы бір ірі елді мекені Әуезов кентінде де ерекше спорттық іс-шара ұйымдастырылған-ды. Дәлірек айтсақ, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының спорт кешенінде волейболдан аймақаралық жарыс өтіп, оған Қазақстан мен Ресейдің түкпір-түкпірінен келген командалар қатысты.

Осы ретте «Полиметалл» кубогы сарапқа салынатын доп додасы осымен алтыншы рет ұйымдастырылғанын айтқан абзал.

Биылғы жарыс барысында қатысушы командалар алдымен іріктеу кезеңінде бақ сынап, үздіктері финалдық турға жолдама алды. Шешуші кезеңге «Золото Северного Урала» (Свердлов облысы, Ресей), «Омолон» (Магадан облысы, Ресей), «Владивостокский филиал торгового дома» (Владивосток, Ресей), «ВарКом» (Қостанай облысы, Қазақстан) және Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорнының құрама командалары өтіп, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде бірінші орын мен «Полиметалл» кубогына «Золото Северного Урала» командасы ие болды. Бұл жолғы сайыста «Владивостокский филиал торгового дома» командасы екінші орынға көтерілсе, үздік үштікті жарыс иелерінің командасы қорытындылады.

Жарыс соңынан жекелей аталымдар бойынша үздік деп танылған ойыншылар да ұйымдастырушылар атынан түрлі марапатқа ие болды.

Жанкүйердің көңілінен шыққан тағы бір спорттық іс-шара аудан орталығында өтті. Атап айтсақ, осыдан біраз бұрын Б.Тұрлыханов атындағы спорт кешенінде киокушинкай каратеден балалар мен жасөспірімдер арасындағы аймақтық турнир ұйымдастырылған-ды. «Қазақстан Республикасы жекпе-жек өнерінің альянсы» ұйымының мұрындық болуымен өткен жарысқа Семей мен Өскеменнен, сондай-ақ өзге де аудан-қалалардан келген спортшылар қатысты.

– Турнирдің басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ киокушинкай каратенің танымалдылығын арттыру. Жалпы, мұндай жарыстар өскелең ұрпақ үшін өте қажет. Себебі мұндай бәсекеге қатысқан жас спортшылар тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түседі, – дейді киокушинкай каратеден шәкірт тәрбиелеп жүрген жармалық бапкер Мақсат Амангелді.

Міне, спортпен тыныстаған Жарма ауданының жетістіктері осындай. Бұл ретте спортты серік еткен жастарға аудан басшылығы мен кәсіпкерлер тарапынан қолдау бар екенін де айрықша атап өткен орынды. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында бүгінде жармалық саңлақтар облыстық, республикалық және халықаралық аренада жасындай жарқылдап жүр.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button