Қоғам

Жанкүйерлер «Спартактан» тек жеңіс күтеді

Жанкүйерлер «Спартактан» тек жеңіс күтеді

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ семейлік «Спартак» футбол клубының ойыншылар және жаттықтырушылар құрамымен кездесіп, команданың жаңа маусымға дайындығы жайында әңгіме болды.
Премьер-лигаға араға тоғыз жыл салып қайта оралған «спартактықтардың» алдына қойған мақсаттары көп. Кезінде үш дүркін ел чемпионы атанған командадан жанкүйерлері әр ойында тек қана жеңіс күтетіні белгілі. Мұны кездесу барысында аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ та атап өтті.
– Былтыр жақсы табысқа қол жеткіздіңіздер. Қазақ футболының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында, ұзақ үзілістен кейін жоғарғы лигада ойнауға мүмкіндік беретін жолдаманы ұтып алып, семейлік жанкүйерлердің үмітін ақтадыңыздар. Жерлестерімізге осындай қуаныш сыйлағандарыңыз үшін сіздерге зор алғыс айтқым келеді. Ендігі мақсат – чемпионат қорытындысы бойынша премьер-лигадағы орынды сақтап қалу. Сондықтан арқаны кеңге салмай, әр ойында тек үш ұпай үшін ғана күресулеріңіз қажет. Семей футболының даңқы, тарихы мен дәстүрі, сондай-ақ, әрдайым қызу қолдау көрсететін жанкүйерлері туралы ешқашан ұмытпауға тиіссіздер. Ал біз өз тарапымыздан сіздерге әрдайым қолдау көрсетуге даярмыз. Тек жасыл алаңда жақсы нәтижемен қуантсаңыздар болғаны, – деді аймақ басшысы.
Кезінде «Елім-ай» атанған команданың соңғы жылдардағы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай болмағаны рас. Семейлік клуб 2000-шы жылдардың екінші жартысынан бері-ақ талай ауыртпалықтарды басынан өткерген-ді. Оның ішінде футболшылар жалақысының уақтылы төленбеуі, Семейдегі стадионның талаптарға сай келмеуі, қаржы тапшылығы сияқты жайттар енді ғана атын «Спартак» деп өзгерткен команданың жоғарғы лигадағы орнынан айырылуына әкеліп соқтырған. Дегенмен, бар қиыншылыққа төзе білген семейлік команда уақыт өте келе еңсесін тіктеп, қайта өрлеу дәуіріне аяқ басты. Соның арқасында биыл ел премьер-лигасында ойнауға мүмкіндік алды. Кіл мықтылар қатарында өнер көрсету үшін команданың әлеуеті жоғары болуы шарт. Сол себепті «Спартак» құрамына өзге футбол клубтарынан, сонымен қатар, Болгария мен Сербиядан жаңа ойыншылар шақыртылыпты. Олардың қатарында жанкүйер қауымға есімдері жақсы таныс Сергей Бойченко, Руслан Сақалбаев пен Максим Азовский сияқты аяқдоп шеберлері де бар. Команданың жаңа бас бапкері болып бұған дейін «Мегаспорт» пен «Сұңқарды» жаттықтырған Алмас Құлшынбаев тағайындалған.
– Жаңа маусымға дайындықты өткен жылдың желтоқсан айынан бастап кеттік. Шығыс Қазақстан мен Түркияның Анталия қаласында барлығы үш оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Осы жиындар кезінде Ресей, Украина, Түркия және Корея елдерінің командаларымен кездесіп, шеберлігімізді шыңдай түстік. Нәтижесінде команданың 22 ойыншыдан тұратын негізгі құрамы анықталды. Жалпы, команданың былтырғы құрамынан төрт-ақ ойыншы қалғанын, яғни, «Спартак» 90 пайызға жаңартылғанын айта кеткім келеді, – деген А.Құлшынбаев аймақ басшысына футболшылар үш айдың жалақысын әлі алмағанын жеткізді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бұл мәселе ай соңына дейін лайықты шешімін табатынына сендірді.
– Бәрі де өздеріңізге байланысты, соны ұмытпаңыздар. Егер де чемпионаттың бірінші жартысын жақсы көрсеткіштермен аяқтайтын болсаңыздар, командаға бөлінетін қаржының көлемін арттырамыз. Сондықтан жеңіске деген құлшыныстарыңыз жоғары болуы шарт, – деді аймақ басшысы.
***
Наурыз мейрамы күні облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев «Восток» стадионында Семейдің «Спартак» командасы мен Павлодардың «Ертісі» ойнаған матчқа қатысып, игі тілегін білдірді.
Футболшылар бір-біріне дес берген жоқ. Жеңіске талпынған екі команда да есеп аша алмады. Ойын тең аяқталды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button