Лебіз

Жаныңды да, тәніңді де емдейді

Өскемендегі облыстық аурухананың көз емдеу бөлімшесінің дәрігерлері өз міндетін жоғары деңгейде атқарып отыр. Бұл бөлімшеде тәжірибесі мол, кәсіби білікті дәрігерлер мен медбикелер қызмет етеді.

Бұған мен осы ауруханада көзіме ота жасатқан кезде куә болдым.

Бөлімше меңгерушісі Тынысбек Мағауянов – Семей медицина университетінің түлегі. Хирург-офтальмолог болып істегеніне тоғыз жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол қаншама операцияны сәтті жасап, көпшіліктің алғысын алған. Жүзі жылы, сыпайы, мейірімді жан. Оның бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдағаны көрініп тұр. Адамды сөзімен де, ісімен де емдейді. Білікті маман көзге макрохирургия әдісімен ота жасауды шебер меңгергені байқалады. Тынысбек білімі мен білігін, тәжірибесін жетілдіре түсу үшін Алматы, Астана қалаларына барып, арнайы курстардан өтіпті. Осындай білікті дәрігер маған ота жасады. Операция жарты сағатта сәтті өтті. Қолы жеңіл екен. Ешқандай ауырсыну сезінбедім.

Операция бөлмесі де тап-таза, жаңа үлгідегі керемет құрал-жабдықтармен жабдықталыпты. Ондайды бұрын кім көрген. Бәрі жарқырап-ақ тұр.

Аурухананың мейірбикелері Е.Лоншакова, С.Ширшикина, И.Грищенколар да өте мейірімді, өз ісін абыроймен атқарып жүрген мамандар. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Кіші мейірбикелер Т.Петрячко, М.Шапавалова, Т.Иванова, Г.Головколардың да еңбегін айтпай кетуге болмас. Аурухана палаталары мен дәліздің, ауланың тазалығын бақылап, ретке келтіру, науқастарға тамақ әкелу, төсек-орынды реттеу және басқа да шаруалар – осылардың мойнына жүктелген міндет. Ең бастысы, олар бұл міндеттерін ерекше ынтамен, адалдықпен атқарады.

Мінеки, Өскемендегі облыстық аурухананың көз емдеу бөлімшесінде осындай білікті де білімді, ең бастысы, мейірімді адамдар еңбек етіп жатыр. Didar газеті арқылы осынау ақ халатты абзал жандардың қолынан шипа көріп, емделіп шыққан көпшіліктің атынан адам жанының арашашысы атанған медицина қызметкерлеріне зор алғысымды жеткізгім келеді.

Мұрат Әшірбаев

Өскемен.          

 

Back to top button