Жаназаға сүйген асымды жеймін деп келу әбестік
Қатым мен аста жол беріліп келе жатқан ысырапты тыю жөнінде жиі айтыла бастаған пікірлерге құлақ түре отырып, дін өкілдерінің соңғы кезде осы мәселені шындап қолға ала бастағанына риза болдым. Олардың айтып отырғандары – қапысыз шындық, қозғаған пікірлері – көпшілік міндетті түрде қолдауға тиісті өзекті жайт.
Бүгінде қай-қайсымыз да «заман қиын, жағдай ауыр» деп таусыла сөйлегенді жақсы көреміз. Ал ақылға салып ойланар болсақ, құдайға тәубе дегеніміз жөн. Халқымыздың жай-күйі бақуатты, асты талғап ішіп, киімді таңдап киетіндей жағдайдамыз. Ал осының аяғы бәсеке мен ысырапшылдыққа әкеліп соғып жатқанын парықтай бермейміз. Қазіргі кезде әркім-ақ тойды үлкен мейрамханада жасап, асаба мен әртістерді Алматыдан, Астанадан алдырғысы келеді. Шамасы жеткендер алдырып та жатыр. Ондай жандардың өзгелерден біртабан болсын артылғысы келіп тұратыны да бекер емес. Оған ешкімнің айтар дауы, тағар кінәсі жоқ. Көрпесіне қарай көсіле берсін.
Ал осы бәсекенің өлімде де байқалып тұратыны шындық және бұл қуанатын емес, сескенетін, сонымен бірге сақтанатын жағдай. Бүгінгі күні өлім деген қайғылы аза емес, қуанышты мерекеге айналып бара жатқандай. Төңіректің бәрі шат күлкі, ас та төк дастарқан, ішіп-жеп, қалғанын дорбаға салып алып жатқан жұрт… Соны көргенде, еріксіз осындай ойға қалады екенсің. Ал осы күндегі кісісі өлген үйдің дастарқанында не жоқ дейсің, өзіміздің астан бөлек, сонау Африка мен Америкада, Бразилия мен Австралияда ғана өсетін, кезінде шетелдік кинодан ғана көретін алуан түрлі жеміс, жаңғақтарды үйіп-төгіп саламыз. Өзіңді, бейнебір, мәртебелі банкетте отырғандай сезінесің. Ішкен-жегенді ешкім жек көрмейді. Бірақ мұның артында үлкен проблема жатқанына да ой жүгірткен жөн. Кейбіреу үшін әлгі удай қымбат тағамдарды сатып әкелудің ешқандай қиындығы жоқ. Ал енді біреулердің елден қалмаймын деп қарызданып-қауғаланып, ес-ақылы шығатынын да көрмей жүрген жоқпыз. «Пәленбайдың әкесінен менің әкем кем бе? Мен де оның қазасын жұрт айтып жүретіндей етіп атқарайын», – деген жалған намыстың жетегімен өзінде жоқ семіз жылқыны қарызға алып сойып, әлгіндей жеміс-жидекті қаладан әупірімдеп жеткізіп, артынан құтыла алмай бейнет көретіндер де аз емес, әрі соның көпшілігі желінбейді, қайта салуға келмейді, сөйтіп, босқа ысырап болады.
Соңғы кезде «жұма шай» деген рәсім пайда болды. Мұның өзі де едәуір шығынға түсетіні жалған емес. Әр аптаның жұмасы күні қой сою керек немесе базардан сиырдың санын алу қажет. Өйтпесең, қаптап келетін жұртты тойғыза алмайсың. Ал кісісі өлген үй келген қауымды тегіс тойғызсын деген заң шариғатта жоқ. Әдетте кісі өлген үйде марқұмның жетісіне дейін от жағылмайтын, қазан асылмайтын болған. Баршылық, тоқшылық неге жаман болсын, бірақ, осындай ысыраптың баршасын сол тоқшылықтың тудыратыны бекер емес қой.
Өткендегі бір аста жас молданың «ысырапты қысқартайық» деген сөзіне аудан көлемінде әжептәуір беделі бар бір ағамыз: – Молдеке, сен қате сөйлеп тұрсың. Арамызда ет жеуге болмайтын диабет, т.б. сырқат адамдар да бар. Солар мына витамині мол жеміс-жидектен жеуі керек қой, – деген уәж айтты. Бұл – түбірімен орынсыз айтылған сөз. Үп-үлкен адамның кішкене болсын ойланып сөйлегені жөн болар. Менің ойымша, жаназаға ешкім де ас ішіп, тойынып, витамин жеп, денсаулығымды нықтап қайтайын деп келмейді. Таныс ағайынның қайғысына ортақтасып, оқылған құран-қатымға қол жаю үшін, көңіл айтып, өзінің тілеулес ниетін білдіру үшін келеді. Содан соң алдына қойған астан дәм татып, «тие берсін» айтады. Ал сырқаты бар, тәбеті жоқ адамдар болса, қалаған асын үйіне алдырып жесін. Әркімнің көңілін тауып, сүйген асын әзірлейтін өлім дастарқаны курорт немесе пансионат емес қой.
Ұзын сөздің қысқасы, артық шашылып, адал асты ысырап қылмайық. Бәсекеге түскенді қойып, дәм-тұзы таусылған туысымызды қоңырқай ғана дастарқанмен аттандыруға әдеттенейік. Кейбір дәулетті адамдарға бұл айтылған сөздің ұнамауы да мүмкін. Бірақ қарапайым жұрт «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыпты» деген нақылдың керін келтірмегені дұрыс. Сөйткенде өлім шыққан үйлердің арасындағы әлеуметтік жағдай да көзге ұрып, біреуді тоқмейілсітіп, енді біреуді жасытпайтын болады.
Бай болайық, бағылан болайық, тек қанағат пен кепиетті ұмытпайық. Ысырап – күнә, соған жол бермейік, ағайын!
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.