Қоғам

Жағрафияны жиһантану, интернетті жиһантор деп атау қажет пе?

Жағрафияны жиһантану, интернетті жиһантор деп атау қажет пе?

География дегеніміз не деген сұраққа бір ауыз сөзбен жауап бере салу өте қиын нәрсе, себебі бұл ғылым өзінің бастапқыда белгіленген шектерінен сол бастапқы кезінің өзінде-ақ ұғым ретінде толық қалыптасып болмай жатып-ақ шығып үлгерген.
География дегеніміз біз өмір сүріп жатқан әлем туралы ғылым десек, артық айтпайтын болармыз, себебі қазіргі география ғылымының ізденіс аумағы философиядағы сияқты, тарихтағы сияқты көз жетпейтіндей кең.
Көне грек ғалымы Эратосфен бірінші болып география терминін қолданған деп есептеледі.
Көне грек тілінен қазақ тіліне бұл сөз жерді суреттеп жазу болып аударылады.
Қазақтар бұл терминді жағрафия деп те атайды.
Жағрафия сөзі араб тілінен алынған, ал арабтар өз тілдеріне бұл сөзді жаңағы география сөзінен осылай аударып алған дейді. Меніңше, сөздің «жағы» деген бөлігі жаһан ұғымынан туған ба деп топшылауға болады. Қазақта жаһан кешті деген сөз бар, жер жүзін шарлады деген мағына береді.
Ал бүгінгі күні жаһандану деген ұғым пайда болды.
Жаһандану дегеніміз ресми тілде глобализация деп түсіндіріледі.
Глобализация деген ұғым глобус деген сөз негізінде пайда болып, бүкіл Жер шарын меңдеп бара жатқан үдерістердің атауы болып отырғаны да түсінікті.
Ал глобус дегеніміз Жер шарының кішірейтіп алынған шар тәріздес кейпі, көрнекі оқу құралы деп түсіндіріледі.
Глобус шетел тілінен шар немесе көлем деп аударылады.
Сонымен Жер де шар, глобус та шар болып шығады.
Алайда, қазақ Жер планетасын, оның жаратылысы домалақ болғандықтан ғана жер шары деп атамаған.
Шар дегеніміз қазақи мағынасында ол төрт тарап, төрткүл дүние, жердің төрт жағының жиынтығы, шартарап деген ұғымды береді.
Ол төрт тарабымыз шартараптың шығысы, батысы, солтүстігігі және оңтүстігі екені ұғынықты.
Жер шары – аспан денесі, қазақта нысан деп те аталады. Ғылыми тілмен айтқанда, планета.
Сонымен қоса Жер планета ғана емес, ол адам өмір сүретін және адамға қорек беретін мекен. Сондықтан Жердің өзі дүние деп те түсініледі, беті адам өмір сүруге арналған төрт бұрышты дене, яғни шар болып ұғылады.
Планета ұғымы ретінде жерді жаһан немесе жиһан деп есептеген дұрыс болушы еді.
Планета дегеніміз грек тілінен алынған ұғым. Гректерде планер астрес деген сөз тіркесі бар екен, осы тіркес қысқартылып планета сөзін береді екен. Орыс тіліне планер деген сөз блуждающая болып аударылады екен, ал астрес сөзінің аудармасы көпшілікке белгілі жұлдыз деген сөз.
Сонда планета дегеніміз ол адасқан, қаңғыбас жұлдыз деген сөздің қысқартылып алынған жиынтығы ғана екен.
Ал қолдан жасалған ұшақтардың планер деп аталуы аспанда қалқыған деген ұғымды береді екен.
Біздерге өзіміз тұрып жатқан жер шарымызды қанғыған жұлдыз деп атауымыз дұрыс бола қоймас.
Біз жер шарын жаһан немесе жиһан деп атасақ, және ол атақты күн жүйесіне кіретін қалған сегіз нысанға да берсек, жер шары тоғыз жаһанның бірі болып шыға келуші еді, ал қазақ жерді және де басқа аспан денелерін жат сөз планета деген атаумен белгілеуден арылатын еді.
Қазақта жер жүзі, дүниежүзі, бүкіл дүниежүзі деген ұғымдар бар.
Әншейінде осы ұғымдар бірлесіп әлем, бүкіл әлем деп те түсініледі.
Алайда, бұл ұғымдарды ажырата білу керек.
