Жанқияр
Танымал журналист, тәжірибелі тәржіман Жұмағазы Игісін пайғамбар жасына келді. Газетімізде он жылдай қызмет еткен қаламдас әріптесімізді осы бір беделді белесімен құттықтай отыра, оның әл-әзір еш жерде жариялана қоймаған жаңа туындысын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Редакция.
Машақаты көп алыс сапар алдында жақсылап тынығып алайын деп әдеттегісінен ертерек жантайған. Бірақ көзі іліне бере бірдеңеге селт етіп оянып кетті. Әрі аунап-бері аунап, ұйқыдан хабар болмаған соң төргі бөлмеде теледидаркөріп отырған зайыбының жанына кеп жайғасты. «Көк жәшіктің» ішінде жазушы Қабдеш аға Жұмаділов сөйлеп отыр. Өзі бірдеңеге ренжулі. «Елдігімізге ұят болды. Шетте жүрген бір жазушымызды, жазушы болғанда қандай жазушымызды ата-баба жеріне әкеле алмадық! Сүйегі жат ел-жат жерде қалды. Биліктің бір-ақ сөзі жетіп жатыр еді, амал не, ниет болмады ғой!» деп өкінгенде аузынан жалын атылады.
Бақса, әңгіме ертеректе әке-шешесіне еріп арғы бет асып кеткен, кейін «Қытайдың саясатына қарсы шықтың» деген жала жабылып, сексен бес жылдық ғұмырының қырық жылын абақтыда өткізген әйгілі қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлы жайында екен. Тыңдап отырса… Ойпырым-ай, неткен талайсыз тағдыр десеңізші! Құдай-ау, жыбырлаған жандыны қалт жібермейтін қапаста жатып, алты том роман жазу деген қандай ерлік! Оны қалай шығарып отырған сонда?! Шекарадан жүк арасына жасырып өткізіп, Қабекеңнің қолына тигізіпті әйтеуір, ол да дәтке қуат. Өзі де ондай қуғын-сүргіннің зәбірін көрген қазақтың бүгінгі классигі енді соны баспаға берудің қамында көрінеді.
– Айтпақшы, осы жазушы туралы өткенде Жұмағали да тамсана айтып еді ғой, кітабына кіргізді ме екен?– деді әйелі бұған сұраулы көзбен қарап.
– Әбден мүмкін… Айтпақшы, ол кітап қайда өзі?.. Е-е, анда салған екем ғой…
Аяғына сүйретпесін іле салды да жайлап басып сыртқа шықты. Шетелдің ұзындығы отыз аршындай, биіктігі үш-төрткез алып техникасын қамап қойған гараждың есігін ырғап ашып, темір баспалдақпен үш аттап кабинасына кірді. Жаккард тысты орындықтың артқы қалтасында жатқан қызылкүрең кітапты қолына алды. Бірінші рет көргендей беттерін әрі-бері аударыстырып, шолып шықты. Сосын мазмұнына көз тастады. Ертең өзі аттанғалы отырған қытай елі туралы да бірнеше қышқыл дүние бар екен. Ал әлгінде сөз болған Қажекең жайында айтқаны «Бізге классик жазушы қажет емес!» деп айғайлап тұр.
«Кеше тағдырдың алапат дауылы жат елге айдап тастаса да, арзу арманы болған қазағының мұңын жоқтап, жымысқы Қытаймен жымдаспай, сол үшін ашық күреске шыққан, ардан аттатпағаны, намысын таптатпағаны үшін ғазиз ғұмырының аттай қырық жылын Қытайдың түрмесінде өткізген, ұлтының ұжданы үшін өмір бойы азап арқалаған аса көрнекті жазушы Қажығұмар Шабданұлының дүниеден өткенін естіп, қабырғам қақырап кеткендей болды» деп басталады да «Қайран Қажекең көзі жұмылғанға дейін ата жұртын аңсап өтті. Бірақ биліктің сазарған беті бүлк етпеді, шым етіп шімірікпеді…» деп ашынады. «Бұ қазақтың классиктері де мұнайы сияқты сұраусыз ба?» деп қара қытай мазақтап күліп жүрген шығар бізге…Ұят-ай, масқара-ай, сұмдық-ай!» деп аяқтайды.
