Жаны нәзік, рухы асқақ

Табиғатынан биязы, нәзік жүректі әйел қауымының бүгінде бағындырмаған белесі, игермеген мамандығы кемде-кем.Сырт көзге нәзік жандылардың болмысымен жараспайтын, иесінен қаталдық пен ширақтықты талап ететін, сирек кездесетін мамандықтарды таңдаған қыз-келіншектер біздің өңірде де жетерлік. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада осындай қызықты мамандықтарды меңгерген жандармен кездесу өтті.
Қолында темір екеш темірді де ерітіп, одан өзі қалаған дүниесін соғып алатын ұста Светлана Кошелева, тұлымы желбіреген төрт ұлды тәрбиелеп, қызметін үй шаруасымен қатар алып жүрген танымал әріптесіміз,журналист Айдана Дайырова, әскери қызметкерлердің отбасылық династиясын жалғастырушы, екі ханшайымның анасы лейтенант Самал Есперова, құрсақта жатқан нәрестенің денсаулығына жауапты сонолог маман Ақмарал Талғатқызы, кәсіби бишілікті аралас жауынгерлік күреске айырбастап, спорттың осы түрінде бас айналдырар жетістіктерге жетіп жүрген Варвара Полторанинаның өмір жолдары жиналған жастардың шынайы қызығушылығын тудырғаны сөзсіз.
Ата жолын қуып, көрікті қыздырып жүрген Светлана Кошелева ұсталықпен айналысуының нақты сыры – бала жасынан мүмкіндігі шектеулі қызында екенін жасырмады. Мұқтаж бүлдіршінін бағып-қағу үшін үйде жұмыс істеу керек болыпты. Темірді иіп, қолында ұршықша айналдыратын Светлананың жүрегінің
қаншалықты жұмсақ екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Ал төрт бала тәрбиелеп отырған журналист Айдана Дайырованы оқырман он саусағынан өнер тамған ісмер ретінде де жақсы таниды. Оюлы көрпе-жастықтан бастап, сәнді сәукелеге дейін тігетін әріптесіміздің бір ғана арманы бар екен. Ол – кәсіби дизайнер болу. Алайда арнайы оқуын тәмамдамаса да, дизайнерліктің қыр-сырын да жақсы меңгергені қолынан шыққан дүниелерінен айқын көрінеді.
Әскери психолог, лейтенант Самал Есперова форма киіп жүрген әскерилерге бала кезінен қызыққанын айтады. Ал қызметінде табысты болуы ең алдымен Нұрай мен Әмина атты екі қызының, жолдасының қолдауының арқасында екен. Дегенмен Самал отбасының ұйытқысы әйел екенін әсте есінен шығармайды.Сондықтан да, жұмысы қанша қиын болғанына қарамастан оның дәмді палауы әрқашан дайын тұрады. «Анам өте мейірімді. Бізге ұрсып көрген жоқ» дейді үлкен қызы Нұрай.
Біздің қоғамда бір әулеттің ғана емес, бүкіл ұлттың ұрпағына, оның болашағына жауап беретін мамандық та бар екен. Ол- ана құрсағындағы шарананың өмірге дені сау болып келуіне жауапты сонолог маман. Мұндай мамандық иесі болу шынында даүлкен кәсібилік пен асқан ыждахаттылықты талап етеді. Сол себепті облыстық ана мен бала орталығының дәрігері Ақмарал Талғатқызының еңбегі де өлшеусіз. «Нәрестені анасының бойына біткен сәттен бақылауға алып, оның дұрыс дамуын жіті қадағалап отыратындәрігер алдымен өте білікті маман болуы керек» дейді сонолог Ақмарал Талғатқызы.
Кездесуге жиналған жастар үшін, әрине, ең қызықты кейіпкер аралас күрес өнері бойынша қыздар арасындағы Қазақстанның тұңғыш чемпионы, «Алтей» клубының тәрбиеленушісі Варвара Полторанина болғаны даусыз. Бала кезден бимен айналысып, кәсіби балет бишісі болуға дайындалып жүрген Варвара жиырма жасында аяғын жарақаттап алып, хореографиямен біржола қоштасуға мәжбүр болады.

-Өзімді рингте сынап көргім келді. Үйге алғаш рет бет-аузым көгеріп келгенде, ата-анам қарсы болды. Бірақ алты ай жаттығудан кейін облыстың чемпионы атандым. Әзірге әуесқой спортшымын, кәсіби түрімен де айналысу ойымда бар, – дейді Варвара Полторанина.
Бір қызығы, бимен айналысуға кедергі келтірген жарақаты рингте мазаламайды екен. Сырт келбеті жұдырықтасуды кәсіп еткен кәнігі спортшыдан гөрі сән журналының беттерінен түспейтін модельге ұқсайтын бойжеткеннің ішкі дүниесі де нәзік. Рингте жүргенде, «тезірек мені шығарыңдаршы мына жерден» дегендей күйде жүретінін де күліп айтады. Варвара Полторанинаның қоржынында қазір бір алтын, бір күміс, үш қола медаль бар. Айтпақшы, ол облыс орталығындағы сән салондарының бірінде массажист болып істейді.
Айна Ескенқызы