Дүние сөзін біз діни ұғым деп қабылдасақ о дүние мен бұ дүние деп бөлуіміз керек, философия жолымен қабылдасақ болмыс және болмағыш (бытие және небытие) деп түсінуміз керек, география жолымен қабылдасақ жер шары құрлықтарын белгілейтін дүние бөліктері Азия, Еуропа, Африка, Америка, Аустралия, Антарктида деп білуіміз керек.
Сонда географиялық ұғымдар ретінде дүниежүзі мен жер шары деген ұғымдардың мағыналары бір-бірімен тең түсетін болады.
Ал енді әлем, бүкіл әлем ұғымдарына келсек, бірсыпыра айырмашылықтар табылып қалады.
Діни тұрғыдан алсақ, дүние жарық дүние (бұ дүние), қараңғы дүние (о дүние) деген ұғымдарға бөлінеді, ал әлем олай бөлінбейді. Сондықтан дүние кезек деген түсінік те осы қатардан табылады.
Философия жағынан алсаңыз, әлем мен дүние ұғымдары аса ажыратылмайды.
Алайда, әлем деп біз күн жүйесіне жататын кеңістікті және Құсжолы деп аталатын кеңістікті қамтитын ғарыштық араны атаумыз керек деп санаймын.
Кұсжолы ол ғылыми тілмен атағанда галактика, қазақ тіліне сүт жолы деп те аударылады және сирек болса да аталады. Құсжолын біз біздің галактика деп атаймыз және Галактика деп бас әріптен бастап жазамыз, себебі мәселеге бүкіл әлем хақынан келгенде галактикалар өте көп, құс жолы солардың біреуі ғана болып табылады.
Демек, бізге әлемнен де кең кеңістіктің атауы керек, ондай атау бар, ол – ғалам.
Терминология комитеті Галактика сөзін қазақ тіліне ғалам деп аударуды бекітіпті.
Алайда, астрономия ғылымы Галактиканы ғаламның бір пұшпағы деп қана біледі.
Түнде аспанға қарап құс жолын табу қиын емес, иә, ол зор, созылған ұзын да, бүкіл бір әлемді құрайтын алып, алайда мұқым ғалам емес.
Сөздікте ғалам сөзінің бір ұғымы болып алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ бүкіл дүние деп түсіндірілген.
Сонымен бізге география деген ұғым нені білдіреді деген сұраққа жауап іздеп жер шары шегінен шығып аспан аралауымызға, яғни астрономия ғылымы қарастыратын сұрақтарды талдауымызға тура келеді.
Жаңа география орналасу туралы ғылым екенін айттық, сондықтан біз мәселені әлемде бәр нәрсені сыйыстырып, өз орнын тауып орналастыратын кеңістіктен, яғни ғаламнан бастаумыз керек.
Қандай да бір көз алдыңа елестете алмайтын, ұшы-қиыры жоқ, таусылмас кеңістікті астрономияда космос деп атайды, қазақ тілінде ол түлей кеңістікті біз ғарыш деп атаймыз.
Космос деген сөзді термин ретінде ғылымға ең алғаш Пифагор енгізген болып саналады.
Пифагор қандай зат болмасын, дүниеде не нәрсе бар болса, солардың бәрінің түпкі мәні сан деп білген, санға табынған, бәрі санды есеппен жаратылған, дүниенің түбінде санды тәртіп жатыр деп білген, яғни бүкіл әлемді ол тәртіп, грек тілімен айтқанда, космос деп санаған.
Космос деген сөзді бір-екі рет қайталап айтып көріңізші. Түбінде қазақтың қосын, қоспа, қос деген сөздері жатқаны мен үшін анық, тіпті сөздегі грекке баулитын «ос» жұрнағы да осы жерде өзіміздің өс сөзін айтып тұр, сондықтан біз аталған қеңістікті ғарыш қана емес қосыпөс деп те атай беруімізге болады. Дүние туралы ұғымның адам санасында әртүрлі ұғымдардан қосыла белгілі бір тәртіппен өсу, өрбу тарихы осыны көрсетеді. Яғни космос сөзінің астарында өзіміздің төл сөзіміз, қосып өс ұғымы жатыр деп білуіміз керек.
Көтеріліп отырған мәселеге байланысты тағы бір жайттарға тоқталайын.
Біз орбита деген шетел сөзін жақсы білеміз. Орбита дегеніміз латын тілінен «orbis» деп алынып, аударғанда «шеңбер, жер, жол» деген мағыналар береді деп түсіндіріледі.
