БәрекелдіТОП

ЖАҢА ЖОБА: БІРАУЫЗ СӨЗ

Сөз қадірін өз қадірінен кем көрмеген қазақ аталы сөзге тоқтаған. Қаза болған жақсысы мен жайсаңын да азалы сөзбен жоқтаған. Мұнар-мұнар мұңын да, қуандырар қызығын да бірауыз сөзбен жеткізген.  

«Бірауыз сөз мұхиттарды жалғайды,

Бірауыз сөз ұран болып самғайды…» дегенді айтқан да қазақ. «Басқа пәле – тілден» дейтін болсақ, осынау бірауыз сөзден жаңылып, жиған-терген абыройдан жұрдай болған жандар қаншама? Керісінше, жаны қиналған шақта қиыннан қиыстырған жалғыз ауыз сөзбен жол тауып, ажалдан да аман қалып, көп алдында абыройға кенелгендер де жоқ емес.

Didar газеті оқырмандарына «Бірауыз сөз» атты жаңа жоба ашып отыр. Мұнда өткен-кеткендері, арамызда көзі тірі жүргендері бар, халық қалаулысына айнала білген, аузының дуасы бар қазақ қаламгерлері мен қоғам қайраткерлерінің әр жерлерде айтқан, жазған, қолданған афоризм сөздері, ойлары мен тауып айтқан пәлсапалық тұжырымдары топтастырылып отыратын болады. Жаңа жобамызға үлес қосамын деген оқырмандарымызға алдын ала алғыс айтамыз.

Редакция алқасы 

Рахымжан Отарбаев

жазушы-драматург

   (1956-2018) 

Өмір бойы руханияттың ортасында келе жатырмын. Өнер ордаларына басшылық та жасадым. Өте қарама-қайшылықты мінездің адамдары. Адал, ақкөңіл, кінәмшіл, тұрақсыз, сатымпаз. Оларды ұстап отыру – пері ұстағанмен бірдей.

***

Облыс орталықтарын жиі аралаймын. Өйткені көп театрларда спектаклім ойналып жатыр. Барған кезде әдеби, мәдени ортамен де сұхбат құрамын. Талантты тұлғалар көп. Десе де, көбінің оң қолы сол қолынан ұзын. Таңғалдым, зерттедім. Жетпеген нәрсені басшылықтан сұрай-сұрай қол да ұзарып кетеді екен ғой…

***

Жас кезде арақты көп іштім. Мейірім қанғанша. Шеккен зиянымды санап тауыса алмаспын. Ал көрген пайдам екеу. Бірі – мас болып әкемнің қасына қонып шықтым. Құшақтап жаттым. Шал-кемпірдің баласы боп, әкемді аға тұтып, жанына жолай алмағанмын. Екіншісі – Алматыға кетерде аудандық партия комитетінің бір хатшысын кабинетіне кіріп тұрып соншама балағаттадым. Талай жерде талабымды кесіп еді. Пайдам – осы!

***

Ұлым Ермерейге аманат айттым. «Құлпытасыма сурет жасатсаң, жарты жүзімді сал» деп. Жартысы жоқ. Өйткені бұл өмір маған шын келбетімен қарамады. Мен де анық жүзімді көрсетпедім. Өкпе де, өкініш те жоқ. Шындығы сол!

***

Пәле-жәледен құтқар деп Иманғалиға (Тасмағамбетов) бір дауыспен жар салғым келеді. Жалғыз адам не тындырады, көп дауысты хор керек, хор!

***

Есіл жағасында ұзақты күн қыдырдым. Толқынды толқын желкелеп, өлтіріп жатты…

***

Ортада от лапылдап жанып жатыр. Оны айнала қоршап бірінші, екінші, үшінші қатарда отырғандар бар. Хош дейік. Тыныш отыру жоқ. Бәрі де отқа ұмтылуда. Бар ойлары – көзге түсу, жылыну, аз-кем рахат кешу. Мәселен, екінші қатардағы алдында отырғанды отқа итеріп жіберіп, өзі алдына шығады. Оның да көкжелкесінде өзіндей өлермендер тұрғанын неғып білмейді? Күйіп өлуге құштар бұл неткен халық?!

***

Жылағым келген. Жас таба алмадым.                                                                       Жалғасы бар…

Әзірлеген – Байбура

Осы айдарда

Back to top button