СпортТОП

Жапоннан үйренеріміз көп

Нұржан Кенжеұлы

Төрткүл дүние көз тіккен доп додасында тағы бір сенсация. Бұл жолы да бәріміздің еріксіз таңдайымызды қақтырып, қолымызды соқтырған азиялық команда болды. Көпшіліктің пікірінше, футбол әлемінде ортаңқол ұжымдардың бірі саналатын Жапония құрамасы төрт дүркін Жаһан чемпиондары Германия командасын жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.

Шынымен де, «көк самурайлардың» жетістігі айтуға тұрарлықтай. Ойын барысында жеңіліп жатып, сайдың тасындай іріктелген Германия құрамасын тізе бүктіру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ал келсе, жапон сияқты қиындықтан беті қайтпаған, намысқой ұлттың ғана қолынан келеді.

Осы ретте жапондардың тағы бір ерлігі туралы айтпасқа лажымыз жоқ. Ол, әрине, өздеріне ғана тән тазалығы. Германиямен өткен кездесуді тамашалаған жұрт ойыннан кейін жеңісті тойлаған жапон жанкүйерлерінің бірден сыртқа лап қоймай, керісінше, стадионда қалып, отырған жерлерін жөнге келтіріп, қоқыс тере бастағанын көрді. Міне, қызық, мундиальдің шымылдықашар ойыны – Эквадор мен Катар арасындағы кездесуден кейін де матчты тамашалауға келген бір топ жапон жанкүйері өздерінің орындарымен қатар, өзге елдің фанаттары отырған орындықтардың айналасын тап-тұйнақтай етіп тазалап кеткен екен. Нағыз мәдениет, нағыз тәрбие деген осындай болу керек! Жапондардың бұл әрекеті тіпті, ойын бітпей жатып орындарын тастап кете барған жарыс иелері, иісі мұсылман катарлықтарға да әрі үлгі, әрі сын болуы тиіс.

Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Жапония ұлттық құрамасы үшін биылғы доп додасы – жетінші Әлем біріншілігі. Бұған дейінгі жарыстардың үшеуінде (2002, 2010 және 2018 жылдары) «көк самурайлар» топтық кезеңнен асып, 1/8 финалға дейін жеткен болатын. Әсіресе, Ресейде өткен соңғы Әлем чемпионатындағы ойындары есімізде. Сол жолы Польша, Сенегал және Колумбиямен бір топқа түскен азиялықтар атамыш квартеттен екінші орынмен шығып, плей-офф кезеңінде Бельгиямен кездеседі. Ол кезде сапында Лукаку, Азар, де Брюйне секілді бірінен – бірі өткен жұлдыздары бар Бельгия құрамасы жарыстың басты фавориті саналған болатын. Алайда, еш қарсыласынан қаймығып көрмеген қайсар жапон аяқдопшылары ойын бастала салысымен, бельгиялықтардың қақпасына лап қойып, екі доп соғып жібереді. Тек матчтың соңғы жиырма минутында ойын тізгігнін уысынан шығарып, нәтижесінде 2:3 есебімен жеңіліп қалады. Дегенмен, күллі әлемге азуы алты қарыс мықтылармен терезесі тең дәрежеде ойнай алатынын көрсетеді.

«Көк самурайлардың» сол бір табандылығы ешқайда кетпепті. Оны осы жолғы Германиямен өткен кездесуді тамашалай отырып айқын аңғардық.

Сіздің болжам

 Құрметті футболсүйер қауым! Міне, төрткүл дүние сарыла күткен доп додасы да басталып кетті. Чемпионат күні кеше ғана жалауын желбіретсе де, бүгінде футбол мамандары кімнің жеңіске жететінін, қай ойында қандай нәтиже тіркелетінін жарыса жазып жатыр. Осы ретте, біз газетіміздің оқырмандары арасында да осындай байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. «Сіздің болжам» деп аталатын бұл сайысқа қатысушылар біз ұсынған Әлем чемпионаты ойындарының есептерін дәл табуы тиіс (Мысалы, 3:2, 0:0, 1:3 дегендей). Әр дұрыс жауапқа үш ұпайдан берілетін болады. Есептерді дөп басып айтқан оқырмандарымыздың аты-жөндерін газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялап отырамыз. Доп додасының соңына дейін жалғасатын байқаудың қорытындылары бойынша ең көп ұпай жинаған қатысушыларға газетіміздің атынан сыйлықтар беріледі. Болжамдарыңызды 87759118232 телефон нөміріндегі ватсапқа жіберуіңізге болады. Бәс-бәйгенің бас бәйгесінен қапы қалмаңыз, футболсүйер ағайын!

Ескерту: Ұсынылған матчтарға қатысты жауаптар ойын басталмай тұрып жолдануы керек. Кездесу кезінде жіберілген жауаптар есепке алынбайды.

DIDAR газеті 

Өткен жолы оқырман назарына төрт кездесуді ұсынған болатынбыз. Ал бұл жолы футбол жанкүйерлеріне 27 және 28 қараша күндері ойналатын ойындардың есептерін дәл тауып көріңіздер демекпіз.

27 қараша, жексенбі

16.00 – Жапония – Коста-Рика

19.00 – Бельгия – Марокко

22.00 – Хорватия – Канада

01.00 – Испания – Германия

28 қараша, дүйсенбі

16.00 – Камерун – Сербия

19.00 – Оңтүстік Корея – Гана

22.00 – Бразилия – Швейцария

01.00 – Португалия – Уругвай.

Осы айдарда

Back to top button