Ғарыш ұғымына байланысты бұл сөз әуе денесінің ұшу немесе ғарыш ұшағының ұшу жолы деп ұғылады, яғни орби дегеніміз қозғалу, жылжу, тарау, даму, өсу деген сөздердің баламасы, демек, өзіміздің өрбу деген төл сөзіміз. Сонда біз неге аталған ұғымды орбита деп атауымыз керек, неге біз оны өрбіт деп атамаймыз.
Байқап қарасаңыз орбис дегеніміз адамның өзіне белгілі өрбіген жерінің шеңбері, адамға алғашқы қалпында белгілі жер шеңбері, яғни ерте замандағы адамның күнделікті өрісі ғана. Ал қазақ осы күнге дейін бір-біріне жақсылық тілегенде өрісің кеңісін дейді. Меніңше, адамның міне осы ең алғашқы өрбісі, оның ең бірінші игерген дүние бөлігі болып табылады.
Сонымен расында да өрбуіміз жер тану барысы (процесі), адам төңірегіндегі таныс жер шеңбері болып шығады, олай болса кім айтылады, жоқ орбита ол латын немесе грек тілінен шыққан сөз деп?
Космос ұғымына қайта бір оралайын. Космос деп алғашқыда Жердің айналасындағы атмосферадан кейінгі қеңістікті ғана атаған.
Бара бара Жердің өзі космостағы бір дене ғана екендігі түсінікті болған.
Сөйтіп аталған ұғымға және бір ұғым қосылып космос кеңістігі туралы түсінік кеңейе түскен, бұдан біз ең алғашында космос деген ұғым шынында да қос сөзінен өрбіп, мәселен, жерді қоршаған аспан атауы болып, одан ауа туралы түсінік пайда болғанда, қоршаған ауаға қосылған, яғни өскен кеңістік атауы болды деген шешімге келесің.
Космос ұғымының ғарыш деген баламасы бар, сол жеткілікті болмай ма деген сауалға, болмайды деген жауап берілуі тиіс.
Себебі, сайып келгенде, ғарыш түсінігі мен космос түсінігі арасында айырмашылықтар бар.
Космосты тек кеңістік қана емес, әлем, дүние деп те түсінеміз, ғарышты да солай түсінсек қателеспейміз, алайда ғылымда микрокосм (ос) деген түсінік бар, ал ғарыш сөзін алсақ, бұл сөздің астары үлкен әлемді меңзейді. Ғарыш ұғымы микрокосмос, яғни кіші космос деген ұғымды қамтымайды немесе қамтиды деуге келмейді. Себебі ғарыш ұғымы кіші космос ұғымы көлемінен аттап кетеді.
Космос пен ғалам ұғымдарының қандай өзгешеліктері бар деген сұраққа, жалпы айтқанда ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады. Алайда космос деген ұғым әлгінде ғана айтылғандай мәні өсе беретін ұғым, бір сөзбен айтқанда, ғалам дегеніміз бүкіл адам айтуға ақылы жетпес кеңістік болса, космос дегеніміз адам елестетіп болса да ақылына сидыра алатын кеңістік болып табылады. Сондықтан космос ұғымының мәні адам білімі өскен сайын кеңейіп, өзгеріп отырады.
Және қазіргі заманда космогония, космология деген сияқты космоспен байланысты ұғымдарды қазақ тілінде пайдалану ісінде қосыпөс ұғымы бізге өте -мөте қажет болады.
Осылай әңгіме шетел тілінің терминдерін қазақ тілінде қолдану мәселесіне келіп тірелгендіктен жоғарыда аталған география мен галактика ұғымдарын қазақ тіліне қалай аударуға болатынына тоқтала кетейін.
Галактика сөзін ғылым гректің галаксус, яғни сүт деген сөзінен шыққан деп санайды, сондықтан халықтар оны сүт жолы деп атайтыны баса айтылады.
Меніңше, галактикамыз ғаламдық ұғымға жататын жаратылыс, ал ғалам одан да үлкен құбылыс.
Сөйтіп, галактика ұғымын біз жай ғана ғаламдық деп түсінсек, ол адасқандық болмайды, ал өзіміздің галактика деп саналатын Құсжолын аспандық, яғни ғаламдық жаратылыстардың бірі деп бөлек атағымыз келсе ғылыми тілде әлемиет деп те атауға болады.

