Айна Ескенқызы
Өскемендегі «Ертіс концерт» залында ел Президенті мен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің дәстүрлі шырша мерекесі өтті. Биылғы Балалар жылына «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» деген атпен ұйымдастырылған жаңажылдық мерекеге өңірдің түкпір-түкпірінен жиылған балдырғандар қатысты.
Шырша мерекесі дегеніміз – кішкентайлар да, ересектер де асыға күтетін, ғажайыптарға толы мейрам, ертегілер еліне саяхат, қиялдағы арман-тілектің орындалатын күні.
– Құрметті балалар! Мен баршаңызды облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің атынан осынау, сиқырға толы тамаша мерекемен құттықтаймын. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің болашағы жарқын үшін цифрлық технологияларды меңгерудің маңызы зор екенін үнемі айтады. Сондықтан сіздер білім мен ғылымды, жаңа технологияларды, тарих пен әдебиетті, мәдениетті терең меңгеріп алсаңыздар биік белестерді бағындыратындарыңызға сенімдімін.
Қарап тұрсам, арамызда келер жылдың басты кейіпкері – қоян да, бэтмен де, тіпті кішкентай полицейлер де жүр екен. Келер жыл баршаңызға бақыт әкелсін. Оқуда, өнерде, спортта жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Әр балақай өзінің жүрегі қалаған ісімен айналысып, үздіктер қатарынан көрінсін. Ең бастысы сенім керек, сонда сіздердің өмірде міндетті түрде ғажайыптар болады, – деді кішкентай балдырғандарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Шырша мерекесіне облыс бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта және басқа да бағыттарда жетістікке жеткен 9-13 жас аралығындағы 450 дарынды бала қатысты.
– Бүгінгі Президент шыршасына облыстың аудан-қалаларынан балақайлар жиылды. Бұл – балаларға арналған бүкіл жаңажылдық іс-шаралардың бастауы. Бұл күн – балалар үшін ертегіге толы, ғажайып, ерекше күн. Жаңа жылды кішкетайлар ғана емес, үлкендер де асыға күтеді. Біз, ересектер балғындарға осындай көңілді, жарқын, естен кетпес мереке сыйлауға міндеттіміз. Президент шыршасына оқу озаттары, зияткерлік байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан балақайлар шақырылды. Біз керемет безендірілген залда тұрмыз. Осы жерден балалар үшін ертегі әлемі басталады. Ғажайыптар Жаңа жыл мейрамынан кейін де жалғасып, балаларымыз оқуда озат, табысты әрі бақытты болсын деп тілейміз, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Инесса Чернышова.
Бұл кезде сахнаға шыққан әйгілі мультфильмдер мен халық ертегілерінің кейіпкерлері балаларды жаңажылдық ғажайыптар әлеміне жетелеп әкетті. Балақайлар олар берген тапсырмаларды орындап, шынымен де ертегілер еліне еніп кеткендей күй кешті. Сәні мен салтанаты жарасқан мереке барысында бас кейіпкер Аяз ата мен Ақшақар, ертегілер елінен келген кейіпкерлер кештің көркін аша түсті. Барлығы әсем безендірілген шыршаның шамын жағып, айнала жүріп ән салды, би биледі.
Жарқ-жұрқ еткен шамдар мен көздің жауын алатын костюмдерге қарап, менің бала кезімдегі Шырша мерекесі есіме түсіп кеткені… «Біз де бала болғанбыз» демекші, кішкентай кезімізде осы Шырша мерекесін әрқайсымыз асыға күтуші едік. Балақайлар үшін бұл ертегі әлеміне енетін, керемет ғажайыптармен қауышатын ерекше мейрам еді. Оныншы сыныпта оқитын Асқар ағай Аяз ата болатынын іштей біліп жүрсек те, әрқайсымыз дәл сол кеште арманымыздағы образға кіруге болатынын білеміз, сол күнді тағатсыздана күтетінбіз. Бір ай бұрын қиялымызға ерік беріп, костюм дайындаушы едік…
Қазіргі балалардың ой-өрісі, қиялы мүлде бөлек және қазір бәрі дайын, сатып ала салады. Бұрынғыдай қолдан тігіп, костюм әзірлеудің қызығы мен шыжығын сезінбейді көп адамдар. Әне, алдымнан садақ-жебе, қанжар сияқты асай-мүсейлерін асынған, басында дулығасы бар батыр шықты. Анау бір тұста жас сиқыршы Гарри Поттер жүр, қасында жұлдыз санаушы бар. Қазіргі балғындар көп еліктейтін кейіпкерлері – бэтмен де, өрмекші адам да, трансформер де, полицей де осында.
