Қоғам

Жаңа үйлердің кілтін табыс етті

Берікхан Тайжігіт, Үржар

Үржар ауданы, Қоңыршәулі ауылдық округінің орталығы Таскескен ауылының халқы Республика күнін кең көлемде атап өтті. Мерекеге орай мұнда 12 пәтерлі алты тұрғын үй пайдалануға беріліп, аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов ауыл тұрғындары мен жаңа баспаналардың иелерін қоныстоймен және ұлттық мерекемен құттықтады.

– Бұл Таскескен ауылында ұзақ жылдардан бері тоқырап қалған құрылыс жұмыстарының жанданып, бірнеше отбасының бірден қоныстойын тойлауы мүмкіндігіне ие болған ерекше күн, – деп атап өтті аудан басшысы.

Сөйтіп, бұл күні ауылдағы «Әгугай» әжелер ансамблі жиналған қауымға тойдың сәнін кіргізіп, шашу шашса, ақсақалдар алқасының мүшелері батасын беріп, аудан басшысы жаңа үйлердің кілтін табыстады. Қуаныш үстінде ауылдың әнұранына айналған «Таскескен» әні шырқалып, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Сондай-ақ ұлттық  мерекенің құрметіне орай ауылдың мәдениет үйінде округ әкімі Айдын Қожаев өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуы жолында іскерлік танытып, тұрақтылық пен береке-бірліктің нығаюына зор үлес қосып жүрген  азаматтарды марапаттап, елді мекен тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Жаңа баспанаға тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік топтағы азаматтар ие болып, олар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Осы айдарда

Back to top button