«ЖАПАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҮЙДІҢ» ЖҰМБАҒЫ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

Бұл оқиғаның тарихы тым тереңде болар. Омбы-Майқапшағай тас жолының бойында тұрған қараша тамды өткен-кеткен жолаушылар жақсы біледі.
ТАЛАЙ ЖАНҒА ПАНА БОЛҒАН «БОЧКОВО» БЕКЕТІ
Құлан жортқан сайын далада тұрған бұл бекет талай жолаушыны жол азабынан құтқарған. Аптап ыстықта кенезесі кепкендер таңдайын жібітті. Қаңтардың саршұнақ аязы мен ақпанның ақырған боранында жолда қалған жолаушыға пана болған «Бочков» бекеті. Тарихшылардың айтысына қарағанда, саманнан салынған тамның тұрғанына ғасырдан асқан. Бәлкім, одан да әріде болған. Мұнда өмір бақи орыс кержактары Бочковтар әулеті тұрған. Ал ең қызығы, бұл үйдің есігін ешім ашпаған және ашқызбаған. Құдды ертегінің мыстан кемпірінің үйі сияқты, меңіреу мекен. Тарихшы этнографтардың зерделеуінше, Бочковтар әулеті 19-ғасырдың басында келген. Сол кезде дәл осы күре жол Зайсан көліне баратын төте және ыңғайлы жол болған. Дерек көздеріне сүйенсек, Рессейдің паташа ағзамы Зайсан көлінен балық алдырған. Заманында Зайсанда бекіре тұқымды балық болған. Соны орыс ақсүйектері арнайы алдырған және балық тиелген кіре қыс мезгілінде тартылып, Семей арқылы Санкт-Петербордағы ақсүйектер сарайына жетізілген. Балық тиелген керуен осы бекет арқылы өтетін көрінеді. Бекетті салдырған кіші көпес Бочков болған дейді сол кездегі қариялар. Бұл бекетте қысы-жазы жолаушы арылмаған. Жаз мезгілінде Зайсаннан жемістің бірнеше түрі, соның ішінде жүзім болған дерек бар. Этнограф – тарихшылардың дерек көздерінде сүйенсек, заманында Зайсанда аққайнар өндірілген, «Зайсанское шампанское» болған деседі Оны тарихшылар зерделей жатар. Ал Зайсан өңірі шалғай демесеңіз, ықылым заманнан өндірісі дамыған, қазіргі ұғыммен шағын және орта бизнестің орталығы болған. Сәулет өнері де дамыған. Оған осы күнге дейін тұрған сол заманның көпестерінің тарихи ғимараттары куә. Міне, солардың ортасында осы Бочков та болған. Өкініше қарай, әулетінде қанша адам болғаны және олардың аты-жөндері жайында толық мәлімет жоқ. Ал біз әңгіме етіп отырған бекет шамамен 1914 жылдар шамасында салынған және осы жерде бірнеше там болған дейді. Бұл – қызыл революция заманы. Демек, бұл бекеттің талай тарихтың куәсі болғанын сеземіз. Мұны талайлар тартпақтап көрген. Бірақ сол жұмбақ күйінде әлі келеді.
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ РОБИНЗОНЫ

Сөзіміз дәледі болу үшін мына бір дерек көздеріне үңілейік. 70-жылдары Ресейдің белгілі тележүргізушісі, әйгілі жаһангер Н.Дроздов өзінің «В мире животных» бағдарламсы үшін Зайсан көлі мен ондағы мекендеген жан-жануарларды түсіріп жүріп жол бойындағы бекетке арнайы тоқтап, орыс көпесінің ұрпағы екенін біліп, үй иелерін әңгімеге тартқан. Алайда, жаһангер жұмбақ үйдің иесінің де, үйдің сырын аша алмаған. Жаһангердің 1975 жылғы «Вокруг света» танымдық журналындағы мақаласында «Осы сапарымда қазақтың сайын даласындағы жапандағы жалғыз үйге жолықтым. Үй иесі орыс болған соң емен-жарқын әңгіме құрмақ болып, су сұрадым. Еңгезердей сары жігіт маған ұзақ қарап тұрды да, есік алдындағы құдықты меңзеді. Мен «сайын дала төсінде, өркениеттен шет қалған неткен жан?» деп, әңгімеге таруға тырыстым. Еш құлық танытпады. Жұпыны үйдің есігін көлегейлеп тұрып алды. Жол бойындағы бұл үйде не сыр бар? Кеңестік одақта тұрып, осындай да болады екен-ау. Қазақ даласының Робинзоны болар? – деп топшыладым» – дейді жаһангер.
