Қоғам

Жаңа жұмыс орындары құрылды

Азамат Темірбеков

Ұлан ауданында жыл басынан бері мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 647 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың хабарлауынша, бүгінде жұмыссыздардың үлесі 2,4 пайызды құрап, жұмысқа орналастыру деңгейі 70,6 пайызға жеткен.

– Халықты жұмыспен қамтудың белсенді нысандарын жүзеге асыру барысында 1148 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 647-сі тұрақты жұмыс орны, ал 501-і уақытша және маусымдық жұмыс орындары болды. Ұлттық жобаларды іске асыру аясында аудан бойынша жиырма инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда, – дейді Ренат Құрмамбаев.

Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша жүгінген пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жұмыспен қамтылды.  Бұдан бөлек, өткен кезеңде 168 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға 43,5 млн. теңге төленді.

– Кепілдендірілген әлеуметтік пакет атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы, бір жастан алты жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңіне азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде ұсынылады. Ағымдағы жылы жалпы сомасы   9 млн. теңгеге 1035 азық-түлік жиынтығы және 283 тұрмыстық химия жиынтығы берілді. Тұрғын үй көмегі 87 отбасына тағайындалды. Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындар бір миллион теңгені құрады, – деді аудан әкімі.

Бұған қоса, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектерге кресло-арбалар, ортопедиялық, тифло, сурдо және гигиеналық құралдар берілген. Сонымен қатар әлеуметтік бөлімше жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға түрлі қызметтер көрсетілді. Сондай-ақ аудан бойынша бейімдеуге жататын әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының жалпы саны анықталып, оларды жасауға бағытталған жұмыстар қолға алынды.

Осы айдарда

Back to top button