Қоғам

Жанна Жабекова жұмысшы іздейді

Жанна Жабекова жұмысшы іздейді


Қазақстанның 100 жаңа есіміне кірген жерлесіміз өз бизнесін кеңейту үшін қасына көмекшілер іздеп жүр. Бұл туралы ол облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың шағын бизнес өкілдерімен кездесуінде айтылды.

Кездесуге жеңіл өнеркәсіп, сервис, туризм және қайта өңдеу сияқты түрлі сала бойынша белсенді жұмыс істеп келе жатқан таңдаулылар шақырылыпты. Олар бірнеше аталым бойынша облыс әкімінің алғыс хаттары мен грамоталарына ие болды.

– Шағын бизнестің өңір экономикасындағы үлесі жыл сайын артып келеді. Бір жылдың ішінде сіздер бюджетке 39 млрд теңгенің салығын төледіңіздер. Жер-жерде ашылған жаңа бизнес нысандардың арқасында екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мұның бір жағында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаулардың әсері де бар. Біздің өңір шағын бизнес нысандарына несие беру және оның пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау көрсеткіштері бойынша үшінші жыл қатарынан алдыңғы орыннан көрініп отыр. Биыл тек инновациялық гранттар үшін шағын бизнеске облыс бюджетінен 150 млн теңге бөлінді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Еңбегі бағаланып, марапатқа ие болған кәсіпкерлер арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды. Соның бірі – Жанна Жабекова. Көлік апатының кесірінен арбаға таңылған ару алғашқы кәсібін Көкпекті ауданында жұмсақ ойыншықтар тігуден бастаған. Оның қолынан шыққан ойыншықтар мен тоқылған себеттер, маржаннан өрілген әшекейлер қазір көптің сұранысына ие.

– Кәсібімнің өрге жүзуіне «Даму» қорынан алған үш миллион теңге алғашқы грант жол ашты. Қазір маған Ресейден тапсырыстар түсіп жатыр. Балабақшалар мен қайырымдылық қорлары, алпауыт компаниялар да келісімшарт жасауда. Жуықта «Арселор Миттал» компаниясы хабарласып, әріптестік орнатуға ниет танытты. Мұншама тапсырысты өзім жалғыз атқара алмайтыным анық. Мемлекеттің қолдауымен заманауи тігін аппараттарын алғанбыз. Шағын цехымыз бар. Енді сонда жұмыс істейтін қыздарды іздеп жүрмін, – дейді қайсар ару.

Қазақстанның 100 жаңа есімі атанған Жанна Жабекова өңірде талпынған адамға бизнесті дөңгелетіп әкетуге барлық жағдай жасалғанын айтады.
Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған шағын бизнес өкілдері салтанатты шара барысында бір-бірімен жақын танысып, серіктестік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button