Географияны жерді суреттеп жазу деп өз мекеніміз Жер жаһанына оралсақ, аталған ғылымды жиһантану деп атау керек деп ойлаймын.
Сонда біз Күн жүйесін құрайтын тоғыз жаһаннан Жерді ғана жиһан деп ерекшелеп, Жер шарының аталған жаратылыстардаң бөлек қасиетті мекеніміз екенін оңаша көрсете алатын боламыз.
Бұл ұсыныс Жер шарын үнемі жиһан деп қана атау керек деген сөз емес, әңгіме әлем құрылысы туралы айтылғанда, мысал үшін, Күн жүйесін неше жаһаннан тұрады деген сұраққа, тоғыз жаһаннан тұрады деп Жерді де солардың қатарынан бөлмей-ақ айта беруге болады. Алайда әңгіме Жердің тікелей өзіне келгенде оны, Жиһан деп атасақ деген сауал.
Глобус сөзіне оралсақ, бұл сөзді қазақ тілінде жиһаншар деп қолдану керек деп санаймын, бұл жерде шар сөзі домалақ геометриялық фигура ретінде қолданылатын болады және бұл сөз глобус деген сөздің дәл мағынасын беріп тұрғаны түсінікті.
Сонда қазіргі дүниені билеп келе жатқан глобализация құбылысы да жиһандану болып түсінілетін болады.
Ал интернетті қазақ тілінде біз ғаламтор емес жиһантор деп атауымыз керек, сонда ол Жердің шартараптарының әр бұрышында болып жатқан және болған сан алуан оқиғалардың, хабарлардың, мәліметтердің және Жер жүзін мекендеген халықтарға белгілі кеңістік туралы оқиғалардың, хабарлардың, мәліметтердің Жердегі жиынтық торы екендігі айқындала түседі.
Қазақ болып қалайық десек, бүкіл дүниежүзін шарпып тұрған глобализация немесе өз тілімізбен айтқанда, жиһандану желі бізді өз бетімен өзі білген жағына ұшырып алып кетпеуі үшін, басқа ұлттар арасында сөзіміз де, ісіміз де өтімді болу үшін, біздің барлық ұлттармен тереземіз тең болуы қажет, сонда ғана біз жиһандану желін пайдалана білетін боламыз, сонда ғана біздің ұлттық мүдделеріміз жүзеге асатын болады.

Кәкен Сейітов,
облыстық соттың судьясы

Осы айдарда

Back to top button