Қоғам

Жариясыз жақсылық немесе көкірегінен күн сөнбеген азамат  

  Жүрегі «ауылым, туған жерім» деп соғатын жігіттер бар ортамызда. Ондай азаматтар қайда жүрсе де бүкіл болмысымен, жан-тәнімен өз ұлты мен атамекенін дәріптеп, елі мен жеріне жанашырлық танытып жүреді-ау. Қолынан келгенше туған жерінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне атсалысады.

Бүгінде аймаққа танымал дәрігер, облыстық мәслихаттың депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Жайық Аманкелдіұлы Жұмахановтың өскелең ұрпаққа жасап келе жатқан қамқорлығы мен адал еңбегі  жайлы біз емес, Аягөз ауданының халқы ерекше сүйіспеншілікпен, ризашылықпен айтады.

– Аягөзде небір асылдар мен шашасына шаң жұқпас дүлдүлдер өмір сүрді ғой,бауырым, – дейді аягөздік Дүйсенқұл Тайғамитов ақсақал. –Мен бұл жігіттің әкесі Аманкелді Жұмахановты да жақсы білемін. Мына Жайық бауырымыз солардың жалғасындай. Бойына біткен тектілік пен қанындағы қарапайымдылық елін сүйген сабазды шың басына көтерді. Әманда сол биіктен көріне берсін деп тілейік!

Ал Жайық Аманкелдіұлы ше? Ол өзін мақтағанды әсте сүймейді. Әйтпесе, алты жылдан бері Бозай ауылындағы Сергиополь орта мектебінің бүлдіршіндерін тегін тамақтандырып келе жатқанын жер-жаһанға жар салып айтар еді. Ондай қасиет Жәкеңде жоқ. Керісінше, жасаған жақсылығы мен демеушілігін жария қылғысы келмейді. Әлдекім бұл жайлы, жасап жатқан жақсылығы туралы әңгіме қозғай қалса, әлпетіне өзгеріс еніп, қабағы кірбің тартады.

– Менің ойым, шынын айтсам, бүкіл болмысым ауылмен астасып кеткендей, – дейді оның өзі. – Ауыл десе, осынау туған жерімнің тұмса табиғаты десе, ішкен асымды жерге қоюға бармын. Неге? Негесі сол, менің тал шыбықты ат қылып мінген балалығым, жалындаған жастығым осы жерде өтті. Мен де сол тұстағы балалар құсап шаңдатып асық ойнадым, атаммен еріп барып, шалғымен шөп шаптым. Қызығы, ол кісі менің қолыма өзіме шақ шағын ғана шалғыны беріп қоятын. Мен қайбір қарық қылып шөп шабады дейсің!? Атамның бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, мені еңбекке баулуы екен ғой, қазір ойлап тұрсам. Содан да табиғатты сүйіп өстім. Мына жатқан аласа таулар мен үшін әлемнің ең бір сұлу да ыстық мекені. Осы Мамырсуда (Сергиополь) туып-өстім, осы жерде марқұм атамның қолында болдым. Шынын айтсам, мен үшін атам Жұмахан даланың абыз қариясы болды. Қазір сол кісінің маған берген тәлімді тәрбиесіне риза болып, еске аламын. Егер менің бойымнан титтей де бір жақсы қасиет байқасаңыз, ол атамның маған берген сыйы деп білерсіз. «Жаман бергенін, жақсы көргенін айтады» деген. Мен осыншама баланы тамақтандырып, осыншама баланы киіндіріп отырмын деп айтудан аулақпын. Оны жұрт көріп-біліп отыр. Сондықтан, еліміздің болашағы – мына жас өркендердің балалық шағы еш  қиындықсыз өтсе деген арманнан туған қадам.

– Жалпы, биылғы оқу жылында 1 мен 11 сыныптарда 86 оқушы болса, шағын орталықта 25 бала болды. Мектепалды даярлық тобына жеті оқушы келіп отыр, – дейді Сергиополь орта мектебінің директоры Дәулет Есентеміров. – Шынын айтқанда, Жайық Аманкелдіұлы былтырдан бастап балаларға жеміс, конфет, печенье секілді тағамдардан өзге бал да беріп келеді. Әлгінде айттым, биыл алтыншы жыл 55 баланы ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Оның ішінде 45-і 1 мен 4 сыныптың оқушылары болса, 10 бала –тұрмысы төмен отбасылардың балалары. Біздің ата-аналарымыз Жайық Аманкелдіұлының ел болашағы – оқушыларымыз үшін істеп жатқан үлкен демеушілігіне дән риза десем, артық айтқандық емес.

Биылғы оқу жылында да «Мектепке жол» акциясы аясында алғашқы қоңырау жиынына қатысып, 78 оқушыға оқу құралдарын сыйлады. Бұдан өзге барлық оқушыларға мектеп формасын алып берді.  Ал бұл дегеніңіз қомақты қаржы. Біз өзіміздің депутатымызға жүрекжарды алғысымызды айтқымыз келеді.

Бозайда өткен алғашқы қоңырау салтанатты шарасына аудандық  «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Ғабдуллина, білім бөлімінің басшысы Н.Әзімбаев, Мамырсу ауылдық округінің әкімі А.Ибрайшин, Мамырсу мешітінің имамы, БАҚ өкілдері қатысқан болатын.

Иә, жасаған жақсылығын жария қылмай, алты жылдан бері үнсіз ғана бала көңіліне шаттық сыйлап келе жатқан жігіт ағасының өміріне біз де шуақ тіледік.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button