Жарма өндірістік өңірге айналады

Алдағы екі жылда Жарма ауданы аграрлық өңірден өнеркәсіптік ауданға айналуы мүмкін. Ол үшін Бақыршық кенішінде алтын өндіру жұмыстары толық қуатымен іске қосылуы тиіс.
Лондон биржасында қолдан-қолға өтіп келген Бақыршық кеніші 2014 жылы ресейлік «Полиметалл» компаниясына тигелі мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр. Ресей, Қазақстан, Армения аумағында алтын өндірумен айналысатын алпауыт кәсіпорын Бақыршық кенішін игеру үшін «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-ін құрған. Қазір серіктестік игерілетін аумаққа тұтас бір қалашық тұрғызып жатыр десе де болады. Әуезов кентінің іргесіндегі Құлынжон белдердің құйқасы аршылып, дайын карьерге айналған. Талай инвестордың көз құрты болған алтынды белдеу бұл күні қайнаған тіршіліктің ошағы іспеттес. Осында құрастырылған «БелАЗ»-дар мен алып «Komatsu» көліктері, шведтік бұрғылау машиналары қазыналы даланы бастарына көтере жұмыс істеуде. Бүгінге дейін өндіріс алаңынан 14 млн. текше метр жер қыртысы сыртқа шығарылған екен.
-Биылғы жылдың сәуір айында кеніште бұрынғы өндірістен қалған үйінділерді көшіре бастағанбыз. Қазір сонымен бірге, карьерді аршу жұмыстарын қолға алдық. Мұнда әрқайсы 136 тоннаға дейін жүк көтеретін 17 «БелАЗ» көлігі, 90 тонналық сегіз «Кomatsu», жеті бульдозер, алты экскаватор және төрт бұрғылау станогы жұмылдырылған. Карьер аршумен қатар қалдыққойма құрылысы да жүріп жатыр, – дейді серіктестік директоры Юрий Овчинников.
Әзірге мұндағы жұмыстар кестеге сай жүріп келеді. Осы қарқыннан таймаса, жылдың екінші жартысында «батыс карьерден» алғашқы кен алынуы керек. «Шығыс карьер» тек келесі жылы ғана игерілмек. 2018 жылдың соңына дейін кен байыту фабрикасы да жұмысын бастайды. Ал 2019 жылы кәсіпорын толық қуатына еніп, жылына 10 тонна таза алтын өндіретін болады.

Қазіргі болжам бойынша бұл кеніште кемінде 226 тонна алтын жатыр. Осы кен игерілгенше «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» Әуезов кентінен табан аудармай жұмыс істемек. Яғни, шамамен 2039 жылға дейін бұл кентте өндіріс толастамайды. Жалпы, Бақыршық кеніші алғашқы он жылда ашық әдіспен игерілуі тиіс. Бұл уақытта жылына 10 тонна алтын концентратын алу көзделген. Ал одан кейінгі жылдары кен қазу жұмыстары шахталық әдіспен жүрмек. Бұл кезде жылына сегіз тонна алтын қазу жоспарланған. Қазылған кеннің бір тоннасынан шамамен 7,7 грамм алтын шығады деген есеп бар. Кенді сумен шаю әдісі арқылы таза концентрат алынады. Ол концентрат Амур тау-кен металлургия комбинатына өңдеуге жөнелтіліп отырады.
2015 жылғы техникалық-экономикалық негіздеме бойынша кәсіпорын жобаның бірінші кезеңіне 322 млн. доллар инвестиция құюы қажет. Бұл қаражатқа кеніштен карьер қазылып, вахталық кент тұрғызылуда. Сондай-ақ, қосымша барлау жұмыстары да жүргізілді. Екінші кезеңге бөлінген 69 млн. доллар кеніш басындағы күрделі құрылыстарға жұмсалады.
Әуезов кентінің келесі бір шетінде вахталық қалашық құрылысы қызу жүріп жатыр. Мұнда 300 адамға арналған вахталық жатақхана, 90 адамдық асхана, қосалқы шаруашылық ғимараттар бой көтеруде. Фабрика зертханасы мен жылу-энергетикалық кешен, жөндеу-монтаждау цехы да осы қалашық аумағынан орын теппек.
-Тұрмыстық ғимараттардың барлығы бір-біріне галереялар арқылы жалғанатын болады. Яғни, жұмысшылар ғимараттар арасына киім ауыстырмай-ақ өте алады. Жатақхана құрылысы аяқталысымен қызметкерлер осында қоныс аударуы тиіс, – дейді Ю.Овчинников.
Мұнда келгелі кәсіпорын әлеуметтік маңыздағы жобаларға 1,74 млрд. теңге бөліпті. Соның ішінде Әуезов кентіндегі 180 орындық «Аққу» балабақшасын қайта жарақтап, барлық жабдығымен қолданысқа беруі тұрғындар үшін үлкен сый болды. Кенттің инфрақұрылымын дамытуды да компания өз мойнына алған. Бұл мақсатқа серіктестік есебінен екі миллиард теңге қарастырылған және жұмсалған.
Өткен жылы Бұрсақ-Әуезов бағытындағы айналма жолдың құрылысы аяқталды. Инвестор оған 894 млрд. теңге бөлген. Тозығы жеткен «Қызыл су» су таратқышын жаңалау жұмыстары да инвестициялық жоба аясында іске асуда. Бұл жобаға кәсіпорын тарапынан 295 млн. теңге бөлініпті. Кенттің электр желілерін ауыстырып, жабық электр бөлгіш қондырғылар орнатуға 629 млн. теңге қарастырылған. Жоба жыл соңына дейін бітуі тиіс. Әуезовтіктерді жылумен қамтып келген ескі қазандық сүріліп, оның орнына жаңа ғимарат салынды. Биылғы жылу маусымынан бастап кент тұрғындарына жаңа қазандық жаңа шарттармен қызмет етпек. Юрий Овчинниковтың айтуынша, бұл шаруаға компания 279 млн. теңге шығындаған.
-Осы ауданда жұмыс істеп тұрғанда, кентке жылу беру қызметі біздің мойнымызда болады, – дейді серіктестік директоры.
Жалпы ішкі өнімінің 50 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы беретін Жарма ауданы Бақыршық кеніші іске қосылған жағдайда өнеркәсіптік ауданға айналады деген болжам бар. Өйткені, қазірдің өзінде Бақыршық кен өндіру кәсіпорны ел бюджетіне бір миллиард теңгеге таяу салық төлеп отыр. Ю.Овчинниковтың айтуынша, 2018 жылы кәсіпорынның салық түсімі алты миллиард теңгеге жетпек. Жыл соңына дейін кәсіпорында 600-ден астам қызметкерлер жұмыс істейтін болады. Ал 2018 жылдың аяғына дейін жұмысшылар саны 800-ге дейін жетеді.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