Бұл кітаптың алғашқы тарауындағы әңгімелері болмаса, әл-әзір ортасынан әрі қарай тәптіштей оқи қоймаған. Осы жолғы сапарында жол-жөнекей соны бір еңсеріп тастауға ниеттенген болатын. Енді қараса бірінен кейін бірі тереңіне қарай тартып барады…
Қаракөлеңке кабина ішінде көзі қарауыта берген соң «жарайды, жата-жастана оқырмын» деді де төсегіне барып, жастыққа бас қойды…
***
Жол – ұзақ, жүк – ауыр. Зіл батпан техника шаңытып Көкпектіге жеткенше шаңқай түс болды. Өзі ары-бері өткен сайын аялдап, мұздай суын қанғанша сіміріп, торсығын толтырып алып жүрген бастау басына келіп тізгін тартты. Кабина есіктерін айқара ашып тастап, кітапты қолына алды. Жуықта ғана жарық көрген қос елідей қатырма туындының өзіне таныс жерлеріне тез-тез көз жүгіртіп өтті. Ал мынау «қоғамдық-саяси публицистика» деген айдар астына топтастырылғандары тым-тым батыл жазылған ба деп қалды. Тілі – мірдің оғындай. Жемқор биліктің қоясын ақтарып, ішек-қарнын жайындай жайратып салыпты. Досының ешқандай партияда да, оппозицияда да жоқ екенін бұл жақсы біледі. Мыналары – әбден ашынған адамның жанайқайы енді! Көп нәрсені төбесінен түсіп, дөп басып айтыпты және қалай айтқан десеңші! Оның ішінде өзі жол тартып бара жатқан шығыстағы көршінің қитұрқы қулық-сұмдықтары да қалыс қалмапты. Автор әсіресе, осы елден қайта-қайта қарыз ала бергеннің қауіпті екенін, оның кесірінің кейінгі ұрпаққа тиерін ашық жазады. Дәлел-дәйектері де темірдей. Бұрын онша мән бермепті, үш-төрт жылдан бері өзі жиі қатынап жүрген «аспанасты елінің» жылмаң психологиясын тереңдей танығандай болды. Мына бір дүниесі «Қытайдың қармағына ілінгенің…» деп тұр. Не айтты екен?
«Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей болар» деген сөзді кім айтса да біліп айтқан. Шындықтың езуін тіліп айтқан! Іргеміздегі бұл қоңсының айлакерлігі мен жымысқылығын, ішмерездігін, қастықшылдығы мен кекшілдігін және бетіңе күліп тұрып, арқаңа қанжар қадап кетер зымияндығын көзімен көрген, құлағымен естіген һәм солардың мінез-құлқына қанық адам айтқан. Сөйте тұра Бұхар жырау бабамыз қара шегірткеге теңеп, сақтандырып кеткен осы елмен қарым-қатынаста сабыр сақтап сақтану, «арт жақты ойлау», аңқылдап кең қолтықтанбай, олардың өздері сияқты «бір бармақты бүге тұру» деген жоқ бізде» деп кете береді… «Экономист ғалымдардың айтуына қарағанда, Қазақстанның сыртқы қарызы онсыз да бастан асады. Ең қорқыныштысы – қытай қарызының артында саяси талаптың тұратындығы. Себебі, бұл «айдаһардың» ең алдымен экономикалық емес, саяси мүддені көздейтіні айдай әлемге аян. Ол өздеріндегі мұнай тапшылығы мазасын алып, біздің энергетикалық қорымызға көз алартып отыр».
Қысқасы, Қытайдың қармағына ілінгенің – оңбай сүрінгенің, бұйдалы тайлақ сияқты танаудың тілінгені! Тартқызбаса жарар еді зардабын түбінде мың!..
***
Кәтепті қара нардай теңселіп, ыңырана ырғалған жүк көлігі Сауырдың биігінен таң білінгенде Зайсанды артқа тастап, күн көтеріле кеденге жетті. Онда «қызыл ала белгіден» әрі қарай өтуге ыңғайланып, іркес-тіркес сап түзегендер қарасы баршылық екен. Кереку мен Қарағанды, тіпті, Ресейдің бергі өңірлерінен келгендер де бар. Көбінің артқаны – металл. Соның бәрі, оның ішінде өзі де қайтарда коммерсанттардың жүгін тиеп шығады.
