Қоғам

Жапонияда экспорт көлемі азайып кетті

Жапонияда экспорт көлемі азайып кетті

Жапонияның экспорты алты айдан бері төмендеп келеді. Мұндай жағдай 2012 жылдан кейін аталған елде болмаған. Осыған орай Жапония үкіметі экономиканы ынталандыруға мықтап кіріскен.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, наурыз айында тауарлар экспорты 6,8%-ға құлдыраған. Яғни, жылдық есеппен алғанда 59,1 млрд. долларға дейін төмендеген.
Күншығыс елінде өндірілетін болат пен металл өңдейтін қондырғыларға шетелдіктердің сұранысы айтарлықтай әлсіреген. Кәсіпкерлер иена бағамының қайта нығаюы өздері өндіретін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуі ықтимал екендігін айтуда. Ал әлемдегі экономикалық дағдарыс жапондық экспорт көлемінің азаюына тікелей салқынын тигізіп отыр.
Айталық, биылғы наурыз айыда Қытайға шығарылатын экспорт мөлшері 7,1%-ға құлдыраса, жапондық өнімдердің ең ірі тұтынушысы болып табылатын АҚШ-қа жөнелтілетін тауарлардың көлемі 5,1%-ға кеміген.
Сонымен қатар, наурыз айында жапондық импорт 14,9%-ға (5,702 трлн. иена) дейін азайған.

12 мың жұмысшысын қысқартпақ

Дербес компьютер шығаратын әйгілі американдық «Intel» компаниясы өз өнімдеріне сұраныстың күрт азаюынан 12 мың жұмысшысын қысқартпақ. Бұл – компания қызметкерлерінің 11%-ы.
Оңтайландыру мақсатындағы қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізу үшін алпауыт кәсіпорын 1,2 млрд. долларға шығындалмақ. Қысқарту үдерісі бір жыл бойына біртіндеп жүргізілмек.
Сонымен қатар, әлемдегі аса ірі компьютер өндіруші ағымдағы жылға жоспарланған табысының болжамды мөлшерін де азайтып отыр. Жыл басынан бері компанияның акциясы шамамен 8,4%-ға арзандап кеткен.
IDC зерттеу мекемесінің деректеріне сүйенсек, 2016 жылдың алғашқы тоқсанында дербес компьютерлерді сату көлемі әлемдік нарықта 11,5%-ға төмендеген.

Зика безгегінің жұғу қауіптілігі жоғары

Бүгінгі күні екі миллиардтан астам адам зика безгегінің таралу қаупі жоғары аумақта тұрып жатыр. Бұл туралы «eLife» журналында жарияланған зерттеулерге сүйенген «Би-би-си» мәлім етті.
Жұқпалы вирус туғызатын сырқаттың таралуына байланысты осы жылдың басында әлемнің бірқатар елінде төтенше жағдай жарияланған. Зерттеу нәтижелері анықтағандай, Зика вирусы бір ғана аймақта өмір сүрмейтін болып шыққан. Сол себепті аурудың жұғуы әлдеқайда күрделі үдеріс көрінеді.
«eLife» журналында жарияланған картаға жүгінсек, вирустың ықтимал таралу аумағы солтүстік Аустралиядан оңтүстік Азияға дейінгі аралықты, Африканың бүкіл орталығын, оңтүстігін және батыс бөлігінің біраз жерлерін қамтиды. Сол сияқты Оңтүстік және Солтүстік Американың басым аумағы кіреді .
– Шыбын-шіркей вирусты тарататын бір ғана тасымалдаушы. Бұдан басқа қаншама таралу жолдары болуы мүмкін. Шыбынның денесінде вирус жетілуі үшін ауа райы жылы болуы керек. Оған қоса халық тығыз орналасқан жерлерде тез таралады бұл, – дейді Оксфорд университетінің докторы Оливер Брейди.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button