Қабанбай батырдың ұрпағы, Тарбағатай ауданынан келген 6-сынып оқушысы, қазақ батыры болып киінген Нұрлан Сайлауов көпбалалы отбасынан шыққан.
– Біз тоғыз ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Осы мерекеге қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұрын мұндай әдемі Шырша мерекесін көрген жоқпын. Ертегіде жүргендеймін, кешеден бері жаңадан көп дос таптым. Киноға бардық, біздің құрметімізге би кешін ұйымдастырды. Қазақ батырлары адал, батыл, ержүрек және әділетті болған. Сол Қобыланды батыр, Наурызбай батыр, Қабанбай батыр бабаларым сияқты ел-жұртымның қамын жейтін азамат болып өскім келеді. Соларға еліктеп қазақ батыры болып киіндім, – дейді Нұрлан батыр.
«Көктем» болып киінген София Павлияненко – «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі. Оқу озаты, қазақ, ағылшын тілдерін үйреніп жүр. Софияның ән салып, би билейтін де өнері бар.
– Мен жаңа жылдан тек жақсылық күтемін және барша адам бақытты болса деп тілеймін. Маған өтіп жатқан кеш ұнайды. Осында келе жатқанда мен осындай көңілді керемет кеш болады деп ойламаған едім. Айналамыз жалт-жұлт еткен шамдар, жүздері бал-бұл жанған құрбыларым. Бізге арнап сахнада концерт қойып, түрлі көріністер көрсетіп жатыр. Мен өзім де ән салып, би билегенді ұнатамын. Жаңа жыл барлығымыздың арманымыз орындалатын жыл болса деп тілеймін, – деп София қыз ағынан жарылды.
Сүп-сүйкімді қыздың тілегін тыңдап тұрып, көзіме жас үйірілді. Сенің кіп-кішкентай жүрегіңнің түкпірінде қандай ғана арман-қиял жатыр екен?! Аяз атадан әдемі қуыршақ пен әсем көйлек сұрадың ба? Мүмкін ата-анаң, отбасың болуын армандаған шығарсың? Қандай тілегің болса да орындалсын!
Мамай батыр ауылынан келген Қуандық Нұржанұлы клоундарды жақсы көргендіктен осы костюмді таңдапты. Қуандық та, Алтай қаласындағы №11 орта мектептің оқушысы Ирина Демченко да кеш бағдарламасы қатты ұнағанын айтады. Ирина балалар үшін қазір ең бастысы оқу деп санайды, сол себепті құрбылары жақсы оқып, биікті бағындырса екен деген тілегін айтты.
– Біз мүмкіндігі шектеулі балғындар үшін Шырша мерекесін бөлек ұйымдастырдық. Өйткені олар үшін ерекше жағдай жасауымыз керек. Біз кештің жарқын әрі көңілді өтуіне ғана мән берген жоқпыз. Жаңажылдық кеш олардың қатысуына, өздерін қолайлы сезінуіне ыңғайлы етіп ұйымдастырылды. Қажеттіліктері бар балақайлардың есінде Шырша мерекесі нағыз ғажайыптар мерекесі болып қалуына күш салдық, – деп қосты Инесса Чернышова.
Бұл күні Шырша мерекесіне жиылған балғындардың әрқайсына Президент пен облыс әкімінің атынан 150 000 теңгенің сертификаты тапсырылды. Оларға ата-анасы қалаған сыйлығын алып береді. Одан бөлек, Президент шыршасында қатысқан әр балаға ең тамаша сыйлық, рухани азық – кітап тарту етілді. Қандай Шырша мерекесі тәтті сыйлықсыз өтуші еді?! Балақайларға арналған тәтті сыйлықтар да көптеп үлестірілді.