Олар үш-төрт сағатта өз шекарашыларымыздың тексеруінен өтіп, көзкөрім жердегі қытайлық қарауылдың алдында тұрды. Бұл жерде психологиялық ахуал да, сақшылар сықпыты да, олардың жүріс-тұрыс, сөйлеу мәнері де өзгеше. Тоң-теріс, суық, қатал. Бойлары бір-бір тұтам қара киімді кеденшілердің жылтыраған жылан көздерінен қағыс қалар ықпыл-жықпыл жоқ сияқты. Соның бәрін сырттай бақылап, қалт жібермей қадағалап тұрған сылыңғыр қараның иығында офицерлік белгілер бар. Өзі бейтаныс, бірінші рет көруі. Бұрын-соңды қытай-қазағы аралас тұра беруші еді, бүгін мұнда қазақ атаулы көрінбейді. Неге екені белгісіз, Болат содан да іштей секемденіп қалғандай болды. «Ей, қойшы соны, мүмкін тәртіптері өзгерген шығар» дей салды сосын. Темір қақпадан өту кезегі өзіне келді де, көлігін таразылы тағанның үстіне қаңтарып, сыртқа шығып тұрды. Тәртіп солай. Әлде жүргізуші жүзінен бір қабыржу сезіп, күдіктеніп қалды ма, оның көлігін қатқан қараның өзі тексерді. Кабинаға лып етіп кірді де ондағы бар дүниенің астан-кестеңін шығарды. Орындық артынан тапқан қызылкүрең кітапты ала түсті. Аударыстырып ашып-жауып, іші-сыртына тесіліп, тінте қарады. Сосын Болатқа көрсетіп, бірдеңе деді. Бұл «түсінбеймін» деп иығын қиқаң еткізді. Жанындағы сақшының «төбесі тесіктеу» екен, «офицер мырза «мынау кімнің кітабы?» деп сұрайды» деді сақауланып. «Досымның кітабы». «Онда не туралы жазылған?». «Әңгімелер, анау-мынау мақалалар». «Мақалалар не жайында, саяси мақала бар ма ішінде?». Болат әуелде тосылып қалғандай болды. Оны қырағы қысықкөз қағып қалды. «Сен қазақша оқи аласың ба?» дегендей әлгі сақшыға көрсетіп еді, ол азар да безер боп басын шайқады. «Біліп кел» дегендей басқаларға жұмсап еді, ондай ешкім шыға қоймады. Қандай қауіпті қателік жібергенін Болат сонда бірақ түйсінген. Жон-арқасынан жылымшы тер бұрқ етті. Ақсары жүзі алабұртып, құлақтары шыңылдап кеткендей болды. Онысын сездіріп алмайын деп, әрірек тұрған жігіттерге барып, темекі сұрап тартты. Ол кезде қытай офицері кітапты алақанына соққылап, қаратып алудың қыбын таппай әрі-бері сенделіп жүрген. Әгәрәкім, сол жерде қазақ әліпбиін танитын адам табыла кетіп, кітаптың мазмұнына үңіліп шықса, Болаттың бүгін бала-шағасының жанында жүру-жүрмеуі екіталай еді. «Аққа құдай жақ» деген, пейілінің тазалығынан шығар, бас сақшы амалы құрып, кітапты мұның қолына әкеліп сарт еткізді. Ішінде «Осы жолы құтылдың, қайтарда қолыма түсерсің, бәлем!» деген керіктей кек кеткенін делбеші оның сілеусін көздерінен ұғып қалды.
Осы бір келеңсіз жайт жолаушы жігіттің көңілін нілдей бұзды. Айдаһардың аузынан құтылғандай халде. Қытай қаласына жеткенше мазасызданып, қобалжумен болды. «Енді ше, бұл ел әсіресе оның саясатына қырын келгендерді аяған емес. Ең ауыр жазаны соларға береді. Жиырма-отыз жылды арқалатып, Тарым құмындағы айрықша абақтыға бірақ айдайды. Одан қыбын тауып қашып шыққанның өзінде ит-құсқа жем боласың. Олардың «бұл түрмеден тірі кеткен ешкім жоқ әзір!» деп кеуде керетіні содан. Қайта құдай сақтады де… Шекара маңындағы қазақтар «Шайтанның шәрінен, қытайдың кәрінен сақтасын!» деген сөзді соған байланысты айтқан шығар, бәлкім…
***
Болат керекулік сапарластарымен бір мейманханаға жайғасып, ырду-дырдуы көп шағын қаланың моншасында буланып, дүкендерін аралап, үш-төрт күндей тынығып алды. Ол жақта қайда кірсең де аста-төк дүние. Көбі – жілігі татымайтын арзанқол бірдеңелер. Бірақ соның өзін біздің қазекеңдер таласып-тармасып алып жатады.