Робинзон демекші, қазақ жерінде дәл осындай екі адам бар. Оның бірі – Алматы облысы, Бақанас ауданындағы Іленің Балқашқа құяр сағасындағы ну қамсытың ортасында 50 жылдан астам өмір сүрген жан. Ол туралы бұқарлық ақпарат құралдары талай жазған. Сол адам өмірден озыпты деп естиміз. Кеңес кезінде әлгі қамыс қопада тұрып, өмір сүрген жанды үндеместің жансыздары үнемі бақылауда ұстаған. Бірақ ол саясатпен айналыспаған. Ешкіммен араласпаған және сол кездегі солақай саясатқа қарамай әлгі қамысшы шал жұмыс істемей, тек балықпен ғана күн көрген екен. Сол жұмбақ жанның өмірі жайында фильм түсірмек болған тағы бір Ресейдің тележүргізушісі Ю.Сенкеевич те бос камерасын қолтығына қысып қайтыпты. Жұмбақ жанның енді бірі «Жапандағы жалғыз үйдің» иесі – Бочковтар әулетінің соңғы ұрпағы Алексей Бочков. Алексейдің ерекшелігі ол бұрынғы Ақсуат ауданындағы «Сұлутал» кеңшарында жанармай таситын жүргізуші болып жұмыс істеген. Зейнетке де осы ұжымнан шыққан. Ауылдастары оның ешкіммен араласпаған, сыр бермейтін аса құпия жұмбақ жан екенін айтады. Ол ешқашан үйленбеген. Есігінен жан баласын аттатырмапты. Кейбір көзі көргендерге арагідікте құпиясының ұшын шығарғандай болады екен. Айтысына қарағанда, революцияның қанды қырғынында атасы талайдың жанын алып қалып, талайдың қазынасына қалқан болған. Сол үшін ата-бабамның шаңырағын ұстаймын дейтін көрінеді. Сол үрдісінен әлі де айнымаған. Осындай әңгіменің желісімен талай тілші Алексейдің басын қатырыпты. Бірақ буылған ауыз ашылмайды. Мен де сол пақырлар сияқты бекетке әлденеше соқтым. Жымиып қана есік алдынан қайтаратын. Тек өткен жылдың күзінде ғана ол тұрған ертегі жапаның есігін ашу мүмкіншілігі туды. Екі бөлмелі сыз тартқан қараңғы бөлмеде орыстың бәйбішесін көрдім. Айтысына қарағанда, қарындасы көрінеді. Ал бөлмеде екі темір кереуеттен басқа ештеңе жоқ. Көрпе-жастық атауымен болмаған. Тақуалық өмір сүреді. Қыс баласында қатты отын жақпайды, тек осы өңірдегі шөп пен шеңгелді пайдаланады. Өткен жылы Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасры К.Мауадинов қарттар күні қарсаңында келіп, хал- жағдайын біліп, әкімшілік атынан көмір және төсек-орын сыйлаған. Алайда, осының бірін де пайдаланбаған. А. Бочковтың тағы бір қасиеті – ол өмірі денсаулығына шағым жасамаған және жалғанда ауырып көрмеген. Жалғыз үйдің бүгіп қалған тағы бір сыры бар. Қанша екенін кім білсін, туыстарының бәрі осында жерленгенін айтады. Алайда, бұл маңнан моланың орнын көрмейсіз. Бұл – соңғы жұмбақ.
Жақында бұқараны дүрліктірген оқиға – Бочковтар әулетінің соңғы ұрпағы Алексейдің қараша үйі белгісіз жағдайда өртеніп кетті. Қара жолдың бойында тұрған ғасыр куәсінің сау тамтығы қалмағанына былайғы жұрт қатты налыды. Екі ауданның да әкімдігі Бочковты қарттар үйіне орналастырмақ болыпты. Бірақ қараша үйдің басында қалқайып жарты айдай отырған жұмбақ қария ақыры Самардағы қарттар үйінен орын алды. Ал қараша үйдің орнында ғасырдың куәгерлеріндей жалғыз тал мен құдық қана қалды. Жұртта қалған үйдің жұмбағын енді кім шешеді?
Қадырбек Кәкімұлы