Жанкүйерлерге тосын сый жасады

Өскеменде ерекше қойылымға ұласқан «Altay Jumping Party» атты сырықпен секіруден сайыс өтті. Іс-шара осы жылы алғаш ұйымдастырылып тұрса да, көрермен тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жарыс жеңіл атлетиканы халыққа кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын қолдау мақсатымен өткізілді. Мұнда жергілікті атлеттерден бөлек, Украина, Түркия және Белорус елдерінен келген сырықпен секірушілер сынға түсті. Шаһардың орталық алаңында өткен шараны тамашалғандарға барынша жағдай жасалды. Жүзге жуық орындық қойылып, Спортшылардың өнерін жақыннан көруге мүмкіндік алды.
– Мұндай таңғажайып шара аймағымызда алғаш рет өтіп отыр. Тартысқа толы, әрі қызықты жайттардың куәсі боламыз деген үміттеміз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының башысы Асқар Можанов.
Айта кетейік, шараның өтуіне облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен, облыстық жеңіл атлетика федерациясы мұрындық болды.
Кешқұрым қатысушылар жарыс жолағында сап түзеді. Ең қызығы, әр қатысушы сырықпен сәтті секірген соң, жиналған жұртқа ұйымдастырушылар ұсынған жейде мен дәруменді сусындар үлестірді. Бұл сайыс қызығын одан ары арттырды. Алғашқы сыйлықтарды Иван Христенко мен Михаил Буда таратқанмен, екеуі де өздері ойлаған межені бағындыра алмай, бәсекеден шет қалды. Ал түрік Айдемир Илкай жас та болса, тәжірибесі толысқанын бірден аңғартты. Алғашқы қадамында-ақ бес метр межені оңай еңсерді. Бұл қадамы жерлесіміз Сергей Григорьев пен белорусьтік Владислав Чамармазовичтің қанын қыздырғандай болды. Осы үш спортшы арасында айтарлықтай бәсеке өрбіді. Әрбірі көрермендерге алма-кезек сыйлықтар үлестіріп, тіпті жанкүйерлер арасында да жекелей таластар орын алып жатты. Тек, бес метр отыз сантиметрге келгенде Илкайдың дайындығы аз екендігі көрініп, ол осы жерден жарысты аяқтады. Ал, тағы бір өскемендік Данил Полянский барлық мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Бас жүлде үшін талас барысында белорусьтік атлеттің бағы жанды. Көрермендердің қызу қолдауы, оны тіптен арқаландырып жіберді.
Жарыс қорытындысында жерлесімізден жиырма бес сантиметр биікке секіріп, топ жарды. Ал, Сергей Григорьев жүлделі екінші орнынды еншіледі.
– Мұнда қатысушылар өздерін жаңа қырынан көрсетті. Жоғары деңгейде әзірленіп келген екен. Бұл сайысты тамашалаған жас жеткіншектердің де жеңіл атлетикаға ынтасы арта түсері хақ, – деді облыстық жеңіл атлетика федерациясының атқарушы директоры Денис Рыпаков.
Жарыс соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Барлық қатысушыға естелік сыйлықтар табыс етілді, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.
Әділхан Есімханов