Төртінші күн дегенде қайтуға жиналды. Көлігі бауырымен жер сызып, үй артында тұр. Қайтуға бет түзегендер кезек-кезек машиналарын түтіндетіп жатыр. Жат жерде болған үш күнде кітаптың бірсыпыра жерін айызы қана оқып шыққан. Оны жастығының астынан ала бере көңілі бірдеңеге дық етті. Кедендегі сылыңғыр қара көз алдына келе қалды. «Өткен жолы қапыда қалған, бүгін ол аудармашысын жанында ұстап, мені күтіп тұр. Демек, бүгін мені ұстайды!» деген бір сұғанақ ой санасын осып өтті. Не істеу керек? Бұл қатерден аман қалудың бір-ақ жолы бар – кітапты қоқыс жәшігінің жанына апарып өртеу керек!..Астапыралла, мен не ойлап кеттім өзі, өртегені несі? Қырық жылғы тамырдың он жылдық еңбегі емес пе бұл! Мұқабасына ақжарма тілегін жазып, өз қолымен сыйға тартқан іштен шыққан перзенті емес пе?! Алда-жалда сұрай қалса, не деймін, қорқып Қытайда жағып жібергем деймін бе, әлде жоғалтып алып едім деймін бе?! Масқара, барып тұрған сатқындық ғой ол деген! Жоқ, болмайды!.. Кеше жүк арасына салып жіберу керек еді, енді есіктің пломбасын бұза алмайсың. Басқа қандай амал бар?..».
Қауғадай басын қамап алған осындай ұбақ-шұбақ ойларына бір тиянақ таба алмай, жүрегі құрғыр атқалақтап кетті. Кітаптың сыртқы мұқабасындағы автордың суретіне көзі түсті, «сонша не болды-ей, берекең қашып?» дегендей жымиып отыр. «Досымның еңбегін өртеп жіберіп жер басып жүргенше… Жарайды, басқа салғанды көріп алдық, нар тәуекел!». Кітапты кеудесіне құшырлана басып қойды. «Мен сені жат елде қалдырмаймын!» деді біреумен серттескендей…
Сырттан сапарластары дабылдатты. Әрі қарай бал ашудың жөні де жоқ, кабинаға кіріп, қолындағысын орнына салды да өзгелердің соңын ала жүріп кетті.
***
Қытайдың кеденіне жақындаған сайын дегбірі қашып, бір беймаза күй кешті. Кереку жігіттерін өткізіп жіберді де теңселе келіп, лапас астында тежегіш басты. Қатпа қара да аңдып тұр екен, мұның жанына елден бұрын жетті. Бұл жолы қуыс-қуысты тіміскілеп тінткен жоқ, машинаның пломбасын аш деген де жоқ, бірден кабина ішіне атып кірді де орындық қалтасындағы кітапты суырып алды. Болаттың кеуде тұсы шым ете қалды. Кеденші оны оқты көзімен бірді атты да бекет үйіне қарай кетті. «Сұмырайдың сұрқын-ай!» деді бұл жиіркеніп.
Ет жүректі пенде емес пе, қанша білдірмейін дегенімен, жаны шынымен-ақ ұстараның жүзінде тұр. Тіпті, қолына кісен салынар сәтті күтіп, тағдырға мойынұсынғандай кейіпте. «Апыр-ау, расында, дәм-тұздың таусылған жері осы болды ма?..». Тізесінде болар-болмас діріл бар. Самайы да жіпсіген. Көз алдына үйінде қалған үш баласы келгендей болды. «Басқа кітап таппағандай оны несіне ала кетіп едің?!» деп досы кінәлағандай болады. «Мына үш баланы енді кім асырайды?» деп қамыққан әйелінің дауысын анық естіді… Іші әлем-тапырық. Алақұйын, аласапыран бірдеңе. Арық қара әлі жоқ. Кешіккеніне қарағанда мұны тырп еткізбей ұстауға мұқият дайындалып жатқан болу керек деп түйді…
***
… Үйіне әбден жұлдыз жамырағанда жетті. Көлігін тұрақжайға кіргізді де бірден Жұмағалидың нөмірін терді.
– Барып тұрған сәбәкі екенсің! – деді аман жоқ-сәлем жоқ. – Жазатын басқа дүние таппағандай қиырда жатқан қу Қытайда нең бар ей сенің?! Тарымға тартып кете жаздадым ғой…
Ар жақтағы ұйқылы-ояу адам ештеңе түсінбей есеңгіреп қалды.
Сосын ол тілін кәлимаға келтіріп, бірдеңе дегенше:
– Ертең үйге кел, әңгіме бар! – деді де телефонын сыңғыр еткізіп өшіріп тастады…
***
Ал Жұмағали болса Болаттың қайда кеткенінен де, қайдан келгенінен де хабарсыз еді. Әншейінде ықтиярын ашуға жеңдіріп, мұндай ерсілікке бара бермейтін сыралғы тұрғыласының түн ортасында неге шамырқанғанына жіп таға алмай дал болды. «Тарымы несі ей мұның айтып тұрған?» деді күңкілдеп. «Ол – қу медиен құла түзде жатқан Қытайдың түрмесі емес пе?!»…
Аң-таң.
Екеуі қаланың екі шетінде ертеңгі күнді, алдағы кездесуді күтіп жатыр…
Жұмағазы Игісін