Жанарсыз да өмір жалғасады

Берікхан ТАЙЖІГІТ, Аягөз
Ауданда «Зағиптар қоғамына» 85 жыл толуына орай Қозы Көрпеш-Баян сұлу мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. «Жанарсыз да өмірім жалғасады» деп аталған фестиваль жиылған қауымды бейжай қалдырмады. Бір сәт қараңғы қапасты ұмытқандай болған зағиптар ән салып, өлең оқыды.
Жап-жарық қоғамды көре алмай пұшайман болған зағиптар алдында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Көпжасаров сөз сөйлеп, жұртшылыққа денсаулық, ынтымақ, сабырлылық тіледі. Мәдениет үйінің өнерпаздары зағиптармен қосылып ән салды. Аягөз мүгедектер бірлестігінің төрайымы Рауза Керімова да осынау фестивальдің ашылуымен құттықтады.
- Биыл «Зағиптар қоғамына» 85 жыл толуына орай өткізіліп отырған фестиваль жылдағыдан ерекше болды, –дейді Қазақ зағиптар қоғамы бірлестігі Аягөз аудандық бастауыш ұйымының төрайымы Құралай Елшібекова. –Шынын айту керек, өзім де осы ұйымның мүшесі ретінде айтарым, қамкөңіл жандардың тілін табу да оңай шаруа емес. Біздің ауданда 65 адам осы бастауыш ұйымның мүшесі. Олардың жаралы жүрегіне жан жылуын сыйлағымыз келгендіктен де үнемі әртүрлі шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Сонда бір байқағаным, біздерге назар аударылып, көңіл бөлініп тұрғанын қалайсың.
Шара барысында, ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген азаматтарға аудан әкімі Сейілбек Ысқақовтың алғыс хаттары табысталды. Зағиптар да өздерінің көңілсіз тірліктерінен бір серпіліп, жатқа өлең оқыды. Ақын Мақсұтхан Көсеубаев, поэзия әлемімен сырлас Ақбота Мырзаханова, Серік Кенжебаевтар өлең оқыса, Тарбағатай ауылынан келген Нәзигүл Сыдықова, аягөздік Құралай Елшібекова, Қажығали Ыңырбаев, Перизат Өмірбеков, Мақсұтбек Тұраров, Құсыман Егеубековтер эстрадаға қосылып ән салды. Бұл күні «Ауылым», «Жалғызым», «Ақ бантик», «Құрбым, жан құрбым» және Шәмші әндерінен попурри шырқалды. Бір сөзбен айтқанда, шамшырағынан айырылған қамкөңіл жандар жиналған қауымға «Жанарсыз да өмірдің жалғасатынын» ұқтырды деуге болады.