Қоғам

Жаңа Үлгіде этноауыл ашпақ

Жаңа Үлгінің тумалары, ерлі-зайыпты кәсіпкерлер  Рафхат Құрманғалиев пен Радха Нұралина 2007 жылдан бері Өскеменде тұрып, өткен жылға дейін сол жерде жеке кәсіптерімен айналысып келді. Айналысып деп өткен шақпен айтып отырғанымыз, осыған дейін он жылдан астам уақыт  бойы шұғылданған кәсіптері, атап айтқанда, жекеменшік қалалық жолаушылар тасымалдау  істерін  біржолата тоқтатып,  биылдан бастап өздерінің туған жерлерінде туризм бағытында игілікті істі қолға алуға кірісті.

Кәсіпкерлікті ауылдан бастаған

Жол-жөнекей Жаңа Үлгі ауылының маңынан өтіп бара жатсаңыз, ауылдың өр жағында  республикалық трасса бойында тігілген бірнеше ақшаңқан киіз үйлер көзіңізге бірден шалынады. Бұл – Радха мен Рафхаттың  «Игілік» атты этноауылы.

– Біз қалаға осыдан 15 жыл бұрын көшіп барған едік. Ондағы мақсатымыз – ауылдың күйбең тірлігінен қашып немесе жақсы өмір іздеп барғанымыз  емес, үйдегі сол кезде өсіп қалған үш қызды оқытуға, солардың жандарында болу үшін  қоныс тептік. Әйтпесе, ауылда да тұрып, ел қатарлы өмір сүре беруге болар еді. Расын айтқанда, қыздарымызды ертең мектеп бітіргенде, жатақханаға  немесе біреудің үйіне тұрғызып оқытуға  жібергіміз келмеді, өзіміздің жанымызда болсын дедік. Сөйтіп, қалаға қоныс аудардық. Ауылда 2000-шы жылдардың басынан бие байлап, қымыз саудық. Қалаға көшкен соң, алғашында төрт жыл бойы сауда-саттықпен, кейіннен жолаушылар тасымалымен айналыса бастадық. Өзіміздің жекеменшік жолаушылар тасымалдау автобусымыз болды, өзім онда кондуктор, жолдасым жүргізуші болып еңбек еттік. Осылайша, 11 жыл қатарынан жұмыс істедік. Қыздарымыз ержетіп, қалаған оқуларына түсіп, аман-есен бітіріп шықты. Қазіргі таңда үшеуі тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып отыр, мамандықтары бойынша жұмыс істейді.

Өткен жылы қаладағы кәсібімізді тоқтатып, ауылымызға  келіп, осында бір игілікті іспен айналыссақ па деген ойға тоқтадық. Ондағы мақсат – бала-шағаны ауыл жаққа тарту, өздерінің туған жерлерін, ата-бабаларының мекенін,  өскен ортасын ұмытпасын дедік. Не істесең де әуелі туған жеріңнен бастау керек. Бізге қалада қалып, ары қарай кәсібімізді жүргізе беруге болар еді. Бірақ туған ауылымыздың бүгінгі жағдайы бізді қатты алаңдатты. Соның жағдайын өзіміздің шама-шарқымыз келгенше жасайық, елдегі ағайынның жанында болайық, солардың ыстығы мен суығын бірге көрейік деп шештік. Сөйтіп, кіндік қанымыз тамған ауылымыз Жаңа Үлгіде этноауыл салып, туризммен айналысайық дедік, – дейді Радха Нұралина.

 Қолдарына рұқсат қағаз тимей отыр

Елге келген соң, ерлі-зайыпты кәсіпкерлер ауылдың өр жағынан жер алып, оны темір қоршаумен бекітіп, ойластырған жобаларын іске асыра бастайды. Әуелі Талдықорғаннан барлық құрал-жабдығымен бірге  әрқайсысы 450 мың теңге тұратын киіз үйлер сатып әкеледі. Оларды орнату үшін әуелі іргетасын құяды. Барлық қаражатты  жаңаүлгілік кәсіпкерлер өз қалтасынан жұмсады. Бастапқыда, киіз үйлермен бірге, этноауыл аумағына қосқабатты қонақ үй салуды да ойластырыпты. Бірақ бұл жоспарды олар келер жылдың еншісіне қалдырып отыр.

