Қоғам

Жаннаның қуыршақтарына Мәскеуден тапсырыс түсіп жатыр

Жаннаның қуыршақтарына Мәскеуден тапсырыс түсіп жатыр


Алты жыл бұрын Жаннаның өмірі күрт өзгерді. Сол бір 2010 жылғы қыстың әдемі кешінде көлік апатына түсіп, ауыр жарақат алды. Есін жиғанда қол-аяғының өз еркіне көнбей жатқанын сезді.

Бұл дүниеде ең қымбат қазына – өмір мен денсаулық. Денсаулығынан айырылып, жүріп-тұрудан қалған адамдардың дені өмірден түңіліп, көңілсіз күй кешеді. Бірақ сал болған Жанна мойыған жоқ, бар қажыр-қайратын бойына жинап, күресуге бел буды. Дәрігерлердің «сіздің мойын омыртқаңыз сынған, енді қимылдай алмайсыз» деген қатал өкіміне мойынұсынбады. Осы бір нәзік, қаршадай ғана талдырмаш қызға ұзақ уақыт емделуге тура келді, талай мықты дәрігерлерге апарды әке-шешесі. Алайда, олардың бәрі де бірауыздан науқастың қимылға келуі екіталай екенін айтты.

Ақыры үш жылдан соң үміт отын сөндірмеген ата-ана жалғыз қыздарын алып, Қытай еліне, Үрімші қаласына жол тартты, сондағы үздік емшілерге қаратты. Өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, мұның бәрі көп қаржыны қажет етеді. Бірақ ата-ана баласынан бар жиған-тергенін аямады. Әлбетте, көп бейнеттің бір зейнеті де болды. Төсекке таңылған Жанна дәрігерлердің емінен соң қолдарын қимылдатып, отыра алатын жағдайға жетті.

«Уақыт құйындай ұйытқиды, ұшқан құстай зымырап өтеді» дейді қазақ. Бірақ төрт қабырғада төсек тартып жатқан адам үшін уақыт тасбақадай баяу жылжиды. Оны бізге Жанна айтты. Ұзақ түннен кейін келіп жететін ұзақ күн… Ол терезеге телмірумен болды. Жұмысқа, сабаққа асыққан адамдар, шүйіркелескен әжейлер, қол ұстасқан ғашықтар – осының бәрін сырттан қызыға тамашалады. «Шіркін, бұрынғысынша жүріп кетсем ғой, ел қатарлы болсам ғой» деп армандады. «Бұрын неге денсаулықтың қадірін білмегем, түсінбеппін ғой» деген өкінішті ойлар санасын шармады.

– Маған қайткенмен де уақыт өлтіру керек болды. Ауыр ойлардан арылтатын бір іс, ермек керек еді. Сол кезде мен өз қолыма ине-жіп пен матаны қалай алғанымды білмеймін. Міне, сол сәттен бастап өмірім өзгеріп сала берді. Менде ермек пайда болды. Алғашқы жасаған күшік бейнесіндегі қуыршақты анама арнадым. Біраздан соң күнде бір қуыршақ тігетін халге жеттім. Көбінесе аңдардың және танымал мультфильмдердің кейіпкерлері. Болашақ қуыршақтың нобайын жоспарлап, оған мата таңдаймын, сосын қуыршақ тігуге кірісемін. Тек уақыт керек. Ал менде уақыт көп. Біраздан соң үйдің іші қуыршаққа тола бастады. Олардың әрқайсысы мен үшін ыстық болатын. Өйткені, өз қолымнан шыққан, махаббатпен жасалған дүние ғой. Тағы бір қызығы, осы істің арқасында менің сіресіп тұратын саусақтарым еркін қимылдайтын болды, – дейді Жанна Жәбекова.

Бастапқыда Жаннаның қуыршақ сатып, ақша табам деген ойы да болмапты. Тіпті, үйге келген туыстарының бірі «мына қуыршақты маған берші, ақшасын төлеймін» дегенде оны қимай, жүрегінен жұлып алғандай әрең бергені де бар екен. Бірақ тез арада-ақ сол қуыршақты өзгелер көріп, Жаннаның өнерін бағалаған жұрт үйіне келіп қуыршақ сатуын өтінетін болды. Кейін ол туындыларын Көкпектідегі дүкенге қоя бастады. Ал енді тілшілер келіп, Жанна туралы мақалалар мен репортаждар шыққан соң ісі дөңгелеп жүре берген. Жаннаның өнері туралы елімізде ғана емес, шетелде де естіп-біліпті.

