Жарақатына қарамай жанын салыпты
Өскеменнің әуежайына бүгін ерекше көп халық жиналды. Арасында қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстап, телефондарын «селфилетуге» даярлап қойған жастар да бар. Бәрінің күткені күндізгі сағат 11-лер шамасында Алматыдан келіп қонатын әуе кемесі.
Міне, өскемендіктер мен қала қонақтары жақында ғана Индонезия астанасы Джакартада аяқталған 18-ші Азия ойындарының чемпионы, бірер күн бұрын Чехияның Острава қаласында өткен Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы үшін жарысының күміс жүлдегері Ольга Рыпакованы осылай қарсы алды.
Жерлестерімен қауышқан спортшының өзі мұндай қошеметті күтпесе керек, бастапқыда біраз абдырап қалғандай болды. Дегенмен әрдайым ел назарында жүріп үйренген саңлақ тез «есін жиып», өзін қаумалай қоршаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап бере жөнелді.
– Мен үшін бұл төртінші Азиада болды. Құдайға шүкір, бәрінде де отандастарымның үмітін ақтап, ел қоржынына алтын түсіре алдым. Дегенмен соңғы жеңісімнің орны бөлек, себебі, мен үшін 2018 жыл сынаққа толы болды. Индонезиядағы жарыс алдында физикалық жағдайым ойдағыдай емес еді. Біраз жарақатым да бар болатын. Соған қарамастан, жеңіс үшін аянып қалғаным жоқ. Екі жарыста да жүлдеге іліктім. Осындай қиын сәтте маған қолдау көрсеткен жерлестеріме, туған-туыстарыма алғысым шексіз. Бұл жеңістерімді Қазақстаныма арнаймын, – деген Ольга енді тезірек үйге жетіп, біраз демалғысы келетінін айтты. – Шынымды айтсам, қатты шаршадым. Балық аулауға шыққым келеді. Дегенмен, алда сын көп. Бұйырса, сәл тынығамын да сол жарыстарға дайындықты бастаймын.
Осы жерде қызының сөзін чемпионды көппен бірге қарсы алуға келген анасы Валентина Алексеева жалғап әкетті.
– Қызымның көбірек үйде, жақындарының ортасында болғанын қалайтыным рас. Жасыратыны жоқ, жасы да келіп қалды. Дегенмен, мен Оляның мінезін жақсы білемін. Ол бойында күш-жігері барда спортпен қош айтыса қоймайды. Әрі қарай күресе береді, жаңа белестерді бағындыруға талпынады. Менің қызым сондай, – деген анасы үйде дастархан жайып қойғанын, Ольгаға арнап оның сүйікті тағамы мәнті пісіргенін айтты.
Айта кетейік, бұл күні әуежайға чемпионды қарсы алуға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, жас спортшылар мен қарапайым тұрғындар да келіп, даңқты жеңілатлетке лайықты құрмет көрсетті.
Естеріңізге салайық, Индонезия астанасы Джакартада өткен Азия ойындарында Ольга Рыпакова қыздар арасындағы үш қарғып секіру сайысында үздік нәтиже көрсетіп (14,26 метр), осымен төртінші рет қатарынан құрлықтық доданың мықтысы атанған-ды. Ал күні кеше жерлесіміз Чехияда мәресіне жеткен Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы үшін жарыста күміс жүлдеге ие болды. Бұл сында шығысқазақстандық жеңілатлет алдына тек Рио Олимпиадасының чемпионы, колумбиялық Катрин Ибаргуэнді ғана жіберді.
Нұржан Кенжеұлы