Қоғам

Жарамсыз техниканы үйде сақтамайық

Жарамсыз техниканы үйде сақтамайық


Істен шыққан үтік, тоңазытқыш, телефон… Әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, халықтың 40 пайызы осы тектес жарамсыз электрондық техниканы үйде сақтайды.

Бір кезде қып-қызыл ақшаға сатып алынған ұялы телефонды алдымен шкафта, сосын қажетсіз заттар жинақталған бөлмеде ұзақ жылдар сақтап келіп, көңіліміз суыған бір күні қоқыс шелегіне атып ұрамыз. Өзге де электрондық техникамен бірге қоқыс алаңына жеткізіліп, көмілетін осындай заттардың топыраққа, суға қаншалықты зиян келтіріп жатқандығы туралы көбіміз ойлана бермейтініміз рас. Бірақ бұл жаһандық мәселеге айналып отыр. Әлемде жинақталған осындай қоқыстан төрт Эйфель мұнарасын жасап шығаруға болады екен.

Елімізде тұрмыстық қатты қалдықтың өзге түрі сияқты электротехникалық қоқыспен де күрес жүргізілуде. Экологиялық кодекстің қалдықтарды сұрыптап көму жөніндегі бабы күшіне енетін күн жақындаған сайын, өңірлерде бұл жұмыс қарқын алған. Облыста электротехникалық қалдықтармен күреске арналған пилоттық жоба жүзеге асырыла бастағандығын біреу білсе, біреу білмес. Бұдан былай Өскемен қаласының тұрғындары тұрмысқа қажетсіз электрондық техниканы үйлерінде сақтап, реті келсе, қоқыс контейнеріне тастамайтын болады. Өйткені қалада оларға арналған экобокстар пайда болды. Әзірге облыс орталығында мұндай контейнер тек бес жерге – «Микен», «Арзан» сауда орындары маңына және Согра ауданының Егоров көшесі 4 үйінің ауласына, Тәуелсіздік даңғылының «Қазақстан» аялдамасы тұсына, «Весна» гастрономы жанына орнатылды. Тоқ сары түсті экобокстарды байқамау мүмкін емес. Оның сыртында қандай техникалық құрылғыларды тастауға болатындығы туралы мәліметтер жазылған. Сондай-ақ істен шыққан батареяларға арналған тартпасы тағы бар.

Бұл жобаны қарағандылық «Промоотход Қазақстан» кәсіпорны жүзеге асырып отыр.

-Елімізде жарамсыз техниканыы үйде сақтайтындар көп. Жеңіл-желпі тұрмыстық техниканы қоқысқа тастайтындар да баршылық. Ал арнайы боксқа тастап, техника қабылдау пункттеріне өткізетіндердің пайызы, өкінішке қарай, өте төмен. Оған ауылдарды былай қойғанда, көптеген қалаларда қоқыстың мұндай түріне арналған арнайы контейнерлер мен кәсіпорындардың жоқтығы да себеп,-дейді кәсіпорынның Өскемен қаласындағы өкілі Сергей Сергеев.

Бүгінде елімізде электротехникалық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын он зауыт жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі Алматы қаласы мен Алматы облысында орналасқан. Сондай-ақ Қарағанды, Астана, Атырау қалаларында бар.

– Қарағанды қаласында орналасқан кәсіпорын мемлекеттік тапсырыс негізінде бірқатар өңірде осындай қалдықтарды тегін жинауға арналған пилоттық жобаны жүзеге асырып отыр. Жыл соңына дейін Өскемен қаласы бойынша 100 тонна электротехникалық қалдық жинау жоспарланған,-дейді Сергей Сергеев.

Кәсіпорын өкілінің айтуынша, істен шыққан ескі тұрмыстық техниканы олар үйден тегін алып кетіп жүр. Техника мемлекеттік бағдарлама аясында жойылатындықтан, өткізушінің жеке кәулігі бойынша арнайы хаттама толтырылады.