– Сатпасқа амалым қалған жоқ, бөлмем қуыршақтарға лық толып кетті. Туыстардың балаларына таратумен болдым. Сонда да пайда табайыншы деген ой болмады. Әркім өздері бағалап, ақшасын төлеп жүрді. Мынау мынанша тұрады деп құнын белгілеген емеспін, – дейді Жанна.

– Неге қуыршақ? Неліктен нақ осы істі таңдап алдың?

– Мен киім модельері-конструкторымын, Семей қаласындағы «Ласканье» ательесінде үш жыл істеп, киім тігумен шұғылданғанмын. Яғни, осы салаға жақынмын. Бірақ бұрын қуыршақ тігіп көрмеген болатынмын.

Жанна қуыршақпен қатар түрлі себеттер, қораптар, моншақтардан мүсіндер тоқиды. Әдетте олар шиден тоқылады. Бірақ Жанна шиден емес, газет қағаздарынан жасайды. Газет қағазы жұмсақтау болады дейді. Міне, Жанна сол қағаздан түтікше етіп ши жасайды да, сонымен тоқиды. Кейін бұйымды лакпен бояп шығады. Көздің жауын алатын керемет әрі бірегей заттар. Оларды кәдесый ретінде тарту етуге болады.

Қуыршақ тігуге қажет синтипух (қуыршақ ішіне салынатын материал), флис, фетр секілді маталарды Жаннаның анасы Руфа Фаизқызы Өскемен мен Семейден көптеп әкеп береді. Ондай маталарды табу қиын. Сондықтан кейбіреулерін Интернет арқылы тапсырыс беріп алдыртады. Жанна егер бірдеңені білмей жатса, неемесе жаңа идеялар керек болса, Интернет әлеміне жүгінеді.

Қазір Жанна тапсырыстар орындап жүр. Қолдан жасалған заттар, яғни, хэнед-мейд әрдайым жоғары бағаланды әрі сұранысқа ие. Жуырда оған Мәскеу қаласындағы «Терра-Моторс» автокөлік салоны үлкен тапсырыс беріпті. Салон әр автокөлік сатып алған клиентіне жұмсақ қуыршақ сыйлауды ойластырған. Енді сол ойыншықтарды Жанна тігетін болады.

Жаннаның қазіргі мақсаты анық, ол – «Даму-Көмек» қоры ұсынған қаржының арқасында қуыршақ жасаумен шұғылданатын өндіріс орнын құру. Үйінің қасынан әкесі арнайы цех салып жатыр. Қасына 2-3 жұмысшы қызды алып, қуыршақ тігу өнеріне баулымақшы. Өйткені, тапсырыстар көп, жалғыз өзі үлгере алмайды. Қазір елімізге жұмсақ ойыншықтар Қытайдан келеді. Олардың сапасы нашар, жағымсыз иісі мұрын жарады, яғни, бала денсаулығына зиянды. Ал Жаннаның бұл ісі импорт алмастыруға сеп болары сөзсіз.

Жаннада қазір бос уақыт жоқ деуге болады. Ол сонымен қатар, тренажерлармен түрлі жаттығулар жасауға да уақыт табады. Арманы – аяғына нық тұрып, жүріп кету. Оның қазіргі басты қолдаушылары – әке-шешесі мен апайы Раиса және ағасы Серік.

Тепсе темір үзетін жігіттердің тағдырдың тезіне шыдамай жүнжіп кеткеніне талай куә болған біз нәп-нәзік қыздың қайсар мінезіне, мойымас рухына сүйсіндік, қуандық. Жаннаның қолынан шай ішіп, қанаттанып шықтық. Адам алдына мақсат қойып, батылдық танытса, өмірде алынбайтын қамал жоқ екен. Мүмкіндігі шектеулі жандар осындай жетістіктерге жетіп жатса, дені сау, аяқ-қолы бүтін біздер үшін неге қиын болуы керек?

Ержан Әбіш
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button