Этноауылдың ары қарайғы жұмысын жүргізуді Радха Нұралина мен Рафхат Құрманғалиев тұңғыш қыздары Гүлеркенің иелігіне беріпті.

– Барлығы сегіз киіз үй тіктік. Олардың алтауы қонақ үй, біреуі қымызхана,  енді біреуі дәмхана ретінде пайдаланылмақ. Киіз үйлердің қаңқасы темірден жасалған. Барлық керек-жарақ жабдықтарын сатып алдық, сақадай сай тұр. 8 қанатты киіз үйді біз қымызхана етіп, 7 қанаттыны дәмхана етіп жасаймыз. Қалған алты киіз үйді демалушыларға қонақ үй ретінде ұсынамыз. Бір киіз үй бес адамға арналған. Бағасын мүмкіндігінше қолжетімді етіп қоямыз. Әуелгіде киіз үйдің бірін шағын музей ретінде де жасап қою ойда бар еді. Онда әулетімізден қалған көне заттар, одан бөлек,   ауылымыздан шыққан атақты жерлестеріміз туралы ақпараттар, солар қолданған жекелей заттарын әкеліп қойсақ па дегенбіз. Бұл ойымызды болашақта әлі де іске асырамыз деп отырмыз.

Негізгі  құрылыс жұмыстары мамырда басталып, шілденің ортасына дейін созылды. Киіз үйлердің астын, яки, іргетасын құюға көп уақыт кетті. Ендігі негізгі жұмыстан қалғаны, суы мен жарығын тарту қалды.  Биылғы жаз айында ашайық па деп едік, тиісті құжаттардың дайын болмағандығынан,  ойлаған жоспарымыз аздап орындалмай қалды. Бәріне себеп, біз орналасқан жердің рұқсат қағазының мәселесі шешілмей тұрғаны. Барлық құжаттарға қол қойып, тиісті орындарға  жолдап едік, осымен екінші мәрте қағазымыз қабылданбай қалды. Аудан әкімінің қабылдауында болғанымызда, бізге этноауыл  орналасқан аумақты жекеменшік қосалқы шаруашылық ретінде рәсімдеуге кеңес берді. Біздің ісімізді тежеп тұрған жердің рұқсат қағазы ғана. Ол берілмей, нысанды ашуға рұқсат жоқ. Этноауылымыз орналасқан жер бос, ешкімнің иелігінде емес. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Жаңа Үлгі ауылының бас жоспары да жоқ дейді. Сөздің шыны керек, бұл өзіміз үшін ғана істеліп жатқан дүние емес қой, ертеңгі күні этноауыл ашылып, жұмысымыз жүріп кетсе, бұл ауданымыздың болашағы  үшін де керек-ақ. Қазір бәрі де туризмге бет бұрып жатыр. Біз де ауданымыздың туризмін дамытуға өз тарапымыздан күш саламыз деген ойдамыз, – дейді Гүлерке Рафхатқызы.

Сондай-ақ Г.Құрманғалиева этноауылда демалушыларға атпен серуендеу, қымыз бен саумал ішу сияқты қызмет көрсету түрлері ұсынылатындығын айтады.

Этноауылға кәсіпкерлер  Игілік деген әдемі атау беріпті. Оны бұлай атауды Радха Нұралина ұсыныпты.

– Біздің арғы тегіміз Игіліктен тарайды, – дейді Радха Солтанғазықызы. – Этноауылды осылай атау туралы ойымды ағайын-туысқанға айтқанымызда, олар бірден қолдап, келісімін берді. «Игілік» деп аталуының бірінші себебі осы. Екіншіден, ертеңгі күні бұл жер сәтін салып ашылып жатса, бала-шағымыздың, ел-жұртымыздың игілігіне жарасын деген ниет бар.

Ауылымызда өздеріңіз білесіздер, жергілікті халық демалатын дені дұрыс жер жоқ, онан қалса, түрлі науқандар мен той-томалақтар өтетін де орын жоқтың қасы. Сондықтан этноауылдағы киіз үйлерді той-томалақ пен науқан, ауыл адамдарының демалыстарын тиімді өткізетін жеріне айналдырғым келеді.

Алдағы уақытта кәсіпкерлер этноауыл аумағына қос қабатты қонақ үй, оның ауласына көлік тұрағы, көлік жуу орнын салуды жоспарлауда. Қос қабатты ғимараттың бірінші қабатын Радха Нұралина тойхана ретінде ашатындықтарын айтады.

 Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button