– Ауыр техниканы тегін алып кететіндігіміз жөнінде хабарландыруды әлеуметтік желілерге орналастырдық. Сондай-ақ аулаларда да хабарландырулар ілулі тұр. Тапсырыстар түсіп жатыр. Ауыр тұрмыстық техникалар сейсенбі, сенбі күндері шығарылады. Ал контейнерлерге жинақталған қоқысты аптасына екі рет тиеп әкетеміз,-дейді Сергей Сергеев.

Жарамсыз техниканы үйде сақтамайық

Кәсіпорын өкілі тұрмыстық техникалық қалдықтың орнына контейнерлерден басқа қоқыстар алып жататындығын да жасырмады.

– Қызмет барысында бірқатар қиындықтарға да тап болып жатамыз. Жалпы, елімізде халықтың қоқыс тастау мәдениеті төмендеу ме дейсің. Өйткені арнайы контейнерден тұрмыстық қалдықтар да шығып жатады. Бұл – өте өкінішті жағдай. Металға қызыққан ұрылар болса контейнерлерді тонауын қояр емес. «Микен» дүкені жанындағы экобокстағы заттар осымен бірнеше мәрте қолды болды,-дейді ол.

Серей Владимировичтің айтуынша, алдағы уақытта облыс орталығында контейнерлер санын көбейту көзделген. Сондай-ақ Зырян, Зайсан және Риддер қалаларында да осындай экобокстар орнатып, тұрмыстық техниканы үйден алып кету қызметін ұйымдастыру да жоспарда бар.

Істен шыққан техника артынан Қарағанды қаласындағы «Промоотход Қазақстан» кәсіпорнына жеткізіледі. Бұл жерде тұрмыстық техниканың бөлшектері металл, шыны, пластик болып сұрыпталады. Соңынан қайта өңдеуге жөнелтіледі.

Сауда орындарында да экобокстар бар

Мамандардың айтуынша, елімізде үш миллион тоннадан астам электротехникалық қалдық жинақталған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп барады. Ал БҰҰ Қазақстандағы бағдарламаларының сарапшылары олардың зияны жөнінде айтып, дабыл қағуда. Мысалы, бір қарағанда ұсақ болып көрінетін энергоүнемдеуші шамдар, батареялардың құрамында кадмий, қорғасын, сынап сияқты ауыр металдар бар. Адам ағзасында жинақталған олар бауыр, бүйрек аурулары, онкология сынды дертке шалдықтырады. Жарамсыз болып қалған бір ғана батарея топыраққа түсіп, ыдырай бастаған соң, маңайындағы 20 шаршы метр жерді немесе 400 литр суды ауыр металдармен ластайды екен. Олардың мәліметіне сүйенсек, елімізде ең жиі ауыстырылатын техникалардың көшін ұялы телефондар бастап тұр. Елімізде жыл сайын қоқысқа 22 миллионға жуық телефон кетеді екен.

Сондықтан да электротехникалық қалдықтарды жоюға немқұрайлы қарамау керек деп БҰҰ Қазақстандағы сарапшылары бастама көтеріп, осы бағытта бірқатар бағдарламаны жүзеге асыруда. Аталмыш бағдарламалардың аясында электрондық техника сататын ірі сауда орталықтары да жаппай экобокс орнату акциясын қолға алған болатын. Сол кезде облыс орталығының «Технодом» дүкендерінің желісінде де осындай контейнерлер пайда болған.
Компания мамандары электротехникалық қалдыққа арналған экобокс «Альшемали» сауда үйіндегі дүкен желісінде орнатылғандығын растады. Қаланың кез келген тұрғыны мұнда істен шыққан орташа көлемдегі электротехникасын тастай алады. Бұл жерге жинақталған қоқыс артынан барлық талаптарға сай жойылатын болады.Кей күндері мұнда жарамсыз техника алып келіп, жеңілдік алу акциялары да өткізіліп тұрады.

Лаура Тілеубайқызы
Мақала облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button