Ауыл шаруашылығыТОП

Жаңа жоба халықтың табысын арттырады

Азамат ТЕМІРБЕКОВ 

Биылдан бастап облыста халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырыла бастайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың айтуынша, осы жылы аталмыш бағдарлама шеңберінде ауыл халқына 1,5 млрд теңгенің несиелерін беру көзделген. Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдап, тұрғындарды аграрлық бизнеске тарту, азық-түлік қауіпсіздігіне және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

– Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін жалпы шығару көлемін былтырғымен салыстырғанда 111 пайыз өсіммен 584,3 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр, – дейді Рамиль Сағандықов. – Болжамға сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 653,1 мың гектарға жетіп, былтырғыдан 10,7 мың гектарға артты.

Павлодар мұнай өңдеу зауытынан көктемгі дала жұмыстарына 20 мың тонна, мал азығын дайындауға 5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Бұл облыс фермерлерінің сұранысын толық өтейді. Биыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарына Аграрлық несие корпорация арқылы 8 млрд теңге несие қаражатын беру көзделген, оның ішінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі егіске 2 млрд теңге берілмек.

Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 24,5 млрд теңге мөлшерінде қаржы бөлінген, бұл қаржы өсімдік және мал шаруашылықтарын дамытуға, инвестициялық субсидиялауға, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға бағытталады.

Сонымен қатар бүгінде 21,5 млрд теңге субсидияға қосымша қажеттілік бар көрінеді, мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы басқармасы жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолдаған.

  – Мал шаруашылығында тірі салмақтағы ет өндіру көлемін 158 мың тоннаға, ал сүт өндіруді 513 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенінің ірі инвестициялық жобаларын қаржыландыру бойынша тәжірибесін тарату шеңберінде сүтті мал шаруашылығында тауарлы-сүт фермаларды салу және қайта құру бойынша алты жоба іске асырылмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлу көзделген. Аталған жобалар жүзеге асса тауарлы-сүт фермалардың сүт өндіру көлемі жылына 47,5 мың тоннаға ұлғайып, келер жылы жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 65 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Рамиль Сағандықов.

Бұдан бөлек биыл тоғыз жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 64 жұмыс орны ашылады. Атап айтсақ, қайта өңдеу саласы бойынша «Убинка XXI» шаруашылығы Глубокое ауданында қуаты 10 мың тонна астық кептіру кешенін жаңғыртса, «ALTAI MAI» кәсіпорны Өскемен қаласында қуаты жылына 50 мың тонна май экстракциялайтын зауыт салады. Самар ауданындағы «Мәмбет» шаруа қожалығы жемшөп цехының құрылысын жүргізіп, жылына 500 тонна мал азығын дайындамақ.

Ал мал шаруашылығы саласында қолға алынатын алты жоба аясында Өскемен құс фабрикасы Ұлан ауданында бройлер өндірісін кеңейтіп, «Agrovostok LTD» кәсіпорны 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізеді.

Сонымен қатар Ұлан өңірінде «Жанартау КЗ» шаруашылығы мың басқа арналған бордақылау алаңын салып, «Багратион 2» шаруа қожалығы 300 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын тұрғызбақ.  «Мойылды-Байқоңыр» кәсіпорны Алтай ауданында мың басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салса, Самар ауданындағы «Қараөткел» шаруашылығы асыл тұқымды ірі қара малдың ангус тұқымын сатып алмақ.

 

Осы айдарда

Back to top button