Жармада жаңа цемент зауыты іске қосылды
Елсіз сары далаға қағылған жалғыз қазықтың алты жылдың ішінде алпауыт зауытқа айналатынына алғашында күмән келтіргендер де болыпты. Бүгінде мақсат орындалып, Жарма жерінде өнімділік қуаты жылына 1 миллион тонна цемент шығаратын жаңа өндіріс орны ашылды.
Зауыттың тұсаукесері мен сынақ кезеңіне қосу рәсіміне облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент Сенатының депутаты Сергей Плотников, Мәжіліс депутаты Александр Милютин, ҚХР-дың Алматыдағы бас консулы Ду Дэвэнь, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры Міржан Қарақұлов, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы Ардақ Орымбаев арнайы қатысты.
Зауыттың ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде облыс Әкімінің орынбасары бүгінде еліміздің өңірлеріндегі индустриялдық даму қуатының нақты көрсеткіштерінің анықталғанын айтты.
– Даму қарқыны бойынша біздің облыс ең алғашқы орында, ал өндіріс көлемі мен жобалар саны бойынша екінші көрсеткішке табан тіреп тұр. Аймағымыз индустрияландыру картасына жалпы құны 614 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба енгізіп отыр. Өткен екі жылда құны 55 миллиард теңгені құрайтын 21 инновациялық жоба іске асырылды. Алдағы жылы құны 40,8 миллиард тұратын тағы дәл осындай жеті жобаны іске асыру көзделген, – деді Ермек Көшербаев.
Шар қаласынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан «Қазақцемент» ЖШС бұл жетістікке тек қана қажырлы еңбектің, табандылықтың арқасында жетіп отыр. Бұл сөзімізге иен даланың төсінен ойда-жоқта бой көтерген зауыт диірмендері мен түтіні будақтаған алып мұржалар дәлел. Құрылыс жобасын «Қазақцемент» ЖШС «Қазақстанның даму банкі» АҚ-мен бірлесе отырып жүзеге асырып отыр. Кәсіпорынның өндірістік қуаты – күніне 2500 тонна клинкер өндіруге есептелген. Зауыт құрылысының құны – 142 миллион АҚШ доллары, оның 52 миллионы компанияның өз қаражаты, ал 92 миллионы «Қазақстанның даму банкі» ұсынған несиелік қаражат есебінен.
Зауыт өндірісінің сапасын арттыру мақсатында құрылысқа әлемнің 12 елінен ең мықты деген құрылғылар арнайы сатып алынған. Соның есебінен ауаға жіберілетін қалдықтар 99,7 пайызға тазарады. Зауыт еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары аясында салынған. Кәсіпорын Қазақстанның индустрияландыру картасына енген.
Кез келген өндіріс ошағы айтарлықтай өнім беру үшін оның орналасқан жерінде шикізаттың сарқылмас көзі болуы қажет, ал цемент құрамының негізгі элементтері болып табылатын әктас пен саз бұл жерлерде молынан кездеседі. Түрксіб теміржол желісі де зауыттан 2,5 шақырым жерде тұр. Зауыттың жағрапиялық тұрғыдан қолайлы нүктеде орналасуы дайын өнімді Қазақстан сауда нарығына ұсынумен қатар, Ресейдің Сібір федералды округіне шығаруға мүмкіндік береді екен.
Цемент зауытының техникалық директоры Василий Ивановтың айтуынша, кәсіпорын соңғы үлгідегі заманауи тәсілдермен жабдықталған.
– Негізгі әдіс – «құрғақ» тәсілмен өнім өндіретін технологиялық желіден тұрады. Аталмыш әдіс бүгінгі күннің ең озық инновациялық технологиясы болып саналады. Құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын әлемдегі көптеген мемлекеттер бұл технологияны өз тәжірибелеріне енгізгелі қай заман. Шығыны, қоршаған ортаға тигізетін зияны да аз. Біз бүгін қолданысқа енгізіп отырған зауыттың қызмет көрсету кепілдігі ұзақ және сенімді, көлемі де шағын, – дейді Василий Иванов.
Жаңа зауыттың жұмыс қарқыны ілгерілеп, өнім өндіру қалыпты жүйеге түскен соң мұнда 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде іргедегі елді мекендерден арнайы білімдері бар мамандар зауытқа жұмысқа тартылуда. Біздің облыстағы бұрыннан цемент өндіретін зауыттармен салыстырғанда, жаңа кәсіпорынның көптеген озық тұстары мен ерекшеліктері жетерлік. Мұнда атқарылатын барлық жұмыс толығымен автоматтандырылған. Цемент өндіретін зауыттардың айналасы шаң-тозаңға көміліп жататыны белгілі, мұндағы өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсері де мейлінше аз. Қуат көздерін барынша үнемдеу жолдары да – басты назарда. Заманауи технологиялардың арқасында өндіріске жұмсалатын технологиялық отын мен электр қуатының көлемі де үлкен үнеммен жұмсалады.
Салтанатты жиынға арнайы келген Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Ду Дэвэнь Шығыс топырағының байлығына деген таңданысын жасырмады.
– Бүгін іске қосылып жатқан цемент зауыты екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты сабақтастыра түседі, – дейді ол.
Айта кетерлігі, қытайдың «Lonran» фирмасы құрылыс нысанының барлық жөндеу жұмыстарын мәресіне жеткізіп отыр. Қытайдан келген жұмысшылар бригадасы бұл жерде күні-түні тынбай жұмыс істеп, құрылыс сапасын алдыңғы орынға қоя отырып еңбек еткен.
Мұндай ауқымды өндіріс орнының ашылуы өңірдің инфрақұрылымын дамытуға серпін береді. Әсіресе, жол, тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы қолға алынады. Сондай-ақ зауыт қызметін қамтамасыз ететін қосымша салалар да зауытпен қатар дамымақ, оның ішінде электр энергиясы, көлік қатынасы мен халыққа қызмет көрсету салалары бар.